Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізде жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар туралы ашық айтты.
Тарата айтар болсақ, енді басқарудың суперпрезиденттік жүйесінен президенттік-парламенттік жүйеге көшу қолға алынады. Президент, Конституциялық сот, Есеп комитеті, Орталық сайлау комиссиясы партиядан тыс болады, облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары партия филиалдарын басқармайды. Президент тумаластары мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторларда басшылық лауазымға тағайындалуға заңмен тыйым салынады.
Сондай-ақ Сенаттағы Президент тағайындайтын 15 депутаттың орнына 10 депутат тағайындалады және оның бесеуі ҚХА тарапынан болады. Мәжілістегі Ассамблея депутаттарының квотасы болмайды. Мәжілісте жылына екі рет бюджет бойынша есеп беріледі. Мәжіліс заңды Сенатқа дайындап бермейді, қабылдайды.
Мықты және дербес мәслихат құру маңызды. Облыс әкімдері баламалы негізде (2 адам ұсынылады) мәслихаттарда сайланып, ол Президент пәрменімен тағайындалады. Оны жұмыстан алып тастау Президент құзырында болады.
Мәжіліс пропорционалды-мажоритарлық, яғни 70% партиялық тізіммен, 30% тікелей дауыс берумен сайланады. Бұл өңірлерден тәуелсіз тұлғалардың Парламентке сайлануына мүмкіндік береді.
Бүгінгі қоғамымызда партиялық жүйені жетілдірудің маңыздылығы анық көрінуде. Осы ретте жаңа партияны тіркеу үшін 5000 адамның мүшелігі жеткілікті болады. Сайлау үрдісін жаңғырту, сайлаушылардың бірыңғай базасын жасақтау, орталық және аумақтықтық сайлау комиссияларының кәсіби түрде жұмыс істеуін қамтамасыз ету, бақылаушылардың жұмысын жетілдіру, оларға өз қызметтерін іске асыру үшін қолайлы жағдай жасау, сайлау үрдісіне шетелдердің ықпалын болдырмау мәселелері өте маңызды.
Азаматтардың конституциялық құқығын лайықты сақтау көптен бері қозғалып келе жатқан мәселелердің бірі еді. Енді бұл бағыттағы жұмыстарды ілгерілету мақсатында Конституциялық сот құрылады. Бас прокуратура құқық қорғау органдарында болатын заң бұзушылықтарға қадағалау жасауға жауапты орган болып бекітіледі. Тұрмыстық-отбасылық мәселелерді құқықтық жағынан оңтайландыру, жетілдіру Бас прокуратураға тапсырылды. Алқа билер соты басқа да істерді қарайтын болады.
Бұдан бөлек, БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, азаматтық қоғамды дамыту ісіне ерекше көңіл аударылмақ. Осы орайда БАҚ жұмысының аясын кеңейту үшін БАҚ туралы заңды қайта қарау маңызды. Сондай-ақ Ұлттық құрылтай құрылатын болады және оның құрамына депутаттар, ҚХА өкілдері, қоғам белсенділері кіреді.
Сонымен қатар Жолдауда жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру, мәслихаттар құзыретін арттыру, теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету, азық-түлік қауіпсіздігін жүйелі түрде іске асыру, жанармайдың бағасын қолжетімді бағамен сату, тұрақтандыру қорларына азық-түліктерді сатып алу және басқа да ауқымды мәселелер қамтылған. Енді осы Жолдауда көрсетілген міндеттерді сәтімен еңсеру қажет. Сонда ғана Жолдау еліміз үшін аса маңызды құжат екені айқындалады.
Фахриддин ҚАРАТАЕВ,
Мәжіліс депутаты