Наурыз – адамзат санасына Уақыт дейтін құдыреттің әсері мен ықпалын мойындатар, жыл санау мен жас санаудың өте ерте кезден, көне дәуірлерден келе жатқан шығыстық үлгісі.
Наурыз тойы... Наурызкөже... Наурыз мерекесі дейтін сөздерді мен алғаш есім кірер-кірмес бала кезімде естіп едім...
Қар еріп, көктем туа ауыл іргесіндегі ескі диірменнің ауласына ауылдың кәрі-құртаң, шал-кемпірлері қазан көтеріп, ет асып, әркім үйінен қыстан қалған құрты мен ірімшігін, қатқан сүрін, сары майын, айранын әкеліп, шошаланың астына дастарқан жайып, терлеп-тепшіп, сорпа суын, шайын ішіп, арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрған көңілді, шуақты сәттерін көзіммен көргенім есімде... Бала күннің тәтті түсіндей болған сол сәттер жадымнан кетпейді. Өгізі мен соқасын сайлап, көктемгі егіске жиналған жұрттың мәре-сәре болған ғажайып ынтымағы, «Шилі өзен қамыс-а-ай!» деп, үздік-создық сызылтқан әндері!!! Бәрі бір түрлі басқа бір ғаламда болған ескі ертегідей елестейді...
– Наурыз жылына бір-ақ рет келеді, шырақтарым... Наурызбен бірге жер бусап, әлемнің тынысы ашылады. Қарадалаға жыл құстары қайта оралады. Құс екеш құс та туған жерін іздейді. Әне, көрдіңдер ме?! Белағашқа жабысқан ана ұяны... Осы диірмен салынған жылғы қарлығаштың ұясы... Жарықтық! Киелі құс қой. Ұясын ұмытпайды. Оралады. Оралған құстардың қанатымен Үйсін тауына наурыз келеді. Жаңа жыл келеді... – деп, ақ шыт орамалымен бетін сүртіп, шайын сораптап отырушы еді қайран атам... Терең күрсініп, ойға бататын, әңгімесін жалғайтын:
– Күннің көзін қуалап, жылы жаққа ұшып кеткен қарлығаш ұясын қалай іздесе, жұмырбас пенде де қайда жүрмесін өзінің қанаттанған төрін, өскен жерін іздеп тұруы тиіс. Адам мен жердің арасында көзге көрінбес бір сиқырлы байланыс бар. Бұрынғылар оны «кіндігіңнің қаны тамған жер» дейді. Кіндік – жалғастықтың белгісі! Қан – тегің! Ата-бабаң!.. Қазақ үшін туған жер – жердің кіндігі, балам! – деуші еді.
Кейде сол күндерді, сол күндерде у-шусыз Наурызды қарсы алып отырып, ескі диірменнің ауласында, шошалада ішкен наурызкөженің дәмін сағынып жазған өлеңімнің:
«Ертегідей ерте көктем...
Әжем мені еркелеткен,
Атам маған аңыз айтып,
Өмірімді ертегі еткен»
(наурыз, 1969 ж.) деген жолдары есіме түседі.
Ақ кемпір, қара шалдардың бата-тілегін естіп өскен бала күнім, соғыс сансыратқан елдің жүдеу тірлігі, тау етегіндегі шағын ауыл есіме түседі. Соғыстан аман оралған, сары гимнастеркасы үстінен түспейтін ауыл мұғалімі әкем Мырқасымның семьясы... Үш бөлмелі тоқал там, қоржын үй... Бірі – келін, бірі ене болғанымен, қабақтары жарасып, қатар құрбыдай болып көзге түсер қос әже: атам Оразалының анасы – Мақтым мен Оразалының өмірлік жары – Күлжәмила, қоржын үй мен қора-қопсының иесі; үлкен-кіші тегіс қабағына қарайтын, аз үйлі Бақағаштың сыйлы ақсақалы, Оразалының әкесі – Өмір, Өмірдің кіші ұлы, Оразалының інісі – Уәлібай ата мен сол үйдегі әжеміз Ұлбай, Оразалының кіші ұлы – Әбілқасым. Оразалының үлкен ұлы, әкем – Мырқасым, осы әулеттің келіні, анам – Әсем еске түседі.
Бұлар – әлгі үш бөлмелі тоқал там, қоржын үйдің сол кездегі – елуінші жылдардағы тұрғындары!
Шүкір!
Тұтас бір әулет бүгінде аттарын құжатымызға жазып, шамамыз жеткенше аруағын арқалап келе жатқан қайсар мінезді қазақ, Қарадалада туған, қара жұрттың қамын ойлап, ғұмыр кешкен, соғыстан жеңіспен оралып, 1945 жылдың қара суығында 45 жасында өмірден озған Оразалы мен 97-ге келіп, ақылынан адаспай, сабырынан жаңылмай бақиға аттанған Оразалының әкесі Өмірдің бауырынан өрген ұрпақтың өзі бүгінде өнген-өскен үлкен әулетке айналып отыр.
Ертеректе «Таныстыру» дейтін ұлыммен сырласу рухында жазылған өлеңімдегі мына бір жолдар жадымда жаңғырады.
«Түйіп ал да, ендігәрі сұрама,
Мен туған үй,
Міне, ұлым, мына ара:
Сарыала егін қоршап жатқан
егіз там,
Түстігінде – қылдап өрген мұнара.
Сәл аялда! Сап-сап көңіл мәулеті!
Бітік егін – жаңа ауылдың дәулеті.
Құлын күнiм – егiз там,
Ал мұнара?!.
Осы ауылдың өткен-кеткен әулетi.
Ертегi емес… (Жорымағын тосынға)
Ғұмыр кешкен көне диiрмен, қосында,
Қос күмбездiң қасындағы төмпешiк – Менiң атам, сенiң бабаң осында…
...Әкем туған,
Әжем туған,
Анам да…
Атам туған, осы өлкеде – бабам да.
(Сөз арнаған ғасырларға, заманға)
Туған жерi – жер кiндiгi, жан ұлым,
болып өткен қазақ үшiн әманда.
Көргенсiздер көкейiне түйе алмас,
көрмегендер жана да алмас,
күйе алмас,
Үйiн...
Жерiн...
Сүймегендер өртенiп,
Кең даласын,
Отанын да сүйе алмас.
Тiзеңдi бүк!
Бiз туған жер,
Бiз өскен жер – осы ара,
Қазақ жері – алтын ұя…
Босаға!..
(қазан, 1980 ж.)
– деп тағзым-жырын арнаған сол Бақағашқа барған сайын толқып, тебіреніп қайтамын. Өткен өмірге қайта оралғандай боламын. Арқамнан бала күнгі тамылжыған тамыздың ыстық аптабы өткендей күй кешемін.
Иә...
Наурызды қарсы алған сайын есіме өткен ғасырдың елуінші жылдары түседі.
Иығындағы қары әлі кете қоймаған таудың тар қолтығындағы туған ауылымның аспанын ақала бұлт пен сарала қаздар кезген суреті елестейді... Түтіні түзу ұшқан керімсал күндерге жан бітіріп, туған ауылым – Бақағаштың жалғыз көшесі жүрек қақпасын қаққандай, 60 үйлі шағын ауыл қыр астынан тіл қатып жатқандай болады... Көктемде суы тасып, гүрілдеп жататын қоңыр сайдағы атамның қоңыр диірменінің үні жеткендей болады құлағыма... Бастарынан кимешектері түспейтін қос әжемнің тоғыз дәм араластырып пісіретін наурызкөжесін қиялымда құшырланып, ұрттаймын... Ұрттап жатып, өткен айлар мен көшкен жылдарды ойлаймын...
Уақыт дейтін қатал, қатыгез әлем өз құшағына алып, кімді түлетпей, нені өзгертпей жатыр?
Қара жер де өзгерді. Қара жұрт та өзгерді.
Ел де, қоғам да өзгерді. Бір кездерде әжелеріміздің көжесін ішіп, артық айқай, даңғара шусыз бейресми қарсы алатын адамзат атаулының ұлы мерекесі Наурыз да Ұлы даламызға дүркіреп қайта оралды. Наурызбен қоса Қазақтың Ұлы даласына тәуелсіздік келді!
Ұрпақ өзгерді. Ұлт өзгерді. Бәріміз де өзгердік...
Мен де өзгердім...
Менің бесігімді тербеткен туған ауылым да өзгерді.
Біздің бала кезіміздегі орны ғана жатқан ескі мешіттің сары жұртымен иықтаса қонған қою бақтың орны, бірін білсем, бірін білмейтін, ауылдастарымның берекелі қонысына айналған. Мен білетіндердің көбі ауыл іргесіндегі қорымға көшкен. Білмейтіндерім – солардың балаларының балалары. Түтін түтетіп, бала-шағалы болып, кешегі Бақағаш дейтін (менің өлеңдерімде ғана сақталғандай көрінетін) ескі ауылды жаңғыртып, құтты мекенге айналдырған жаңа буын, жас ұрпақ...
Ауыл іргесі кеңейіп, үй қарасы көбейгенін көріп, қуанасың іштей.
Бұл, сөз жоқ, өскендіктің, игіліктің нышаны.
Түнеу бір жылы сол өзгерген ауыл жайлы жазған өлеңім есіме түсіп отыр.
«Өзгерген жер... Өзгерген...
Өзгергендер...
Азайып кеткен қалай көзкөргендер?
Таныс әрі бейтаныс – туған ауыл,
көрінбейді қарттарым – сөз
бергендер...»
деген шумақтар сондай бір сәтте жазылып еді...
Сол жолы Мэлс, Елемес дейтін бала күнгі екі досымды қасыма ертіп, ауыл бөктеріндегі қорымға барып, мәңгілік ұйқыда жатқан қалың аруақтарға тәу еттік. Құран бағыштадық. Туған жерді біраз араладық... Ауыл ортасындағы ескі мектепке барғанымызда, Ботан дейтін менен үш-төрт жас үлкен ағамыз бен жиен ініміз Болат екеуінің «Балалар мектепке сыймай жатыр, Нұреке, мына екі ауылдың арасына бір еңселі жаңа ғимарат керек! Кезінде Ызғарбек бауырымыз бастаған ана орталыққа баратын тас жол да аяқсыз қалды. Әбдіхалық марқұм грейдерлеп кеткен жол тозды...», деген кейісті кескіндері көз алдымда.
Әкем, анам, атам Өмір, қос әжем есіме түсті. Мына үш кезекпен оқитын мектептің таршылығын көріп, өзімнен-өзім іштей қиналдым. Өзгерген, түлеген заманда бізді сыртымыздан сүйеу көріп, мақтан тұтып жүретін туған ауылымның «тапсырмасын» ішке тоқып, ауылдан ой құшағында аттандым.
Содан... Көп ұзартпай облыс басшысы марқұм Заманбек Нұрқаділовке жолықтым. Облыстық оқу бөлімінің басшысы Шәмшә Беркімбаеваға, облыстық қаржы бөлімінің бастығы Төлеубек Әбдіқадыровтарға кездесіп, жағдайды айттым. Мәселені күлбілтелеп, созып жатуды ұнатпайтын Зәкең бірден Шәкең мен Төкеңе тапсырма берді. «Жазушылар одағының басшысы өтініш айтып, бізге ел аманатын арқалап күнде келіп жатқан жоқ. Алдағы жылдың жоспарына кіргізейік.Тоқтасыновқа айтыңыздар, ұсыныс жасасын» деді. Араға екі жыл салып, бір кездері іргелі екі ауыл болған, бірте-бірте аралары қосылып кеткен Үлкен Дихан ауылының төрінде екі қабатты әдемі мектеп үйінің тұсауы кесілді. Осы ауылда туып-өскенімен, қала жағалап кеткен, әртүрлі жағдаймен жан-жаққа қоныс аударған ағайындардың көбі жиналды. Дүркіреп жаңа мектептің тұсаукесері өтті. Аталар мен әжелер рухы бір аунағандай болды. Кезінде Жеңіс туын желбіретіп, ауылға аман оралған майдангерлер: Заманбек Батталханов, менің әкем Мырқасым Оразалиев, Мөрдін Тайыпов, Керімақын Мұхамеджанов, Әбдуәлі Қырықбаев, Үсейн Рашидовтер таудан қарағай ағызып жүріп салған шағын мектептің орнына бой көтерген білім ордасына өткен жылы күзде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен есімі ауыл, аудан, аймаққа ғана емес, Республика жұртшылығына жақсы таныс аға буын өкілі, қоғам және мемлекет қайраткері – Заманбек Батталхановтың есімі берілді...
Ел қуанышында шек болған жоқ...
Кіндігі мен тұсауын Бақағаштың қалың жұрты кескен осы елдің бір перзенті ретінде мен де қуандым.
Өйткені...
Көне дәуірлерден халық жадында Қарадала болып жатталып, басынан онсан оқиғаларды өткізген, тағдырлы тарихы бар аймақтың – менің туған жерімнің әр бұтасы, әр тасы, әр сайы, сыңсыған қарағайы, әр бөктері маған айрықша қымбат! Қазіргі Алматы облысы Ұйғыр ауданына қарасты, біраз жері Кеген ауданында жатқан, көлемді бөлігі шекараның ар жағына жайғасқан Қарадала туралы мен аз өлең жазған жоқпын. Жаздым. Жазып та келемін. Өйткені бұл аймақ – кешегі ұлы дәуірлердің бізге аман жеткен көзі! Өзі! «Қарадалада – қалың із, Қарадалада – жанымыз. Қарадалада киелі төгілген кіндік қанымыз...» деген жыр жолдарында мен Қазақ жерінің қасиетті бір пұшпағына тағзым ете отырып, «Беткейі – өлең-өрісім, Аспантаулардың төрі – шың! Түркіден қалған өлке бұл, ту қылған Ана-Бөрісін!» деп, Ұлы далаға, Ұлы даланың өткені мен бүгініне ой жүгіртуді өзіне парыз санаған жалғастардың жалғасы болған ұрпақтың бірімін.
Батыс пен Шығыстың текетіресі жер үстін лаңдатып жатыр. Ұлы дала – сол текетірестің қақ ортасында тұр! «Сегіз өлшеп бір пішер!» кезең келді. «Жауыңды басындырма, халқыңды ашындырма!» дейтін Тоныкөк бабамыздың сонау көк түріктер дәуірінде айтқан қанатты сөзі жанға тыным берер емес. Өйткені таразы басында ұлт болашағы мен ұлт ертеңі – ел тағдыры тұр!
Біз өмір сүрген дәуірдің ащы шындығы – осы!
Биылғы наурыздың ғана емес, соңғы үш жылдағы наурыз шымылдығын сыпырған адамзат баласы қатарлы Қазақ елі де қабырғасы қайысып, ауыр жағдайды басынан өткеріп отыр. Екі жылымыз індет есеңгіреткен жыл болды. Қанша арыстұлғалы ұлдарымызды мерзімінен бұрын қара жердің қойнына тапсырдық. Үшінші жылдың қаңтарында қазақтың қанын қазақ төгіп, бауырымыз тілінді. Ел іші бүлінді. Тәуелсіз мемлекетіміздің шаңырағы шайқалып барып, орнына келді. Ұлы дүниені қайта бөліске салуды көксейтіндердің ұйқысы қашқан заман адам баласының басына әңгір таяғын ойнатып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен айтқанда, «Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет осындай аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болып», өзіміздің бағымызды өзіміз мерт ете жаздаған кешегі қаңтардағы қанды қырғын сол іштегі, сырттағы күштердің әңгір таяғының көрінісі екені күмәнсіз.
Наурыз мерекесі – адал мақсат пен таза тілектің айы. Әңгіме төркіні туған жер болғандықтан, тілектің үлкені – Ел мен Жерге кіндігі байланған Адамата – Хауана ұрпағының, сол санатта аумалы-төкпелі дәуірдің әрі қиын, әрі күрделі көшінде тағдырын тұмар қып түйіп келе жатқан Қазақ елінің, көпұлтты Қазақстанның, қазақ баласының бүтіндігі! Амандығы! Бұл, әсіресе бүгінгідей «алтын көрсе, періште жолдан таяр» кезеңде, адам боп қалу, адам боп өмір сүру сынға түскен заманда ұрпақ үшін, ұлт үшін ауадай қажет ұстаным!
Ел білмес бір аралда жатып, әлдекім түшкіріп қалса, заматында алты құрлық даусын естіп, құлақтанып үлгеретін ХХІ ғасырдан жасырып-бүгер сыр жоқ. Сырды төгіп-шашпай ұстайтын ақыл керек! Ақылды ұрпақ, ұстамды ұлт керегін жан-жүрегімізбен сезініп отырмыз.
Наурызға айтар ой-тілектің бірі де, бірегейі де – осы кезеңнен ұлтты сүріндірмей, ұрпақты жаңылдырмай аман алып өту!
Наурыз – жыл басы!
Наурыз – Табиғат-Ананың түрленіп, түлеп, адам баласына үміт пен сенім ұялатар он екі айдың ішіндегі ең сұлуы, ең көріктісі!
Наурыз – күн мен түннің ғана теңеліп қоймай, адам ойы мен санасының, адам мақсаты мен мұратының да теңелген күні!
Наурыз – қайғы мен қасіреттің қайталанбауын, әр үйдің төріне қуаныш пен шаттықтың қонуын сұрайтын сәт, сағат!
Наурыз – тілектің айы!
Сондықтан ойымды «Азаттық алаңы. Алтын адам» деген өлеңімнің:
«...Алаң тыныш...
Жағып ойдың шырағын,
Көкті кезді менің өлең-пырағым...
Үйлесімнің бұзылмауын осынау
Түннен үнсіз сұрадым,
Үннен үнсіз сұрадым...
Бабалардың
Қабірінен сұрадым,
Жаратқанның
Әмірінен сұрадым...
Өшпесін, деп шырағым,
Тәңіріден сұрадым!..».
(қыркүйек, 2001 ж.)
– деген жолдарымен түйіндегім келеді.
Иә...
Мына жырақ жалғанда Туған жерден киелі, қасиетті ұғым жоқ!
Жұмырбас пенде өмірде екі нәрсені таңдамайды екен.
Біріншісі – «шыр» етіп дүниеге келуіңе себеп болған атаң мен анаң!
Екіншісі – кіндігіңнің қаны тамған туған жерің! Тұғырлы мекенің – ұлы Отаның!
Отбасымыз, Отанымыз барда, біз бармыз!
Наурыздағы тілектің үлкені осы.
Тәңіріден соны тілейік!
Жер кіндігі – Алтын ұямыз аман болсын!
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты