Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері болып қазақстандық маман Айтпай Жамантаев тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz Оlympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұрын бұл қызметті болгар маманы Калоян Петков атқарған.
Айтпай Жамантаев бапкерлік қызметін 1982 жылы бастаған. 1984 жылы «Целинник» командасымен бірге КСРО чемпионатының 2-ші лигасының 8-ші аймағының жеңімпазы атанды. 2004-2006 және 2017-2018 жылдары ол еліміздің бас әйелдер командасын басқарды.
Айтпай Жамантаевқа әйелдер ұлттық командасының бұрынғы капитаны Бегайым Қырғызбаева көмектеседі.
Айта кетсек, 8 және 12 сәуірде команда Словения Мен Уэльске қарсы 2023 жылғы әлем чемпионаты аясында екі үй матчын өткізеді. Оқу-жаттығу жиыны 4 сәуірде басталады.