• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Сәуір, 2022

Қарағанды қарғын судың алдын алды

375 рет
көрсетілді

Наурыз айының соңына таман қар молынан жауып, одан кейін күн күрт жылыды да, Қарағанды қаласындағы Оңтүстік-Шығыс шағын ауданының сыртындағы ойпаң жерлерде қарғын судың мол қоры пайда болды, деп жазады Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аулалар мен көшелерді су басу қаупінің алдын алу мақсатында төтенше жағдай және коммуналдық қызметтер күшімен екі жасанды бөгет салынған болатын. Бірақ соған қарамастан, судың біршама бөлігі қаланың шеткі көшелеріне еніп кетті. Осыған байланысты, электр сымдарының тұйықталу қаупі төнгендіктен, жертөлесіне су кірген бірнеше үйдің тұрғыны қауіпсіз жерлерге көшірілді.

Сондай-ақ Ә.Бөкейхан ауданындағы көпқабатты үйлердің жанындағы топырақ үйіндісін екі жерден су бұзып өтіп, бірнеше үйді су басу қаупі төнді. Сол себепті, құтқарушылар маңайдағы үйлердің тұрғындарын жақын жердегі №56 орта мектепке көшірді.

Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев еріген қар суы жиналған жерлерде коммуналдық қызмет бригадалары мен құтқарушылардың уақытпен санаспай, күні-түні жұмыс істеп жатқанын айтады.

– Қаладағы Тәттімбет - Мұқанов көшелерінің қиылысында оншақты жүк тиегіш, 35 жүк тасығыш көлігі, 50-ге тарта адам жұмыс істеп жүр. Түскі уақытта аққан су кешегіден үш еседей күшті болды. Екі бірдей бөгетті бекіткен едік,  олар кемеріне дейін толып, су басу қаупі пайда болды. Бұған жол бермеу үшін біз екі жерден ойық жасадық, – деді қала әкімі қалыптасқан жағдайға түсінік беріп.

Міне, осындай жедел әрекеттің нәтижесінде коммуналдық қызметтер аулаларға барып жатқан су ағынын тоқтата алды. Ал түн мезгілінде үйінді біліктер нығайтылды. Дегенмен, қарғын судың мол болғандығы сонша, су ағынының бойындағы бірнеше үйге зақым келіп, жертөлелерге су толып кетті. Қазіргі уақытта суды сорғылаумен үш бригада айналысуда.

Жалпы, су тасыған кезден бері Қарағандыда кәріз ағындары, қарғын және жер асты суларының аулалар мен көшелерді басуы туралы 194 хабарлама тіркелді. Апатты жағдайдың алдын алу жұмыстарына жергілікті атқарушы органдардың, жол ұйымдарының, «Қарағанды Су» ЖШС және облыстық ТЖД-нің күштері мен құралдары тартылып, 206 адам мен 85 техника бірлігі жұмылдырылды.

Кеше Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Оңтүстік-Шығыс шағын ауданындағы су басқан көшелерді аралап, шиеленісті жағдаймен жан-жақты танысты. Тиісті тапсырмалар беріп, ахуалды тікелей өзінің бақылауында ұстайтынын айтты. Қазіргі уақытта құтқарушылар тасқыннан келетін елеулі қауіптің жоқтығын айтып отыр. Өңірдегі су тасқынының жағдайы тәулік бойы бақылауға алынған.