• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Сәуір, 2022

Шабыт шыңдайды, өнер оңалтады

433 рет
көрсетілді

Аутизм – тағдырға таңбаланған, маңдайға басылған дерт емес, оңалтуға көнетін ауытқу десе де болады. Алайда көп ата-ана баланың бойындағы бұл ерекшелікті ерте байқай бермейді. Көбіне-көп дәрігерлер анықтап, диагноз қойып жататыны белгілі. Ал ерте анықталған әрбір ақау түзетуге, оңалтуға, алдын алуға көнетіні анық. Сондықтан осы ерекшелік туралы ата-ананы неғұрлым көп ақпараттандырған жөн.

Жуырда 2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай елордадағы «Астана-Опера» театрында қайырымдылық концерті ұйымдастырылды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауы­мен өткен іс-шараның басты қатысу­шылары – күрделі медициналық диагнозы бар дарынды балалар. Сахна шеберлерімен бірге олар да ән шырқап, музыкалық аспаптарда ойнады. Өзге де шығармашылық шебер­ліктерін көрсетті. Мұндай қайы­рымдылық қадамы «Астана-Опера» қызметінің маңызды бағыт­тарының бірі саналады.

– Қазақстанда жарияланған Бала­лар жылында өскелең ұрпаққа ерек­ше назар аударғым келеді. Сон­дықтан осы театр қабырғасында жас талант­тардың қатысуымен қайырымдылық концертін өткізу бастамасына қуана үн қостық. Музыканың емдік күші ондай балалардың оңалуына мүм­кін­дік береді. Жеке тұлғаның жаңа қырларын ашып, шығармашылы­ғын, шеберлігін шыңдауға көмектесе­ді. Жас әртістердің бастамалары­на қол­дау көрсете келген көзіқарақ­ты кө­рер­­мендерге де алғысым шексіз. Зал тол­ғанына шын жүректен қуа­ныш­тымыз. Оларды алда жаңа же­тіс­тік­терге толы шығармашы­­­лық өмір күтіп тұр деп үміттенеміз, – деді «Астана-Опера» театры ди­рек­­торы­ның орынбасары Айжан Құрманғалиева.

Концертке қатысқандардың бірі – 3-сынып оқушысы Дарын Ажмол­даев. Ол вокалмен кәсіби түрде айналысады әрі табиғи талант керемет таза дауысқа ие. Дарын бұл жолы Неаполитанның Santa Lucia әнін, Н.Жақыптың сүйікті «Әке-Ана» әнін және басқа да шығармаларды орындады. Оған төрт жасында аутизм диагнозы қойылған еді. Ал 6 жасына дейін сөйлей алмайтын. Бірақ үнемі музыка тыңдап жүрді. Мінез-құлықты түзетудің тиімді әдісінің нәтижесінде ол дамуда үлкен жетістіктерге жетті. Алдымен ән айтатын, кейіннен сөйлейтін болды. Қазір Дарын вокал мектебінде оқуын жалғастырып жатыр. Республикалық және халықаралық байқаулардың лау­­реаты атанды. «Үркер» аула клубы­­ның «Балауса» балалар инклю­зивті хорының құрамында ән айтады.

Сонымен қатар Х.Харсиев ингуш халқының әні «Лорса лиданы» орындаса, Е.Тұрмаханбетов А.Бахановтың «Асыл ана» шығармасын қойды. Сол сияқты Ясмин Бектеубаева, Даниял Джуасов, Нұрым Нарымбаев және басқа да жас дарындар өз өнер­лерін ортаға салды. Кеш қонақ­тары үшін театр фойесінде «Аутизммен ауыратын бала тәрбиелеп отырған отбасының бір күні» атты фотокөрме және аутизм спектрі бұзылған балалар жасаған суреттер мен қолөнер экспозициясы ұсынылды.

– Кейінгі 7 жылда қазақстандық балалардың арасында анықталған аутизм жағдайларының саны 5 есе өсті. Былтырғы деректері бойынша, аутистік спектрдің бұзылуымен динамикалық бақылауда 4,8 мың­нан астам пациент тұр. Біздің іс-шарамыздың басты мақсаты аутизмі бар балалар керемет ән айтып, би билеп, сурет салып, мүсін жасап, музыкалық аспаптарда ойнай алатынын көрсету болды. Ең бастысы, шығармашылық сабақтар балалардың әлеуметтенуіне көмектеседі, – деді Abaqus-daryn білім беру қорының құрылтайшысы Шынар Ажмолдаева.