Президенттің халыққа арнаған Жолдауын еліміздің алдағы дамуына серпін беретін құжат ретінде қабылдадым. Өйткені Мемлекет басшысы көтерген әрбір мәселеде даму бағдары ғана емес, оны шешудің жолдары мен батыл қадамдар қатар айтылды. Мысалы, жаңа облыстардың пайда болуы, әсіресе Алматы облысының бөлінуі мен алдағы даму жоспары өңірдің таяу келешегін айқындайды.
Осы өңірде туып-өскен азамат ретінде аймақта соңғы жылдарда қордаланған мәселелердің ендігі кезекте уақытында шешілетіндігі қуантады. Сондай-ақ өз бағдарламасын орындамаған депутаттарды мандаттан айыру туралы шешім де өте құптарлық мәселе.
Менің ойымша, билік өкілдерінің өз уәделерін орындамауынан көптеген жылдар бойы түрлі мәселелер қордаланды. Жұртшылық билік құрылымдарына сенуден қалды. Бұл шешім алдағы уақытта билік өкілдеріне де, депутаттарға да үлкен жауапкершілік арта отырып, істің нәтижелі болуына ықпал етеді деп сенемін.
Президенттің, сондай-ақ әкімдер мен әкім орынбасарларының партия қызметіне араласпауы демократиялық қадамдардың бірі. Президент атап өткендей, басты байлығымыз – тәуелсіздігімізді сақтау, ұлттық бірегейлік негіздерін нығайту, еліміздің жаңаруына бағытталған жобаларды жүзеге асыру, үлес қосу – әрбір қазақстандықтың парызы.
Еліміздің әрбір азаматы өзін дамытқанда ғана, еліміз алға жылжиды. Даму мен жаңару әрбір отбасына, қоғамдық өмірдің барлық қатысушыларына байланысты. Жолдау тек алға жылжуға, өзгеруге, тыңнан жол салып Жаңа Қазақстанды құруға шақырады.
Бағдат АНАРБАЕВА,
Qamqor charity ҚҚ төрайымы