Халықаралық Түркі академиясы Нұр-Сұлтан қаласында Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шара өткізді.
Түркі академиясының жаңа ғимаратында өткен тағылымды басқосуға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дастан Дюшекеев, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Түрікменстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Батыр Реджепов, Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Рона, Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Доржийн Баярхүү, Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хайрулло Ибодзода, Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи, Әзербайжанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ағалар Атамоғланов, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары, бірқатар БАҚ басшылары, ұлттық мәдени орталық жетекшілері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты басқосуға жиналғандар Түркі музейімен танысып, Тәжікстанның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған көрмені тамашалады. Көрмеге тәжік халқының ұлттық қолөнер бұйымдары мен Наурыз мейрамында ұсынылатын ас мәзірлері қойылған.
Басқосуды жүргізіп отырған Академия басшысы Дархан Қыдырәлі жаңару мен жаңғыру мейрамында Барыс жылына Жаңа Қазақстан ретінде нық қадам басқанымызды атап өтіп, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы тарихи өзгерістерге жол ашатын маңызды жаңалық болғанын айтты.
Құттықтау сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов жиналғандарды жыл басы – әз Наурыз мейрамымен құттықтады.
Осыдан кейін мәртебелі меймандар ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай Түркі академиясы әзірлеп шығарған «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабының қазақ-орыс және ағылшын тіліндегі нұсқаларының тұсаукесер рәсіміне куә болды. Айта кету керек, аталған жинаққа Ахаңның 50 жасқа толған мерейтойында жасалған тарихи баяндамалар мен замандастарының, ізбасарлары мен бүгінгі буын зерттеушілерінің мазмұнды мақалалары топтастырылған. Кітаптың ағылшын тіліндегі басылымы Қазақстанның Чехиядағы елшілігімен бірлесіп дайындалған.
Жаңа басылымдарды таныстырған Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі биылғы жыл түркі әлемі үшін ресми түрде «Ахмет Байтұрсынұлы жылы» деп жарияланатынын атап өтті.
Өз кезегінде құттықтау сөз сөйлеген Төтенше және өкілетті елшілер салтанатты басқосуды ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, Наурыз мейрамына орай ізгі тілектерін жеткізді.
Бұдан әрі қатысушылар түркі әлемінде ежелден Наурыз мейрамын атап өту салтына сай төске балға соғып, Жыл басын қарсы алу рәсімін жасады. Түркі академиясы бұл ырымды жыл сайын орындап, игі дәстүрге айналдырып келеді.
Мерекелік іс-шара меймандары Түркі академиясы арнайы жасақтаған киіз үйге кіріп, Ұлыстың Ұлы күніне орай дайындалған дастарқаннан дәм татты. Атап өту керек, тағылымды іс-шараға қатысып жатқан әрбір елшілік дастарқанға өздерінің ұлттық тағамдарын әкелген. Академия басшысы мәртебелі меймандарды киіз үйдің құрамымен және әшекейлерімен таныстырды.
Қатысушыларға Түркі академиясының арнайы сыйлықтары тарту етілді.