Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке мемлекет пен жекеменшік арасындағы тығыз қарым-қатынасқа негізделген «Қауіпсіз аула» бағдарламасы таныстырылды.
Қала басшысы аталмыш бағдарламаның маңызын айта келіп, осындай игі істер арқылы келешекте көптеген тосын оқиғалар мен қылмыстардың алдын алуға, қала аудандарындағы көпқабатты үйлердің тазалығы мен жай-күйін жақсартуға ықпал ететіндігін жеткізді.
«Қала тұрғындарының қауіпсіздік шарасын қамтамасыз ететін бейне-бақылау құрылғылары әрбір шағын аудан мен жекелеген аулаларда орнатылатын болады. Бейнекамераларды орнату ісі әуелі муниципалды тұрғын үй кешендері мен жаңадан бой көтерген ғимараттар, жаңа үйлер мен қала аумағына қосылған жаңа құрылыс нысандарын қамтиды. Қауіпсіз ауланы жетілдіре отырып қаладағы тәртіп мәселесін нығайтамыз» деді Ахметжан Есімов.
Жобаның алғашқы нұсқасы Алатау ауданында бой көтерген «Ақбұлақ» шағын ауданында бастау алды. Сондай-ақ, қала басшысының айтуынша, халық көп шоғырланатын жерлер мен әлеуметтік қызмет көрсету алаңдарына қойылған бейне-бақылау құрылғылары өзінің оң нәтижесін беріп отыр. Осы бағдарламаның алғашқы ұсынылымына қатысқан Алматы қалалық Ішкі істер басқармасының басшысы Серік Күдебаев бейнекамералармен толықтай қамтылған кезде қалада орын алатын қылмыстық оқиғалар реті 25-30 пайызға төмендейтіндігін жеткізді.
Бүгінгі таңда қалалық Ішкі істер басқармасымен жеке тұрғындар арасындағы келісім арқылы бірнеше бейне-бақылау құрылғылары жұмыс істеп тұр. Тіркелген аудандарда қылмыс пен заң бұзушылық бірден кеміген.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.