Бұрындары кітапханаға кітап алуға немесе реферат, курстық жұмыстар жазу үшін барар едік. Кейінгі жылдары кітапханалардың бағыты өзгерген. Жастарға, балаларға қажетті үйірмелер, түрлі шара кітапханалардың шаңырағында өтеді. Әсіресе жас ұрпақтың заманауи технологияны меңгеруіне барынша басымдық берілген. Мысалы, Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы кітапханада оннан астам үйірме жұмыс істейді екен.
Үйретері көп үйірмелердің бірі – VR-киіз үйі. Ерекшелігі сол, киіз үйдегі заманауи технологияның көмегімен әлемнің кез келген жеріне саяхат жасауға болады. Көзіңізге тетіктері көп көзілдірікті тағасыз да, армандаған қалаңызға топ ете қаласыз. Оның ішінде Өскемен де бар. Саяхат онлайн болғанымен, шаһарды шынайы кезіп жүргендей күйде болады екенсіз. Оқырмандардың айтуынша, VR-киіз үйі ашылған сәттен бастап қызыққандар көп болды. Алғашында VR көзілдірігі ғана болса, кейін кітапханадағы IT мамандары арнайы бағдарламамен түрлі көрініс жасай бастаған. Көріністердің көбі – аңыз-ертегілердегі кейіпкерлердің бейнесі.
– Біздің мақсатымыз – оқырманға оқыған кітаптарындағы кейіпкерлердің бейнесін осы құрылғы арқылы көрсету. Осылайша, жастардың кітап оқуға деген ынтасын оятқымыз келеді, – дейді кітапхана басшысы Хабиба Ақжігітова.
Иә, Хабиба Мырзаханқызының мұрындық болуымен киелі шаңырақта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын ешкім жоққа шығармайды. Мәселен, заманауи технология көмегімен Оралхан Бөкейдің туған жерін және жазушы шығармаларындағы кейіпкерлердің образы бейнеленіп, оқырман назарына ұсынылды. Импровизация жасалып, Оралхан Бөкей, Мұхтар Әуезов және Шерхан Мұртазаның үстел басында әңгімелесіп отырғаны да бейнеленді. Сонымен қатар Оралханның «Кербұғы», «Қамшыгер» шығармаларына иллюстрация жасалды.
Тағы бір ерекше жаңалық, балаларды кітап оқуға баулу үшін мультстудия ашылған. Бүлдіршіндердің көбі ертегіні кітаптан емес, теледидардан, смартфоннан іздейтіні шындық. Сондықтан да Оралхан Бөкей кітапханасында мультстудия іске қосылған. Аталған студия қалай жұмыс істейді дейсіз ғой. Мұнда балалар қағаздан жасалған қуыршақтарды техниканың көмегімен жандандырады екен. Кейін ертегі кейіпкерлеріне деген қызығушылықтары оянып, кітап оқи бастайды. Кітаптағы кейіпкерлерді ғана емес, балалар өз ойындағы дүниелерді жасап, шығармашылықпен айналысуларына да мүмкіндіктері бар.
Ал төрдегі ерекше сенсорлы үстел тілдік дамуында ақаулары бар балаларға арналған. Кейбір балалардың тілі кеш шығып, ортасынан шеттеп қалып жатады. Осындай олқылықтың алдын алу үшін мамандар сенсорлы үстелдің көмегімен білім берудің жаңа деңгейіне көтерілген. Ерекше үстел бетінде бала сурет сала отырып, анық сөйлеуді үйренеді. Мамандардың сөзіне сенсек, нәтижесі жақсы.
Кітапханада балаларға ғана емес, ересек оқырмандарға да қолайлы жағдай қарастырылған. Мысалы, «bokeylibrary.kz» сайтына кіріп, кітапханадан іздеген кітабыңызға, ақпаратыңызға онлайн түрде қол жеткізе аласыз. Оның ішінде bokey.kz бөлімін бассаңыз, Оралхан Бөкейге қатысты материалдарды қашықтан оқуға болады. Мұнымен қоймай, кітапхана мамандары заман ағымына қарай bokeylibrary.kz сайтының BOKEYMOBILE мобильді қосымшасын да іске қосып қойған. Демек Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың құнды материалдары сіздің қолыңызда. Қосымшада кітапханаға жазылу, кітап брондау, сұрақ-жауап, кітаптар, аудиокітаптар, ойындар және үйірмелер кестесі сынды қызмет түрлері көрсетіледі. Бұл дегеніміз, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының айқын жемісі дер едік.
Өскемен