«Қыздың қырық жаны бар» деген қазақтың ғибратты сөзінің кенептегі көрінісі осы болар. «Қыз – қонақ» деп қадірлеген бабамыз, оны алдағы ғұмырында сан тараулы жолдар күтіп тұрғанын алдын ала аңдаған-ау! Қыздарына мейірімін аямаған дана халқымыз барынша ертеңгі өмірінің баянды болуын тілеген. Біз ұсынған картинадағы шұбатылып жатқан жолдар әрбір сұлудың аттап өтер белесіндей иір де иір.
Философиялық мәнге ие «Қыз жолы» картинасы жас суретші Әсемқұл Бейбіттің шығармасы. Ол әдеттегідей өмірдің шынайы бейнесін, постмодернистік кезең мен қоғамдағы түрлі проблемаларды ой-елегінен өткізіп, өз туындысына арқау еткен. Идея, мазмұн, форма және түс өзара жұптасып, туындының тарихи келбетін көркемдей түседі.
Графикамен әуестенген жас өнерпаз өзін жаңа қырынан ашып, ғажайып кескіндемелерді өмірге әкелді. Шешесінің өмірімен байланысты көріністер арқау болған жұмыстарында, автор жанына жақын ана және отбасы тақырыбын қамтиды. Олар ақ қағаз бетінде көмір мен соусты қолдану арқылы жазылған. Осы қарапайым тәсілмен орындалғанына қарамастан, бұл графикалық парақтарда суретшінің эмоционалдық күйзелістері мен ішкі жан-тебіренісінің сезімдері айқындалған. Сол туындыларының бірі осы – «Қыз жолы» шығармасы. Автордың 2016 жылы жазылған картинасы өнертанушылардың ыстық ықыласына ие болды.
Шынында, бұл жұмыстың мағынасы терең, мазмұны ауқымды, халықтық рухқа толы. Төрт бұрышты парақта түрлі тармақтарға таралған, алуан асулардан тұратын шексіз жол. Композицияның астыңғы, нақ ортаңғы бөлігінде осы өмірде өз жолын, дұрыс жол таңдау үстіндегі қыз бейнесі. Екінші жағынан «өмір дарағы» бейнесін еске түсіріп, ағаш бұтақтары өмірдің соқпақтары сынды айқындала түседі. Автор кеңістікті текемет секілді шешеді, қазақтың текеметтеріндегі ірі модулді ақ және қара формалары өзара байланысады. Бұл бізді еркімізден тыс ұлттық өнерімізге жетелейді.
Әсемқұл Бейбіттің графикалық парақтарынан автордың жан-толғаныс сезімдері мен эмоциялық күйзелістерін көруге болады. Сондай-ақ ол өзінің жеке әлемін жасау арқылы, жалпы өмірдің философиясын ұғынуға тырысады.