Бұрнағы күні Францияның Монепелье қаласында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты басталды. Аталған жарыста әдеттегідей төрт жүлде жиынтығы сарапқа салынуда. Жер- жаһанның әр қиырынан келген 200-ге тарта үміткер бір апта бойы өз өнерлерін ортаға салып, жеңіс тұғырына көтерілуге кімдер лайық екенін анықтауда. Бұл дода 27 наурызда өз мәресіне жетеді.
Қазіргі кезде осы спорт түрінен қай мемлекеттің қарқыны күшті екенін анықтау үшін тарихты қопармай-ақ, соңғы 10-12 жыл шеңберінде өткен әлем чемпионаттарының нәтижелеріне зер салсақ та жеткілікті. Сол аралықта төрткүл дүниенің әр қиырынан жиналған мәнерлеп сырғанаушылардың қатысуымен өткен дүбірлі доданың шымылдығы 11 мәрте түрілді. Ерлер жайында айтар болсақ, алғашында 2010 жылы Туринде жапониялық Дайсукэ Тахакаси топ жарды. 2014 және 2017 жылдары Жапонияның тағы бір жұлдызы Юдзуру Ханюға тең келер ешкім табылмады. Сол аралықта испаниялық Хавьер Эрнандестің де жұлдызы жарқырай жанды. Пиреней түбегінің тарланы 2015 жылы Шанхай мен 2016 жылы Бостонда бас жүлдені қанжығасына байлады. АҚШ-та дүниеге келіп, сол елдің туы астында өнер көрсеткен қытайлық Нейтан Ченнің соңғы үш жарыста шоқтығы биік болды. Ол Милан, Сайтама және Стокгольмде алтын тұғырдан қол бұлғады. Былтыр Скандинавия түбегінде өткен бәсекеде Чен теңдессіз деп танылса, екінші және үшінші орындарды Күн шығыс елінің қос қыраны – Юма Кагяма мен Юдзуру Ханю өзара бөлісті.
Әйелдер арасында соңғы 11 әлем чемпионатының бесеуінде Ресей спортшылары қарсылас шақ келтірмеді. Атап айтсақ, 2015 жылы Елизавета Тоқтамышева, 2016 және 2017 жылдары Евгения Медведева, 2019 жылы Алина Загитова және 2021 жылы Анна Щербакова сынды арулар алтыннан алқа тақты. Үш рет жапон қыздары жеңімпаз атанды. Олар – Мао Асада (2010, 2011 жылдары) мен Мики Андо (2014). Сондай-ақ италиялық Каролина Костнер (2012), кореялық Ким Ен А (2013) және канадалық Кэтлин Осмонд (2018) бір-бір реттен сондай құрметке бөленді. Былтыр Стокгольмде ұйымдастырылған бәсекеде жүлделі орындардың барлығын ресейліктер иеленді: Анна Щербакова – алтын, Елизавета Тоқтамышева – күміс және Александра Трусова – қола.
2010 жылдан бергі уақытта жұптық сайыста мына спортшылардың мерейі үстем болды: Пан Цин/Тун Цзян (Қытай. 2010), Алена Савченко/Робин Шолковы (Германия. 2011, 2012, 2014), Татьяна Волосожар/Максим Тараньков (Ресей. 2013), Мэган Дюамель/Эрик Рэдфорд (Канада, 2015, 2016), Суй Веньцзин/Хань Цун (Қытай. 2017, 2019), Алена Савченко/Бруно Массо (Германия. 2018) және Анастасия Мишина/Александр Галлямов (2021. Ресей). Ал спорттық биден өткен сайыстарда бас жүлде мына саңлақтарға бұйырды: Тесса Вертью/Скот Моир (Канада. 2010, 2012, 2017), Мэрил Дэвис/ Чарльз Уайт (АҚШ. 2011, 2013), Анна Каппеллини/Лука Ланотте (Италия. 2014), Габриэла Пападакис/Гийом Сизерон (Франция. 2015, 2016, 2018, 2099) және Виктория Синицина/Никита Кацалапов (Ресей, 2021).
Қазақстанның мәнерлеп сырғанаушылары әлем чемпионаттарында үш рет жеңіс тұғырына көтерілді. 2013 жылы Лондон қаласында атағы алысқа жайылған Патрик Чаннан ғана қалып қойған Денис Тен күміс медальды мойнына ілді. Дәл сол Денис 2015 жылы Қытайдың Шанхай шаһарында жалауы желбіреген жарыста Хавьер Эрнандес пен Юдзуру Ханюды алға жіберіп, қола жүлдені иеленді. Осыдан үш жыл бұрын Жапонияның Сайтамасында Элизабет Тұрсынбаева күміс медальды олжалап, күллі Алаш жұртын қуантты. Қазақ қызы тек Олимпиада чемпионы Алина Загитоваға ғана есе жіберді.
Бұл жолғы жарысқа басты фавориттердің бірі – Ресей құрамасы қатыспайды. Себебі Украинадағы жағдайға байланысты аталған мемлекеттің өкілдері көптеген спорт түрлері бойынша өтетін халықаралық жарыстардан шеттетілді. Ресейліктермен қатар Беларусь спортшыларына да дәл сондай қатаң шара қолданылды.
Жалпы, Монпельедегі бәсекеде Ресейдің – 12, АҚШ-тың – 11, Жапонияның – 8, Канаданың – 7, Италияның – 5, Оңтүстік Кореяның – 4, Қытайдың – 3, Бельгия, Аустрия, Ұлыбритания және Францияның 2 спортшысы бақ сынау құрметіне бөленді. Сондай-ақ тағы бірнеше мемлекетте бір-бір жолдамадан бар. Алайда жоғарыда айтылған шектеуге байланысты Ресей мен Беларусь құрамаларының орнын басқа елдің өрендері басты. Десек те, одан жарыстың қызығы еш кеміп қалмайды деген ойдамыз. Өйткені әдемілік пен әсемдікке негізделген спорттың бұл түрінде жасындай жарқылдап жүрген жұлдыздар жетіп артылады.