Жуырда Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы «Астана Суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп «Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті» атты көрме өткізді.
Мазмұнды іс-шараның мақсаты − мәдениетаралық және дінаралық диалогты нығайту, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің идеяларын, толеранттылық қағидаттарын, сондай-ақ қоғамдағы рухани және моральдық-адамгершілік құндылықтарды ілгерілету.
Көрмеге У.Исмаилов, Г.Жұрқабаева, Е.Айтуаров, М.Байтенов, Т.Батанов, Б.Арипов, И.Ачилов, Д.Нөгер, С.Ермеков, Ж.Қайрат, А.Сырғабаев, Ә.Байдина, С.Ысқақбек, Н.Қабен, Ж.Сүлейменова, Н.Кикимова, А.Қадырбаева, М.Байшуақова, В.Ли, М.Бақытжан, А.Алпысбаева, Л.Айтуарова секілді жалпақ елге танымал қылқалам шеберлерінің жұмыстары қойылды.
Суретшілер туындыларында әртүрлі халықтардың өмірін, тұрмысын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, табиғаттың әсемдігі мен ұлылығын, жаңаруды, бірлік пен берекені бейнелейтін көктем мерекесі − Наурыздың басталуын бояу сырымен көркем жеткізген.
Іс-шараға Орталықтың басқарма төрағасы Б.Сәрсенбаев, ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Е.Оңғаров, Успен кафедралды соборының, Қазақстан Православие шіркеуінің Астана шіркеу округінің протоиерейі Д.Байдек, Нұр-Сұлтандағы әулие Марияның Рим-Католик Архиепархиясының архиепископы Т.Пэта, сондай-ақ Өзбекстанның, Тәжікстанның, Түркияның, Әзербайжанның, Қырғызстанның және Грузияның Қазақстандағы шетел дипломатиялық өкілдіктерінің қызметкерлері қатысты.
Басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, бір алаңда түрлі конфессиялар мен этнос өкілдерін біріктіре отырып, біз ортақ күш-жігерімізбен қазақстандық қоғамдастықта бейбітшілік, келісім және ынтымақтастық идеяларын нығайтуға үлес қоса алатынымызды атап өтті. Сонымен қатар Б. Сәрсенбаев елордалық Суретшілер одағымен бірлесіп, таяуда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне балалар арасында толеранттылыққа, бейбітшілік пен келісімге деген олардың көзқарасы тақырыбында байқау жарияланатынын айтты.