Соңғы жылдары балалар денсаулығына алаңдаушылық басым. Күрделі патологиялардың салдарынан балалар мүгедектікке ұшырауда. Оларды емдеудің өзі бір машақат болса, білім алумен толыққанды қамтамасыз ету әлеуметтенудің ең күрделі сатысына айналып отыр. Осындай қиындықтарға қарамастан, білім саласының мамандары тығырықтан шығудың заманауи мүмкіндіктерін игеруге күш салуда. Бұл бағытта инклюзивті білім берудің нәтижелілігін атап өтуге болады.
Жуырда Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов «Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығы» қоғамдық қорының өкілдерімен кездесіп, инклюзивті білім беру кадрларын, педагог-ассистент ретінде тьюторларды даярлаудағы ынтымақтастық мәселелерін талқылаған болатын. Елімізде тьюторлардың көмегіне мұқтаж балалар санының көбейіп бара жатқанына алаңдаушылығын білдірген Д.Біләлов белгілі бір білім беру бағдарламалары бойынша мамандануға мүмкіндік беретін қосымша курстар өткізу, тьюторларды кәсіби қайта даярлау бағдарламасын іске асыру және олардың жұмысын әдістемелік сүйемелдеудің маңыздылығына тоқталды.
«Әрбір бала физикалық, интеллектуалдық, әлеуметтік, эмоционалдық, тілдік және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, білім алып, біздің қамқорлығымызды алуы керек», деді Д.Біләлов.
«Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығы» қоғамдық қорының президенті Салтанат Мурзалинова-Яковлева осы орталықтың қызметі мен педагог-тьюторларды қайта даярлау қажеттілігіне тоқталып, білікті кадрлар тапшылығын атап өтті. Оның айтуынша, өкінішке қарай, елімізде тьюторлардың көмегіне мұқтаж балалар саны артып келеді.
Алматы қаласы мен еліміздің білім саласының нақты мәселелерін шешуге бағытталған университет бағдарламалары мектептермен тығыз жұмыс істеу, қазіргі таңда сұранысқа ие кадрларды қайта даярлау, сондай-ақ жұмыс берушілермен және «Өрлеу» орталығымен өзара байланыс орнату, студенттердің практикасын өткізу мәселелеріне бағытталып отыр. Сонымен бірге білім алуға тең құқықты қамтамасыз ету, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін білімнің қолжетімділігін, оқытудың қолайлы бағытын таңдауды қамтамасыз ететін инклюзивті білім беруді дамыту мен психологиялық тестілеу құралдарын қолдану бағытындағы іс-шараларды жетілдіру уақыт күттірмейді.
Кездесуге қатысушылар осы маңызды саладағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде пікір алмасты.
АЛМАТЫ