• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Сәуір, 2022

Мектепке орналастырылды

328 рет
көрсетілді

Соңғы үш тәуліктен бері Ақтөбе облысының тұрғындары қызыл сумен алысып жатыр. Күннің күрт жылынуынан қар бірден еріп, қаланың «Батыс» және «Нұр Сити» шағын аудандарындағы көпқабатты үйлердің жертөлесіне су кіріп, көшелерден жүру мүмкін болмай қалды. Қала іргесіндегі Жіңішке, Песчанка, Елек өзендері арнасынан асып, бау-бақша ұжымдарына қарасты 90 үйді шайып кетті. Рауан, Сая, Қанағат тұрғын үй алаптарында құлаған үй болмаса да, бүлінген үйлер көп. Үйлері суға кеткен 137 адам мен 85 бала қаладағы төрт орта мектеп пен Олимпиадалық резерв мектебіне уақытша орналастырылды. Су тасқынынан келген шығын көлемін анықтау мақсатында қалалық комиссия құрылып, штаб жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы қала әкімі Асхат Шахаров Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте баяндады.

Суға кеткен үйлердің барлығы да өзен арна­ларының бойына салынған, бау-бақша ұжымдарына қарасты жерлер. Саяжай үйлерінің орнына тұрғын үйлер салуға рұқсат бергені үшін Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімі, сәулет және қала құрылысы бө­лімі, тұрғын үйлерді жобалаушылар жауап беруі тиіс.

Сондай-ақ облыс аумағындағы республикалық маңызы бар тасжолдардың бойын он жерден су шайып, төрт ауданның тұрғындары зардап шекті. Бүгінде жеті елді мекенмен  қатынас үзіліп қалды. Олар – Байғанин ауданының Миялы мен Оймауыт, Қобда ауданының Өтек, Ойыл ауданының Ақшатау, Көптоғай, Мұғалжар ауданының Бұлақты, Құмсай елдімекендері. Тасқын су «Ақтөбе –Атырау – РФ шекарасы (Астрахань) республикалық тасжолының Байғанин ауданы Жарлы ауылының тұсында су өткелін жұлып әкетті. Осы тасжол құрылысын «Астана Дорстрой» мекемесі былтыр күзде ғана пайдалануға берген болатын. Сондай-ақ «Ақтөбе-Қандыағаш» тасжолының Алға-Қандыағаш бөлігіндегі су өткелі де бұзылды. Екі тасжолды да салып жатқан «Астана Дорстрой» ЖШС-і.

Жалпы, Ақтөбе облысының тасжолдар бойын­дағы өткелдер мен көпірлердің бәрі де бұзылды. Осы жағдай жол құрылысын жобалаушы және жол салушы мекемелердің жауапсыздығының көрінісі және құзырлы мекемелердің тарапынан қадағалаудың болмағандығын көрсетеді. Ақтөбе мен Қандыағаш тасжолына қатысты 70 млрд теңгенің жол жобасын мемлекеттік сараптамадан өткізгендер мен көпір және өткел құрылыстарын жобалаушылар қателіктің себебі мен салдарына заң алдында жауап беруі тиіс.

 

Ақтөбе облысы