• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Сәуір, 2014

Тірлігіміздің тірегі – татулық

511 рет
көрсетілді

Татулықты тіршілігіміздің тірегіне айналдыра білгендіктен болар, көпұлтты мемлекетімізде достық пен бірлік жыл­жыған жылдармен бірге нығая түсуде. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін төрткүл дүниеге паш еткенде оны әлем халықтары жақсы қабылдап, санасып қана қоймай, барлық сала бойынша біте қайнасып, тығыз қарым-қатынас орнатуға ұмтылғаны анық. Елбасы сарабдал саясаткерлігін һәм көрегендігін сол бір шақта таныта білді. Сөйтіп, елімізде халықаралық қатынастың өзіндік моделі қалыптасты. Бұл саяси тұрақтылықты іс жүзінде бекітіп, нығайтқанын уақыт көрсетіп отыр. 130 этнос өкілі тұратын мемлекет­те әуелгі кезекте ынтымақ орна­­ды. Мұн­дайда қазақ «Ырыс алды – ынты­мақ» деген емес пе?! Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев дәстүрлі жол­дау­ларында сана­мызға сіңірген ұлт­аралық келісімді, тату­лықты сақтауды өзі­міз ғана ойлап қоймай, соңымыздан ілескен ұрпағымызға ұдайы айтып, іс жүзінде орындатып та жүрміз. Өзім еңбек ететін «Строитель» жауап­­­кершілігі шектеулі серіктестігі – көпұлтты ұжым. Өте татумыз. 20 жылдан бері тұрақ­ты жұмыс істегендіктен, ұжымымыз эконо­микалық дамуда да, әлеуметтік тұрғы­да да жақсы жетістіктерге жетуде. Біз шығаратын өнімдеріміз – керамзит, керамзит кірпіштері, керамзит блоктары үлкен сұранысқа ие. Зауытта жұмысшы­­­лар асханасы бар. Ұжым жұмысшыла­ры ­«Нұр-Авиаценум» кардиологиялық орталығында тегін тексеруден өтіп, емделе алады. Жұмысшылардың емделгендігін растайтын анықтамаға сай ақы төленеді. Кезекті еңбек демалысына да жұмысшылар уақтылы жіберіліп, ақысы төленеді және мерекелік сыйлықтар үлестіріліп, құрылысшылар күні мерекесіне орай ақшалай сыйақы да беріледі. Сонымен қатар, жұмысшылардың ба­лаларын да ретіне орай демалтып, түрлі спорт жарыс­тарын ұйымдастырып отыру да біздің назарымыздан тыс қалған емес. Осының барлығы, түптеп келгенде, ұжым мү­шелерінің ұлтқа бөлінбей тату-тәтті, бір­­­лесе еңбек еткенінің нәти­же­сі­мен келіп отыр. Шыны керек, біздің жүрегімізде 1 Мамыр – халықаралық ынтымақ күні жылы орын алған. Бала күнімізден осы күнді асы­ға күтетін едік. Жалпыхалықтық мере­кеге айналдырған ауылдастарымыз осы шара арқылы санамызға бірлікті, ынты­мақты, достықты сіңіре беріпті ғой. Енді, міне, бұл күнді заман талабына сай етіп, Қазақстан халқының бірлігі күні деп жаңа­ша атап жүрміз. Бұл да тәуелсіз ел үшін аса қажет мереке екені анық. Ал арғы тарихты қазбаламай, өзімнен бастап айтсам, ұлтқа бөлу маған жат. Өзгелер тара­пынан алда-жалда бірдеңе байқап қал­сам, бірден тыйып тастаймын. Құдайға шү­кір, өзіндік ықпал-беделім бар. Оңаша отырғанда сондай әрекеттерді ой елегінен өткізіп, ұжым мүшелерінің тату болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек етулеріне барлық жағдайды жасауға ұмтыламын. Ол қадамым игіліктің бастауы болып та жүр. Жалпы, Жетісу жерінде тұратын 103 этнос өкілі мені татулығымен тәнті етеді. Сондықтан да болар, «Біздің байлығымыз – әр ұлттан болғандығымыз болса, күшіміз – бірлігімізде» деген сөз дәл тауып айтылған. Бұл ұлағатты сөзді біздің ұжым мүшелері әркез айтып қана қоймай, нақты іс жүзіне асырып жүр. Міне, бұл – біздің татулығымыз тіршілігіміздің тірегіне айналғандығының жарқын дәлелі. Александр БУЗЫКИН, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматы облыстық орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы. Алматы облысы, Көксу ауданы, Балпық би кенті.