Наурыздың соңғы күні Ақтөбе облысында күннің күрт жылынуынан қар бірден еріп, Ақтөбе қаласының Батыс, Әуеқалашық, Сельмаш аудандары, Ақтөбе хром қосындылары зауытына қарасты бау-бақша ұжымдарындағы тұрғын үйлерді, Құрашасай елді мекені мен Қанағат, Бауырластар тұрғын үй алабын су басып қалды.
Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері мен Ұлттық гвардия ұландары су басу қаупі бар жерлерден 100 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Қобда ауданының Сарыбұлақ және Өтек ауылдары, Байғанин ауданы Қарауылкелді мен Жарлы елді мекендеріне, Мәртөк ауданының орталығындағы үйлерге су кірді.
Республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау – РФ шекарасы (Астрахань)» тасжолының Байғанин ауданы Жарлы ауылының тұсындағы бөлігін тасқын су шайып кетіп, екі тәулік бойы күре жолда қатынас тоқтап қалды.
2 сәуірге қараған түні Елек өзенінің бір саласы Жіңішке мен Песчанка өзендерінің деңгейі күрт көтеріліп, Ақтөбе хром қосындылары зауыты бау-бақша ұжымына қарасты 15 үйді су басты. Төтенше жағдайлар қызметі осы аумақтан 32 адамды, оның ішінде 10 баланы алып шықты. Мұнымен бір кезде Мағаджан орман шаруашылығы мекемесіне қарасты бау-бақша ұжымындағы тұрғын үйлерден 22 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Осы аумақтың бәрі де Ақтөбе қаласының іргесінен өтетін Елек өзеніне өте жақын орналасқан бұрынғы саяжай аумағы. Бұл Елек өзенінің соңғы он жылдан бері тасуы. Елек өзені соңғы рет 2011 жылы арнасынан аса тасып, осы төңіректегі үйлердің бәрі суға кеткен еді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, облыс аумағында наурыздың соңғы күні ауа температурасы күрт жоғарылап, жердің беткі қабатындағы тоңның жібіп үлгермеуінен қар суы жерге сіңбей, төңірекке түгел жайылған. Тұрғындар облыс орталығын еріген қар суының басуына қардың уақтылы шығарылмауы, жаңадан салынған шағынаудандарда суағарлардың болмауы және өзен-көлдердің арнасы тазартылмай, судың табиғи арналарындағы өткелдердің қоқысқа толуы себеп дейді.
Кеше түнде қала іргесіндегі Сазды өзені деңгейі жоғарылап, Ақтөбе қаласының ортасындағы кіші Сазды өзенін де толтырып жатыр. Сазды өзені бастауын Сазды қоймасынан алады. Соңғы төрт жылдан бері облыстағы Елек, Қарғалы, Сазды, Ор, Ырғыз, Жем, Темір өзендерінің арнасы тарылып, тіпті кей жерлері бөлініп-бөлініп, кеуіп қалған еді. Айта кету керек, екі күннің ішінде Ақтөбе облысындағы далалық өзендердің суы көтеріліп, арнасынан асып, жайылып кетті. Әдетте Ақтөбе облысында жыл сайын су тасу мерзімі сәуірдің 12-13-не сәйкес келетін еді. Бұл жолы өзендер арнасы ертерек көтеріліп барады.
Ақтөбе облысы