Біраз уақыттан бері адамзат өміріне де, шаруасына да орасан шығын келтіріп, қыспаққа алып келген пандемияның «иіні босай» бастаған секілді. Оның бір дәлелі елімізге құйылып жатқан шетелдік инвестициялар ағыны пандемияға дейінгі деңгейіне оралды. Бұл туралы СІМ-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлттық банктің мәліметі бойынша Қазақстан шетелдік капитал ағындарының төмендеу үрдісін күрт өзгертіп қана қоймай, инвестициялар көрсеткіштерін 2017-2019 жылдың деңгейіне дейін жеткізіп отыр. Осылайша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша елімізге тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы ағыны 23,7 млрд АҚШ долларына жетіп, көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 37,7%-ға өсті (17,2 млрд АҚШ доллары).
Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция салған мемлекеттердің үздік бестігі өзгеріссіз қалды. Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Ресей және Қытай 25%-дан 92%-ға дейінгі өсімімен көшбасшылықты сенімді ұстап отыр. Аталған елдерден тартылған инвестициялар жалпы көлемнің 68,3%-ын құрайды.
Өз кезегінде үздік ондықтың екінші бөлігінде айтарлықтай өзгерістер байқалды. Бельгия салған инвестицияларын 35,1%-ға ұлғайтты және Ұлыбританияны басып озып, 6-орынды иеленді. Корея Республикасы 73,2%-ға өсім көрсетіп, 9-орыннан 8-орынға көтерілді. Сонымен қатар Түркия инвесторлары өз көрсеткіштерін 87%-ға жақсартып, 9-орынға жайғасты. Үздік ондықты Франция инвесторлары түйіндеді.
Үздік 10 инвестор ел:
Нидерланд – 7,0 млрд АҚШ доллары; АҚШ – 2,8 млрд АҚШ доллары; Швейцария – 2,6 млрд АҚШ доллары; Ресей – 1,9 млрд АҚШ доллары; Қытай – 1,8 млрд АҚШ доллары; Бельгия – 1,06 млрд АҚШ доллары; Ұлыбритания – 1,02 млрд АҚШ доллары; Корея Респ. – 805,5 млн АҚШ доллары; Түркия – 679,5 млн АҚШ доллары; Франция – 603,1 млн АҚШ доллары.Инвестиция тартуға жауапты Сыртқы істер министрлігі 2021 жылы 19 млрд АҚШ долларынан астам шетелдік инвестиция тартылады деп болжаған. Инвестициялық жобалар пулын және Қазақстанда қолданылатын «ҚР елшіліктері – орталық мемлекеттік органдар – аймақтық әкімшіліктер» инвестиция тарту бойынша үш деңгейлі жүйесін сәтті жүзеге асыру нәтижесінде еліміз 2017-2019 жылғы көрсеткіштеріне қол жеткізді.
Қазақстан Үкіметі әлемдік стандарттарға сай инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізіп, бизнес үшін мықты және бәсекелі ортаны қалыптастыруға үлкен мән береді. Бұл бағытта «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ инвесторларға жәрдемдесу іс-шаралар кешенін көрсететін инвестиция тарту бойынша бірыңғай оператор болып табылады. Атап айтқанда, ұлттық компания инвесторлардың Қазақстанға сапарын ұйымдастыру, қаржыландыру көздерін және жобаларды іске асыруға бағытталған инвестициялық алаңдарын анықтау, жергілікті іскерлік серіктестермен байланыс орнату, рұқсат беру және өзге де құжаттарды алу кезінде консультациялық қолдау қызметтерін көрсетеді.
Бұл фактілерді Standard&Poor's беделді халықаралық рейтинг агенттігі растап, Қазақстанның тәуелсіз несиелік рейтингін «BBB-» деңгейде сақтады және болжам «тұрақты» деп жариялады.
Бұған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде бүгінгі таңда Қазақстанның 2025 жылға дейінгі жаңа Инвестициялық саясатының тұжырымдамасы ESG (Environmental – қоршаған орта, Social – әлеуметтік сала, Governance and Prosperity – корпоративтік басқару және экономикалық өркендеу) стандарттарына сай әзірленуде.