Электрондық үкіметтің смартфонға арналған қосымшасының жаңа нұсқасы жарық көрді. Мұнда eGov.kz порталының халық арасында жоғары сұранысқа ие болған 20 мемлекеттік қызметі топтастырылды.
Электрондық үкіметтің инфокоммуникациялық инфрақұрылымына жауапты «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ екені белгілі. Осы ұлттық оператордың қоғаммен байланыс басқармасы таратқан мәліметке сүйенсек, eGov mobile қосымшасында қазірдің өзінде 400-ге жуық мемлекеттік онлайн қызмет пен сервис бар. Енді 2022 жылдың соңына дейін онлайн алуға болатын мемлекеттік қызмет көлемін 80%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Ал дизайны өзгерген мобильді қосымшаның жаңартылған нұсқасы интернетсіз-ақ жұмыс істей береді. Ол үшін алдымен «Цифрлық құжаттар» сервисіне ЭЦҚ кілті арқылы тіркелуден өту керек.
«Бүгінде eGov mobile мобильдік қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» сервисі 18 құжаттан тұрады. Атап айтқанда, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, вакциналау паспорты, ПТР тест және туу туралы куәлік және т.б. Іске қосылған сәттен бастап тек «Цифрлық құжаттар» сервисі 47 млн-нан астам рет пайдаланылды. Қазіргі интерфейс бұрынғыдан да ыңғайлы. Азаматтар қажетті мемлекеттік қызметті интернет ұстамайтын жерде де қолдана алады», дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.
Қосымшаның жаңа нұсқасына eGov.kz порталының 20-дан астам мемлекеттік қызметі енгізілді. Соның ішінде Қазақстан аумағындағы жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжайын айқындау бойынша анықтама беру, қорғаншылық және қамқоршылық жөнінде анықтамалар, ҰОС қатысушысы куәлігі, тағы басқа да құжаттарды цифрлық нұсқада алуға болады.
Жаңартылған нұсқаға «Өмірлік жағдайлар» атты жаңа бөлімі қосылды. Онда белгілі бір тақырып бойынша пайдалы ақпараттар жинақталған. Бұл сервис мемлекеттік қызметтерді алуға өтінім беру және ақпаратты іздеу үшін уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жұртшылық тапсырыс берген цифрлық құжатта қандай да бір қате мәліметтер анықталса, ол туралы тиісті мекемені хабардар ете алады. Осыған арналған «қате туралы хабарлау» батырмасы іске қосылды. Өтініш беру тетігі e-Otinish арқылы мемлекеттік органға жолданады.
«Биыл «ҰАТ» АҚ Мемлекет басшысының құжаттар айналымындағы қағазбастылықты азайту тапсырмасы шеңберінде «Цифрлық мәліметтер» сервисін іске қосуды жоспарлап отыр. Онда азаматтар анықтамаларды неғұрлым ыңғайлы әрі жылдам тәсілмен ала алады. Құжаттарды тиісті жерге электрондық пошта, мессенджер немесе QR код арқылы жібере алады. Бір сөзбен айтқанда, анықтамаларды қағаз түрінде басып шығарудың қажеттілігі болмайды», деді Р.Коняшкин.
Egov mobile мобильдік қосымшасының жаңа нұсқасын App Store платформасында және Play Market пен App Gallery арқылы жүктеп алуға болатынын естеріңізге саламыз.