Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі «Жеке пайдалануға арналған тауарларға байланысты жекелеген мәселелер туралы» Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы №107 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» 2022 жылғы 17 наурыздағы № 35 шешімін қабылдады.
Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң, яғни 2022 жылғы 31 наурыздан бастап күшіне енеді (Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтында 2022 жылғы 21 наурызда жарияланған).
Шешімде 2022 жылғы 1 қазанға дейін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тасымалдаушы жеткізетін немесе халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды бажсыз әкелудің құндық шегін 200 еуродан 1000 еуроға дейін арттыру көзделген. Бұл ретте салмақ шегі қолданыстағы шектерде қалады – 31 килоға дейін.
Көрсетілген кезеңде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тасымалдаушы жеткізетін немесе халықаралық пошта жөнелтілімдерімен 1000 еуро және 31 кило шегінде жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға кедендік төлемдер салынбайды.
Бұл шек уақытша негізде – 2022 жылғы 1 қазанға дейін ұлғайтылды. Осылайша, 2022 жылғы 31 наурыздан бастап 1 қазанға дейінгі кезеңде, егер сәлемдеменің құны 1000 еуро сомасынан асып кетсе және (немесе) оның салмағы 31 килодан асатын болса, алушы құнның 15% мөлшерінде, бірақ құнның және (немесе) салмақ нормасының асып кетуі бөлігінде 1 кило үшін 2 еуродан кем емес кедендік баж төлеуі қажет.