Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында қардың еруі мен жауын-шашынның жаууы салдарынан 2 елді мекенде еріген қар суы басылды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жақсыбай ауылында шамамен 170 тұрғын үй су астында қалды, Жергілікті атқарушы органдардың және Шекара қызметінің күшімен 637 адам эвакуацияланды, оның ішінде 89 бала «М.Б.Ықсанов атындағы мектеп-балабақша кешені» КММ-де және 332 адам туыстарының үйлеріне орналастырылды.
Таловка ауылында 2 тұрғын үй су астында қалды. 8 адам эвакуацияланды, оның ішінде 2 бала туыстарына орналастырылды.
ТЖД, ЖАО, Шекара қызметінің күштерімен аулаларды аралау жүргізіледі, кезекшілік ұйымдастырылды.
Атырау облысының ТЖД-нан қосымша БҚО-ға МИ-8 тікұшағымен қажетті құрал-жабдықтармен 12 құтқарушы және автокөлікпен күштер мен құралдарды топтастыру, жеке құрамнан 34 адам және 4 бірлік техника жіберіледі.
Сондай-ақ, облыс орталығынан жеке құрамнан 20 адам және 3 бірлік техникадан тұратын қосымша күштер мен құралдар жұмылдырылды.