Шығыс Қазақстан облысында күннің күрт жылынуынан тағы да қар көшкіні жүрді, деп хабарлайды Egemen.kz ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
4 сәуірде сағат 13.31-де Катонқарағай ауданындағы жергілікті маңызы бар «Согорное-Барлық» тасжолында көшкін жүрді.
«Аталған тасжолдың 16-шақырымында жалпы көлемі 2300 текше метр қар түскен. Қар жолды толықтай жауып тастады. Зардап шеккен ешкім жоқ», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы орган қызметкерлері жолды тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін «Өскемен-Рахман қайнары» тасжолының 435 және 437 шақырымдарында көшкін жүргені хабарланған болатын.