Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова уақытша тоқтап қалған диірмендерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазақстанда 240-қа жуық ұн тартатын кәсіпорын бар. Соның ішінде 170-сі жұмыс істеп тұр. Жалпы ішкі нарықта Ресей бидайын тұтынып, өңдеп жүрген диірмендер негізінен шекаралас аймақтарда орналасқан. Олар СҚО, БҚО, Павлодар облысындағы диірмендер. Мұның да өз себептері бар. Ішкі нарықта солтүстіктен батысқа бидай тасымалдау шығындарының немесе Ресейден әкелу шығындарының арасындағы айырмашылық өте үлкен. Аталған өңірлерде шамамен 45-50-ге жуық ұн тартатын кәсіпорын бар. Солардың жартысына жуығы ресейлік өніммен жұмыс істеді. Қазіргі кезде Ресейде қойылған шектеуге байланысты ұн тарту кәсіпорындары ішкі нарықтан бидай сатып алуға мәжбүр болып отыр», деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, диірмендер жұмысы алдағы уақытта тоқтап қалмайды.
«Өтінім берген жағдайда Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арзандатылған бидайды өңірлерге апарып, тартып, жекелеген облысқа қажетті көлемде ұн өндіруге қауқарлы. Мұнда бағадан басқа кедергі жоқ. Біздің диірмендер транспорттық және логистикалық негіздемелер бойынша ғана Ресейдің бидайын осы кезге дейін тартып отырды», деді Н. Хатепова.
Бұған дейін Астық өңдеушілер одағы елімізде бір жарым аптаға ғана жетерлік бидай қоры қалғанын мәлімдеген еді. Астық өсірушілер мен өңдеушілер бидайды бөлісе алмай дау туғаны, бидай таусылса барлық диірмендер жұмысын тоқтатуға мәжбүр екені айтылған еді.
Өз кезегінде Айдарбек Сапаров елде ешқандай астық тапшылығы жоқ екенін мәлімдеді. 1 сәуірдегі жағдай бойынша республикада 6,4 млн тонна астық болған.
7 сәуірдегі жағдай бойынша елдегі ұн қоры 118 мың тоннаға жетеді, оның ішінде: тұрақтандыру қорларында - 10,4 мың тонна, «айналым схемасы» аясында – 22 мың тонна, өндірушілерде – 48,6 мың тонна, қоймаларда – шамамен 20 мың тонна және сауда объектілерінде – 18 мың тонна бар. Аталған көлем ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге толық жеткілікті.
Аяна Тоғанбек