Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Жамбыл облыстық полиция департаментіне шабуыл жасаған күдікті ұсталды. Ол Тараз қаласының тұрғыны екені анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
«Бүгінгі таңда қабылданған шаралар нәтижесінде еліміздің полицейлері 1 430 бірлік қару мен 35 мыңнан астам оқ-дәріні тауып, тәркіледі. Тәркіленгендердің ішінде 323 тапанша, 148 автомат, 195 травматикалық тапанша, 9 гранатомет, 69 бірлік арнайы қару, 8 мылтық, 6 пулемет және басқа да қару түрлері бар. Жуырда Жамбыл облысы полиция департаментінің ғимаратына шабуыл жасады деген күдікпен Тараз қаласының тұрғыны ұсталды, ол осы жылдың 6 қаңтарына қараған түні әкімшілік ғимараттың қоймасынан оқ қорапшасы бар 4 «макаров» тапаншасын, 7,62 мм калибрлі 120 патронды және 12 калибрлі 11 аңшылық патронды ұрлап кеткен. Ұрланған қару күдіктінің тұрғылықты жері бойынша жеке үйдің ауласында жабдықталған қоймадан табылды», деді ІІМ өкілі Санжар Әділов.
Оның айтуынша, Тараз қаласының тағы бір күдікті тұрғыны Жамбыл облысы полиция департаментінен өзі ұрлаған қаруды сақтаған екі қойманы көрсетіп, өз кінәсін толық мойындаған.