Тәуелсіз ел басшысының әр Жолдауын асыға күтетініміз, ел өміріне қатысты жаңалықтарды тосатынымыз да рас. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осынау Жолдауын асыға күткеніміз рас және көк жәшікке үңілген әр көрерменнің жан дүниесін қуанышқа бөлеген жаңалықтардың да, жақсылықтардың да көп болғаны шындық. Себебі тарихтың небір толқынын бастан кешіп үлгерген, еліміздің ертеңіне елеңдеген жұртшылық алдағы күндерден күтер үмітін осы Жолдаудан күтіп отырған.
Президенттің қаңтар қасіретінен кейін: «Мен сол күндері қолымнан келгеннің бәрін істедім. Бұл менің перзенттік әрі Президенттік парызым еді» және «Реформа жасап жатырмыз деген атақ үшін реформа жасаудың қажеті жоқ» деген екі сөзінен-ақ оның қазақ жұрты үшін оттан да, судан да тайынбайтын патриот әрі іскер реформатор екенін дәлелдеп бергендей.
Мен де теледидарға үңіліп отырып, Жолдаудан кейін Семей мен Жезқазғанның кейбір жұртшылығының жылағанын көрдім. Кезінде облыс орталығы мәртебесінен айырылған Семейдің біраз кісінің Өскеменге көшіп келуі арқылы бұл қаланы да біршама қазақыландырғанына қуанғанбыз. Алайда туған жерге ғана туын тіккісі келетін және ата-бабаларының отау көтеріп, от жаққан жеріне, оның үстіне қазақтың әдебиеті ғана емес, рухани болмысымыздың алыптарын берген Семей өлкесінің қайта жаңарып, жаңғыру дәуірін бастауы айтарлықтай қуаныш еді. Сол сияқты киелі мекен Ұлытаудың атауы облысқа беріліп, Жезқазған қаласының да екінші өмірін бастауы жұртшылықтың көптен күткен хабары болатын. Ал Алматы облысының болашақ орталығы Қапшағай қаласына халқымыздың аяулы перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру жөніндегі ұсынысын бүкіл елдің қолдайтынына сенімдімін. Өз отауларының шаңырағын қайта көтеріп жатқан үш өлке халқының қуаныштарына ортақпын. Торғай өлкесінің де қайта түлеу мәселесіне және кезінде шекаралық біраз аудандарды екі-екіден қосып тастағандықтан, олар да жақсы күндерге болашақта жетер деген ой келеді.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халқына жасаған Жолдауының әр тармағы шынында да үлкен үмітке жетелер жаңалыққа, жақсылыққа толы болды. Көкейде жүрген көп мәселенің түйінін шешудің төте жолын көрсетті десе болар.
Бар міндетті тек Президентке жүктей бермей, Парламент пен Үкіметтің жүгін де ауырлатып, олардың іскерліктерін арттыру мәселесі, бүгінге дейін беделін жоғалта бастаған сайлау процесін жаңаша өткізу, депутаттар мен билік өкілдерінің халық алдындағы жауапкершіліктерін арттыру, Конституциялық сот, ұлттық құрылтай, жаңа партияларды тіркеудегі жеңілдіктер, ең бір жұртты риза қылған Президенттен бастап, әкім-қаралардың туыс-туғандарын басшылық жұмыстарға жолатпау жөніндегі шешімдері еді. Жасырары жоқ, мұның бәрі де өз уақытын күтіп тұрған аяққа түскен тұсаудай түйткілдер болатын.
Ендігі әңгіме жарқын болашақ үшін бұл міндеттерді жүзеге асыруға бір кісідей жұмылу қажет. Мен ертеңіме кәміл сенемін.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері