Жамбыл өңірінде қазіргі таңда көптеген ауыл мемлекет қолдауының нәтижесінде көгілдір отынның игілігін көріп келеді. Тіпті бірқатар аудан орталықтарына газ тоқсаныншы жылдары-ақ тартылған екен. Егемендіктің отыз жылында да талай ауылдың газ мәселесі шешілді. Дегенмен әлі күнге дейін газ мәселесі күрделі күйінде қалып келе жатқан ауылдар да жетерлік. Аймақта әкімдер халық алдында есеп бергенде де осы бір күрделі мәселе тұрғындар тарапынан жыл сайын көтеріледі.
Өңірде Мойынқұм және Сарысу аудандарына көгілдір отын тарту мәселесі де бүгінде өзекті. Сол сияқты облыстағы бірқатар ауылда да мұндай мәселе бар. Ал жергілікті билік өкілдері де көпшілікке уәде бергенімен, оның кейбірі әлі де орындалмай отыр.
Былтыр Т.Рысқұлов ауданында көгілдір отын тарту жұмысы қарқынды жүрді. Әкімдіктің мәліметі бойынша бұл күнде ауданның 98,5 пайызы газбен қамтылған. Талай жылдан бері тұрғындарды толғандырып келе жатқан мәселе оңынан шешіліп, өткен жылы Жаңатұрмыс, Қазақ, Тасшолақ, Қорағаты сияқты барлығы 10 ауыл газға қосылды. Алайда енді жақын уақыттарда газ келеді деп жоспарланған Шолаққайыңды ауылы өткен жылы да газдандырылуға тиіс елді мекендердің тізіміне кірмей қалған. Ал аталған ауыл тұрғындары айтылған сөз ауаға кеткендей күй кешуде. Жыл сайын жақсы жаңалықты күтумен жүрген көпшілік жұмыстың не себепті саябырлап қалғанын біле алмай отыр. Бұл мәселені ауыл тұрғындарының атынан Бейбіт Байсариев көтеріп келеді. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Шолаққайыңды бұл күнде Тереңөзек ауылдық округіне қарасты елді мекеннің бірі. Алатаудың етегінде орналасқан шағын ауыл. Бірақ ауданды газдандыру жұмысының көрсеткіші жүз пайызға жақындаса да, бұл ауылға жетпей отыр. «Шолаққайыңды ауылына кезінде әртүрлі себептермен, атап айтқанда, тиісті жобалық-сметалық құжаттаманың өз уақтысында өткізілмеуінен бүгінде ауыл көгілдір отынсыз күн кешуде. Бұл мәселе жыл сайын әкімдердің ауыл тұрғындарына есеп беру жиындарында айтылып та жүр. Кезінде ауыл қариялары сол уақыттағы аудан әкімі Жарылқасын Айтақовтың жеке қабылдауында болып, талап-өтінішімізді білдірген еді.
«Келесі күні әкім аталған ауылға өзі арнайы келіп, Шолаққайыңдыға көгілдір отын жүйесін жүргізуді басшылыққа алатынын айтып, уәдесін берген болатын. Алайда бұл әкімнің басқа қызметке ауысуына байланысты атқарылуға тиіс жұмыс аяқсыз қала берді. Ал енді ауданның қазіргі әкімі Ерболат Садырқұлов жаңадан тағайындалғанда ауыл қариялары газ мәселесі бойынша тағы да өтініш жолдады. Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен жауапхат келіп, ол хатта Шолаққайыңды ауылына газ жүргізу құрылыс жұмыстары 2020 жылдың басында мемлекет тарапынан қаражат бөлінген жағдайда қолға алынады делінген еді. Дегенмен ол да орындалмай қалды. Неге бұл тапсырма әлі күнге толыққанды орындалмай отыр? Бірқалыпты тұрмыс-тіршіліктегі аядай шағын ауылдың көгілдір отынсыз отырғаны өкінішті-ақ. Күн сайын шелектеп көмір тасып, күйелеш күйде күл шығарудан ығыр болған ақ жаулықты аналарымыз бен келіндеріміздің де өкпе-реніштері қара қазандай. Ендігі үмітіміз облыс басшылығында», дейді ауыл тұрғыны Бейбіт Байсариев. Тұрғындардың жанайқайын жеткізген ардагер бұл мәселенің неге әлі күнге дейін шешілмей келе жатқанын түсіне алмайды.
Ал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Өмірқұлов Шолаққайыңды ауылын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 2021 жылы мемлекеттік сараптама қорытындысы алынғанын айтты. «Жоба құны – 186 млн 700 мың теңге. Аталған жоба облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы арқылы тиісті министрлікке бюджеттік өтінім алуға жолданды. Қазіргі таңда қаржы мәселесі министрлікте қаралып жатыр», дейді ол.
Енді ауданда Шолаққайыңды елді мекенінен бөлек, газ құбыры тартылмаған тағы да 7 елді мекен бар. Әкімдіктің мәліметінше, газ кірмеген Аққайнар, Қосапан, Тойқұдық, Мамыртөбе, Сұңқайты елді мекендері мен Қорағаты стансасы, Құмарық разъезінің газдандырылу ықтималдылығы төмен. Себебі мұнда халық аз қоныстанған және шалғай орналасқан. Ал Шолаққайыңды ауылының мәселесі енді қанша жылға созылатыны белгісіз. Көпшілік көгілдір отынды әлі күтіп келеді.
Жамбыл облысы