Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған маңызды бөлімдерге тоқтала өтсем, біріншіден, Президенттің Ұлттық құрылтай құруды, оған барлық өңірден өкілдер қатысатындығы туралы ұсынысын дұрыс деп санаймын.
Ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі мәселелер үнемі күн тәртібінде тұруы қажет. Жергілікті жердегі қордаланған мәселелер төменнен жоғары қарай жетіп, шешімін табатынына сенемін.
Екіншіден, Президенттің өкілеттілігін қысқартып, Парламент рөлін айтарлықтай арттыруды айтты. Бұл өзгеріс – заман талабы. Рет-ретімен іске асып, демократиялық жүйенің пісіп-жетіле беретіндігінің айқын көрінісі.
Үшіншіден, Президент Конституциялық сот құруды ұсынды. «Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады», деді Президент.
Төртіншіден, халықтың көңілінен шыққан үш облыс құру мәселесі де өте орынды. Талай дана, саясаткер тәрбиеленіп шыққан Семей өңірінде Абай облысын құру және байтақ жеріміздің дәл ортасында Ұлытау облысын құру, сонымен қатар Алматы облысын екіге бөліп, Жетісу облысын құру маңызды шешім деп есептеймін. Және Қапшағай қаласын Қонаев атына өзгерту идеясы өте орынды.
Жалпы, Жаңа Қазақстанды құруда әрқайсысымыз еңбектенуіміз қажет. Әр адам өзінен бастап дамып, жетіліп, елдің дамуына қызмет етуіміз керек.
Уәлихан БОЛАТБЕК,
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты