• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Наурыз, 2022

Мерейлі мерекенің тағылымы

454 рет
көрсетілді

Ұлыстың ұлы күні саналған Наурыз – күллі парсы және түркі жұртының мерейлі мерекесі. Мұсылмандықты, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты бекем ұстанған қазақ халқы бұл күнді ерекше дайындықпен өткізеді. Ақсақалды қариялар, ақ самайлы әже-апалар ақ дастарқан жайып, қонақ күтіп, батасын береді.

Береке бастауы

Наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі. Бұл күні араздасқандар – адамгершілік, ренжіскендер – рақымдылық жолын ұстанады. Асылында мұсылмандар үшін біреуге ренжуге де, өзгені рен­жі­­­туге де болмайды. Алла тағала қа­­­­сиетті Құранда «Кешірім жолын ұс­­­тан» деп бұйырғандықтан, осынау ізгілік мерекесінде адамдар кеші­рімділікке, татулыққа ұйысады. Ра­сын­да да, қазіргі кезде жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік ауадай қажет. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз керек. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: «…Жақсылыққа, тақуа­лыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдем­дес­пең­дер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Ал­ланың азабы қатты» («Мәида» сү­ресі, 2-аят) деген. Бірлігінен айы­рыл­ған елден береке қашады. Жаратушы Алла Құран Кәрімде бізді бірлік пен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Аллаһтың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер» (Әл-Ғимран сүресі, 103-аят). Ал пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Алланың оған игі­лігі мен сәлемі болсын): «Мү­мін­­дер кірпіштерден қаланған бір ғи­марат іспеттес» дей отырып, біз­дер үшін бірлік пен ынтымақтың қан­шалықты маңызды екендігін біл­дір­ген. Сондай-ақ Ислам діні әрбір ұлт өкіл­деріне құрметпен қарап, ешкімді ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап ажыратып бөлмейді.

Әрқашан кешірімді болыңыз

Дініміз әрбір пендеге мейірімді және кешірімді болуды бұйырады. Бұл шын мәнінде, халықтығымызға, елдігімізге ежелден бері өте жақын мәселе десек артық айтқандық емес. Қа­сиетті Құран Кәрімде былай дейді: «Ке­шірім жолын ұста, дұрыстыққа бұ­йыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф-199).

Ислам бізден үй ішінен үй тігуді не­месе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қо­ғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұс­та­нуды бұйырады.

Пайғамбарымыздың (Алланың оған­ игілігі мен сәлемі болсын) мына бір хадисінде: «Сендерге бірге бо­лу­­ларыңды өсиет етемін. Бөлініп шы­­ғу­дан өте қатты сақ болыңдар. Себебі шайтан жеке басына өмір сүр­ген кісіге жақын болады. Бірге бол­ған екі адамнан алыс тұрады. Кім­де кім жәннаттың дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән бер­сін» (Тирмизи, Фитән 7).

Батаңыз қабыл болсын

«Батаменен ер көгереді, жаңбыр­менен жер көгереді» деп халқымыз текке айтпаған. Осы орайда мына хикаяны айтып өтуді жөн санаймыз.

Әбу Ханифаның атасы Зұта ар­дақ­ты сахаба Әлимен (р.а) кез­де­сіп, баласы Сәбитке игі тілек тілеуін өтінеді. Сонда ардақты сахаба Әли (р.а) Жаратқан Алладан оның ұлына жақ­сылық, құт-береке тілеп, дұға етеді. Сол шынайы жасалған дұға қа­был болып, Сәбиттен әлемге мәш­һүр Әбу Ханифа атымен аталатын Нұғ­ман есімді дүниеге ұл келеді. Бұл да болса «жақсыдан – шарапат» де­ген сөздің дәлелі болса керек. Сон­дықтан осындай айтулы мереке күн­дері үлкен кісілерден бата алуға ты­ры­­су керек.

Сыйлық беруді ұмытпаңыз

Екі дүние сардары – Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әрбір амал-әрекеті – адамзат үшін асыл мұра, адастырмас ақиқат жол екендігі даусыз. Ендеше, сүйікті пайғамбарымыз жа­са­ған әрбір амал-әрекетті қайталау – біз­дерді сауапқа кенелтері сөзсіз.

Сүннеттердің ішіндегі ең нәзігі – сыйлық жасау дәстүрі. Бұл адам­дар­­дың арасында достық пен сүйіс­пен­шілікті нығайтады. Әбу Һурайра (р.а.): «Бір-біріңе сыйлық жасаңдар, бір-біріңді жақсы көресіңдер», деген хадис жеткізген (Байһақи).

Сыйлық жасау үшін аса көп қара­жат жұмсаудың қажеті шамалы. Кітап­ша, орамал, тақия, шапан, гүл, қа­лам­сап сияқты қарапайым заттарды шын ықыласпен ата-анаға, әйеліне не­месе күйеуіне, аға-ініге сыйға беру олардың көңілін бір марқайтып тас­тай­тыны белгілі. Наурызда кәде-сый­лық жасауды ұмытпайық.

Сәлемге сараңдық жасамаңыз

Ата-бабаларымыздың: «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді», «Сәлем – сөздің анасы», «Сәлем – сөз басы» де­ген насихаттары сәлем берудің ма­ңызын айшықтай түседі. Сәлем – бұл араб тіліндегі «Ас-Сәләм» сөзі, ма­ғынасы «тыныштық, бейбітшілік, амандық-есендік» дегенді білдіреді

Сәлемдесу – Жаратушы Жаббар Жалғыз Иеміз Алланың үйреткен есендік сөзі. «Ас-Сәләм» – Алла таға­ланың көркем есімдерінің бірі. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адам­­дардың ең әлсізі – дұғаға әл­сіз­дік еткені (яғни қажетін Алла та­ғаладан тілеу ісіне селқос қара­ға­ны). Адамдардың ең сараңы – сәлем­ге сараңдық еткені» (имам Таба­рони және Имам Бәйһақи), – десе, Әбу Заррдан (р.а.) жеткен хадисте: «Расулулла (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)маған: «Шариғат оң көрген әрбір іске, тіпті бауырыңды жайдары жүзбен қарсы алудың өзіне немқұрайлы қарама»,  деді» (имам Мүслім).

Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Көлікте отырған адам – жаяуға, жүріп келе жатқан – отырғанға, азшылық – көп­ші­лікке сәлем береді», делінген. Мінеки, мұсылмандық сәлемдесу үлгісі – жай айтылған сөз емес, амандасып тұрған адамға тіршілігінде, әрбір ісінде Алла Тағаладан есендік, амандық, берекет тілеу болып табылады.

Кім бірінші сәлем береді:

– Кіші – үлкенге;

– Өтіп бара жатқан – тұрған адамға;

– Аттылы адам – жаяуға;

– Көліктегі кісі – жаяуға;

– Азшылық – көпшілікке;

Сәлем береді.

– Қабірстанға барғанда;

– Ешкім жоқ үйге кіргенде;

– Аурудың алдына көңіл сұрап барғанда;

– Мешітке кіргенде сәлем бері­ле­ді;

– Ұл-қызы ата-анасына бірінші болып сәлем береді.

Ағаш отырғызудың сауабы мол

Халқымыздың тарапынан Нау­рыз мерекесiнде адамдарға ғана емес, табиғатқа да ерекше қам­қор­лық жасалып отырған. Ол жө­нін­де дана халқымыз: «Бір тал кес­сең, он тал ек», деген қанатты сөз қалдырған. Мұны Ислам дiнi ерек­ше қолдайтын дәстүр деуге бола­ды. Асыл дiнiмiзде табиғатты аялау және оны қамқорлыққа алу жа­йында Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Бiр мұсылман бiр ағаш отырғызса немесе бiр нәрсе ексе және одан бiр құс, бiр адам немесе жануар­ жесе, ол адам үшiн садақа болып есеп­теледi» (Бухари риуаяты).

Наурызкөже дін жоралғысымен үндеседi

Қазiргi күндерi Наурыз мерекесiн «жақсы бидғат» деп тануға бола ма деген сыңайдағы сұрақтар жиі кез­деседі. Ханафи мазхабының шарт­тарымен Наурыз мерекесiн жақ­сы бидғат деп тануға толық негiз бар. Себебi атақты Имам Ағзам құқық­тық мектебiндегi үкiм берудiң жетi қай­наркөзiнiң бiрi – әдет-ғұрып.

Үкiм берудiң «әдет-ғұрып» қағи­да­сы бойынша, ислам жаңадан енген елдiң бұрынғы салт-дәстүрлерi ислам негiздерiне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады әрi мұсылман құқығының үкiмi ре­тiнде қарастырылады. Бүгiнгi дәс­тү­рiмiздегi Наурыз мерекесiнiң ис­лам­ға ешқандай ала-бөтендiгi жоқ. Мәселен, Наурыз мерекесiнде да­йын­­далатын наурызкөженiң ислам мәдениетiндегi «ашура тәттiсiмен» мазмұны бiр.

Нұх (ғ.с.) кемеден қауымымен жерге түскенде дорбаның түбiнде там-тұмдап қалған түрлi дақылдарды қа­занға салып пiсiрiп, содан «ашура тәттiсiн» жасаған. Әрбiр жылы мұ­сыл­мандар Ашура мерекесi күн­де­рi «ашура тәттiсiн» жасап, бiр-бiрiн қонақ етедi. Қазақтар да Наурыз мерекесiнде қыстан қалған дорбаның түбiндегi дән-дақылдан наурызкөже дайындап, бiр-бiрiне дәм таттыра­ды. Яғни қазақтың наурызкөже дайын­дау дәстүрi Ислам дiнiнiң жорал­ғы­ла­рына негiзделген.

Наурыз амалдары

 Мерекелердің ішіндегі ең ме­рей­лі­сі – әз Наурыз мерекесі. Осы күн­дері мына амалдарға назар аудар­ған артық болмайды. Мереке күндері:

– ғұсыл құйыну, яғни көшеге тазаланып, дәретпен шығу;

– жақсы және таза киім кию (мүм­кін­дігі болып жатса жаңа киім­дер кию);

– жағымды иіс майлар себу;

– мереке күндері Алла Тағаланы ес­ке алып, дұға-тілек жасау;

– ең бірінші, кішкентай балдыр­ған­дарға, балаларға сыйлықтар мен ойыншықтар алып беру;

– ата-анамызды, достарымызды мере­кемен құттықтап, сый-сияпат жасау;

– мереке күндері араздасушыларды тату­ластыру;

– айтулы күндері әуелі көрші­ле­рі­міздің дініне, ұлтына қарамастан ме­ре­кемен құттықтау;

– өмірден озған адамдардың үй­ле­рі­не барып Құран бағыштау;

– науқастанған бауырымыздың көңілін сұрау;

– тұрып жатқан жерімізге ағаш отырғызып, арық-атыздарды тазалау;

– жағдайы төмен отбасылар мен мен жетім-жесірлерге қол ұшын созу, көмек беру;

– көпшілікке қайырымдылық не­гі­зінде ас беріп, дастарқан жаю;

– жасы кіші үлкендерге барып сәлем бергені абзал;

– сауапты істермен айналысу, т.б.

Жалпы, бұл күндері ұдайы қуа­ныш­та болып, барша жақсылық атау­лы­ның басы-қасында жүріп, қолдан келген ізгі амалдар жасау – сіз бен бізді Алла тағаланың рақымына бө­лей­­тін амалдар, иншааллаһ.

 

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласы бас имамының орынбасары