• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Наурыз, 2022

Мұз жару жұмыстары басталды

282 рет
көрсетілді

Төтенше жағдай қызметінің мамандары өңірде қыс бойы түскен қардың орташа қалыңдығы – 28 см, ал қар құрамындағы ылғал мөлшері 87 мм екенін айтып отыр. Бұған дейінгі жылдардағы қардың қалыңдығы әрі кетсе 21 сантиметрге баратын. Сондықтан күн жылынған сайын, әсіресе Арқалық қаласының маңайындағы ауылдар мен Амангелді, Жангелдин, Науырзым, Қарасу және Сарыкөл аудандарында жағдай қиындап кетуі мүмкін.

Бүгінге дейін су тасқыны кезеңіне дайындық барысында облыстағы 6 ірі және 50 шағын елді мекеннің айналасына бөгеттер орнатылып, су арналарын аршу жұмыстары жүргізілді. Алайда Төтенше жағдай қызметкерлері 34 ауылға әлі де қы­зыл судан қауіп төніп тұрғанын айтты. Қазір бұл елді мекендер құтқару­шылардың жіті бақылауына алынып, қауіп деңгейін анықтайтын күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде қалалық және аудандық әкім­діктер 9 мың тоннадан астам инертті материалдар мен 46 мыңның үстінде құм қаптарын дайындап қой­ған. Оған қоса 135 мың тоннадан ас­там жанармай қоры сақтаулы тұр. Су басып қалуы ықтимал елді мекендерге азық-түлік жеткізу мәсе­лесі де алдын ала пысықталып, шешіліп қойған.

Су тасқынынан келетін қауіптің беті қайтқанша облыста төтенше жағ­дай қызметі мен барлық азаматтық қор­ғаныс қызметтердің апатқа қарсы бірлес­кен штабы жұмыс істейтін болады.

– Бүгінге дейін су басып қа­луы мүмкін елді мекендердің тұрғын­дарын уақытша орналастыратын 195 пункт анықталды. Бұл орындарға ша­ма­мен 11 мыңнан астам адамды орналастыруға болады. Облыс ау­мағын әуеден, ғарыштан барлау жұмыстарын жүргізу үшін арнайы келісімшарттар жасалды. Сонымен қатар 20 бөгетке, 3 қорғаныс валына инженерлік жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы 8 шақырым болатын арықтардың ернеуі кеңей­тіліп, түбі тереңдетілді. Мұның сыртында, ұзындығы 10 шақырымнан асатын су өткізгіш құрылғылар мен қалалық кәріз желілері қоқыстан тазартылды, – деді облыстық ТЖД бастығы, азаматтық қорғаныс полков­нигі Б.Кәрімов.

ТЖД бастығының айтуынша, қызыл судың астында қалу қаупі бар елді мекендердің аумағынан 630 мың текше метр қар шығарылған. Бұл жұмыстар әлі де қызып жатыр. Ал жергілікті әкімдіктер мен ТЖ қызметі көктемгі су тасқыны кезеңіндегі көлденең шығындарға 629 млн теңге қаржы қарастырып қойған.

Облыста көктемгі су тасқыны бола қалған жағдайда қауіптің алдын тосу жұмыстарына 1 070 техника, 272 мото­сорғыш құрылғы, 114 қайық және 2,5 мыңнан астам адам жұмылдырылмақ.

Қазірдің өзінде су арнасын ашу үшін 7 ауданның аумағындағы өзен­дерде мұз жару жұмыстары жү­ріп жатыр. Сең қозғалғанша жүре­тін мұндай шаралар тасқыннан төне­тін қауіпті азайтады. Мысалы, мұз жарумен айналысатын NIKSIT серіктестігінің мамандары мереке күндері Науырзым ауданындағы Дәмді өзені мен Шолақсай ауылының маңындағы бөгетте жарылыс жүргізді. Сондай-ақ жарушылар жасағы Қарасу ауданы Қарамырза ауылының маңындағы Тінтуір өзені мен Қарасу өзеніндегі мұз кептелісін жойды.

Мұз жару жұмыстары Қарасу ауданына қарасты Новоселов ауылынан 3 шақырым жердегі Құндызды өзенінде, Қарасу ауылының маңында, Науырзым ауданындағы Буревестник ауылына жақын жатқан бөгеттерде, Әулиекөл ауданы Көктал ауылының маңындағы Теректі өзенінің сағасында жүріп жатыр.

– Мұздың орташа қалыңдығы 1 метр­ден асады. Мұз жару жұмыстарымен төтенше жағдай қызметкерлері, полицейлер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және NIKSIT серіктестігінің мамандары айналысып жатыр. Жарылыс кезінде барлық қауіпсіздік шаралары ескеріледі, – деп мәлімдеді облыстық ТЖД-ның қоғаммен байланыс тобы.

 

Қостанай облысы