• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Наурыз, 2022

Бөлшек саудада өсім бар

486 рет
көрсетілді

Еліміздің көтерме және бөлшек сауда саласында тұрақты өсім байқалады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша көтерме-бөлшек сауданың жалпы көлемі 42,2 трлн теңгені, яғни 100 млрд долларды құраған.

Бұл туралы QazTrade АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы Ташкентте өткен ха­лықаралық инвестициялық форум аясында айтты, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігінің ресми сайты.

Азамат Асқарұлының айтуына қара­ған­да, көтерме-бөлшек сауда көлемі пан­де­­мияға дейінгі кезеңде жылына 7,6%-ға өскен. 2020 жылы қатаң карантин аясында салада 7,2%-ға құлдырау байқалған. Бірақ былтыр өсім қайтадан 9,2%-ды құрап­ты. «Биыл да өсім жалғасып келе­ді. 2022 жыл­дың алғашқы екі айында оның кө­лемі 6,1%-ға жетті, бірақ бөлшек сег­мент­те 7,5%-ға төмендеу байқалды», деді ол.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, пандемия электронды коммерцияны дамытудың драйверіне айналған. Өткен жылы Қазақстанда төлем карточкаларын пайдалану арқылы жасалатын транзакциялар көлемі 220 млрд доллардан асқан. Осылайша, 2014 жылдан бері Қазақстанда электронды сауда көлемі 10 есеге артыпты. Енді мамандар 2025 жылға қарай ел ритейлінің жалпы көлеміндегі е-коммерция үлесін 15%-ға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Өткен жылдың 9 айында оның үлесі шамамен 11%-ды құраған.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 100-ден астам интернет-дүкен мен 20 жергілікті және халықаралық маркетплейстер жұ­мыс істейді. Ең ірі қазақстандық онлайн-алаңы – Kaspi.kz. Оның айналымы орта есеппен 1 млрд долларды құрайды. Енді Arbuz.kz онлайн-супермаркеті де халықаралық деңгейге шығуды жоспар­лап отыр. Бұдан бөлек, еліміздегі ірі мар­кет­плейстерінің бірі Flip.kz және Satu.kz алаңдарын ай сайын 5 миллионнан астам адам пайдаланады екен.