Футболдан былтырғы Еуропа чемпионы Италия мен 2021 жылғы Оңтүстік Америка кубогының иегері Аргентина құрамалары өзара матч өткізіп, ескі турнирді қайта жаңғыртпақ.
Футбол тарихына көз жүгіртсек, 1985 және 1993 жылдары Еуропа мен Оңтүстік Америка чемпиондары арасында УЕФА-ның бұрынғы президенті Артемио Франкидің есімімен аталған турнир өткізілген еді. 1985 жылғы бәсекеде Франция Парижде Уругвайды (2:0) жеңсе, 1993 жылы Аргентина мен Дания құрамалары кездесіп, негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталды. Пенальти сериясында аргентиналық футболшылардың бағы жанды – 5:4.
Міне, араға 29 жыл салып екі құрлықтың футбол саласындағы басшылары аталған бәсекені қайта жаңғырту жөнінде келісімге келді. Нәтижесінде, Финалиссима (италянша – «гранд-финал») деп аталатын ойын 2022 жылдың 1 маусымында Англия астанасы – Лондондағы «Уэмбли» стадионында өтетін болып бекітілді.