• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Сәуір, 2022

Мал дәрігерлерінің жалақысы 60 пайызға дейін көтеріледі

889 рет
көрсетілді

Аграрлық сектордағы ең төменгі жалақы алатын мамандардың бірі - ветеринарлар. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мал дәрігерлерінің жалақысы қаншалықты өсетінін айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ветеринарлардың жалақысы төмен, ал олардың жұмысы өте қауіпті және олар үнемі үйден тыс жерде, сапарларда болады. Республика бойынша мал дәрігерлерінің орташа жасы 40-55 жасты құрайды. Өкінішке қарай, жастар ветеринарлардың оқуын оқығысы келмейді. Себебі олардың жалақылары төмен, ал жұмыстың көлемі үлкен», деді Ербол Қарашөкеев Мәжілістегі Үкімет сағаты кезінде.

Оның айтуынша, Үкімет бұл мәселені жан-жақты саралаған.

«Ветеринарлық секторда жоғары білікті жас мамандар жетіспейді. Қазіргі заманғы қоғамның үрдістерімен тең табыс табу мүмкіндігінің болмауы, еңбектің қиын жағдайлары, ауылдық жерлерде инфрақұрылымның дамымауы жастар арасында мал дәрігері кәсібінің тартымсыздығына алып келді. Осы жылдың 1 сәуіріне республика бойынша мемлекеттік тапсырысты орындау үшін тарифтерді көтеру есебінен ветеринарлық мамандардың жалақысы орта есеппен 33,4%-ға арттырылды. Жыл соңына дейін 60%-ға дейін арттыру жоспарланған», деді министр.

Ол келесі мысалдарды келтірді.

«Қазіргі уақытта коммуналдық кәсіпорындардағы орташа айлық жалақы өңірлерге байланысты Қызылорда облысында 80 мыңнан Павлодар облысында 200 мыңға дейін өзгереді. Алайда, бұл әлі де жеткіліксіз», деп атап өтті АШМ басшысы.

Бұл мәселені шешу үшін жергілікті жерлерде келесі шаралар қабылданады: бәсекелестік секторы жоқ жерлерде коммуналдық ветеринариялық кәсіпорындар көрсететін ақылы қызмет түрлерінің көлемін ұлғайту. Ол үшін барлық жерде ақылы қызмет түрлеріне тарифтер бекітіледі.

«Тиісті заңдардың қабылдануымен келесі жылдан бастап ҚМУ бойынша 50% қосымша төлемді және КМК мен ҚМУ бойынша базалық лауазымдық жалақыға 140% қосымша төлемді жүзеге асыру көзделетінін бәріміз білеміз. Сондай-ақ сауықтыруға арналған жәрдемақы ретінде екі лауазымдық айлық төлеу енгізіледі. Біз бұл шаралар мамандықтың тартымдылығы мен беделін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді деп есептейміз», деп түйіндеді Е.Қарашөкеев.