• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Ғылым 11 Сәуір, 2022

Адамзат игілігіне арналған жобалар

314 рет
көрсетілді

Отандық ғалымдардың заманауи ізденістері нәтижесіндегі тың жаңалықтары әлем ғалымдарының назарын аударуда. Бүгінде өндіріске еніп, адамзат қажетіне жарап жатқан жобалар ғылым мүмкіндіктерінің зор екенін айғақтайды.

Бүгінде ауыз су тапшы­лығы ғаламдық мәселеге айналып отыр. Осы орайда ауыз сумен қамтамасыз ету және сарқынды суларды тазартудағы қазақстандық ғалымдардың жобасын ше­телдік әріптестер жоға­ры ба­ғалайды. 2018-2020 жылдары жүзеге асқан «Мем­браналық дистилляция және тіке­лей осмосқа қажетті қасиеттері бар жолдық мем­браналарды алу» жобасы жоғары сарап­тамалық рейтингке ие болды. Физика-тех­ника ғылымдарының кандидаты Максим Здоровецтің жетекшілігімен мамандар суды, соның ішінде тіке­лей осмос пен мембрана­лық дистилляцияға жетілдіріл­ген жолдық мембраналарды қолдануға негізделген радионуклидтерден тазарту тех­нологияларын ұсын­ды. Жоба полиэтилентерефталат (ПТЭФ) негізінде алынған жолдық мембраналар таза су алуда энергия шығындарын айтарлықтай төмендетеді және ағынды суларды тиімдірек тазар­ту­ға ықпал ететіндігімен ерекшеленеді. Еуразия уни­верситеті ғалымдарының жо­басы еліміздің көптеген аумақ­тарының сусыз­дануы және су ресурстарының бол­жал­ды тапшылығында эко­но­микалық және әлеу­мет­тік мәселелерді шешуде ма­ңызды.

Осы сияқты Д.Серікбаев атындағы Шы­ғыс Қазақстан техникалық университеті­нің қысқы уақытта жолдар мен тротуарларды тазалау бойын­ша механикаландырылған кешен туралы жобасы жаяу жүргінші жол­дарын көк мұз­дан экологиялық таза әдіс­тер­мен тазалаудың тиімді жол­дарын ұсы­нады. Бұл мә­селені шешу үшін техни­ка ғылымдары­ның докторы Михаил Дудкин бастаған ғалымдар тиімді әрі техноло­гиялық қарапайым нұсқасын жасаған. Олардың технологиясы бойынша, асфальтты немесе төсемтастар­ды бүл­дірместен жол бетін­дегі мұз қабатын тазалауға болады. Қазіргі таңда мұз жар­ғыш машиналардың 2 тәжіри­бе­лік моделі, жұмыс жабдық­та­рын зерттеуге арналған зертханалық тәжірибелік ­стен­­ді дайындалып, сынақтан өтіп, өндіріске енді.

Ал химия ғылымдарының докторы Гри­горий Мун же­текшілік еткен Әл-Фараби атын­­дағы ҚазҰУ ғылыми-технологиялық пар­кі ұжы­мының «Қала ауасын тазарту мен кондициялаудың өзін өзі қамтамасыз ететін кешенді жүйелерін өндіру технология­сын жасау» жобасының да тиімділігі жоғары. Қарапа­йым тілмен айтқанда, бұл технология – мультимедиа экраны мен ауа тазартқы­шы­ның гибриді. Онда су бір уақытта бөлмедегі ауа­ны да тазартып, экраннан кескінді де көрсетіп отырады. Сауда орталықтары мен қоғамдық тамақтану орындарының залдарына ілуге арналған медиа-экранның үлкен өл­шемді үлгісі де жасалды. Бұл үлгіні ауаны дезинфекциялау үшін де пайдалануға болады. COVID-19 пандемиясы адамзатқа мутация­ға ұшырайтын вирустардың қауіп-қатеріне және жаңа вирустардың немесе инфек­циялардың пайда болуы­на бейімделу қажеттігін тү­сін­діргендей. Г.Мунның ғы­лыми командасы ұсынған ше­шімдер биологиялық емес, вирусқа қарсы қорғаныс технологияларын пайдалануға мүмкіндік береді.

2018-2020 жылдары грант­тық қаржы­лан­дыруға ­ие болған «miRNA ассоциа­ция­лары және олардың мақсатты гендері негі­зінде жүрек-қан­тамыр, онкологиялық және нейродегенеративті ауруларды ерте диаг­ностикалаудың тест-жүйесін әзірлеу» жоба­сының нәтижелері сарапшылар тарапынан жоғары бағасын алды. Жобаны биология ғылымдарының докторы Анатолий Иващенко­ның жетекшілігімен Биоло­гия және биотехнология ғылы­ми-зерт­теу инсти­ту­тының ұжымы жүзеге асырғаны белгілі.

Соңғы жылдары жүрек-қан тамырлары, он­ко­ло­гия­лық, нейро­де­ге­неративті ауру­лар (Альцгеймер ауруы, Пар­кинсон ауруы, склероз және т.б.) халық арасында кеңінен етек жайып барады. Осы орайда әлемде мұн­дай патологиялардың пай­­да болу табиғатын то­лық түсінуге және алдын ала анық­тауға мүм­кіндік бере­тін молекулалық-генетика­лық зерт­­­теулер жүргізілуде.

Отандық ғалымдардың қол жеткізген зерттеу нә­тижелері көп кездесетін ауру­лардың молекулалық-генетикалық зерттеулеріне айтарлықтай үлес қосады деп күтілуде. Мысалы, миокард инфаркті, жүректің ише­миялық ауруы, гипертония, атеросклероз, инсульт сияқты ауру түрлері кандидаттық гендер жиынтығымен ерек­шеленеді. Сонымен бірге бұл ауруларды қоздыратын жалпы гендер тағы бар. Олар жүрек-қантамыр ауру­­ларының нақты бір түр­лерін қоздыратын кан­дидат гендерді анықтауда айтар­лықтай қиындықтар ту­ғы­зады. Жоба аясында адам гено­мының айқындалуын реттеуге қатыса­тын нано­өлшем­ді РНҚ молекула­ла­рының (миРНҚ) рөлі зерт­телді.

Бүгінде Д.Серікбаев атын­дағы Шығыс Қазақстан тех­никалық университетінің ға­лым­дары да ірі қара малға құрамындағы био­логиялық белсенді заттары жоғары сапалы жемшөп қоспаларын алудың тиімділігіне назар аударып отыр. Қазіргі уақытта мал азығын өндіруге кете­тін шығын 65-75 пайызды құрайды. Ал бұл зерттеулер жалпы мал шаруашылығына оң ықпалын тигі­зетіні анық. Нарықтағы дәстүрлі техноло­гиямен өндірілген құрама жемдердің құра­мында дән­ді-дақылдар үлесі 60-80 па­йыз. Бұл жемнің бағасы­на әсер етеді. Бүгінде көп­те­ген дамыған елдерде жем-шөп­ке астық­ты қоспайтын бол­ған. Яғни Батыс Еуропа елдерінде жем құрамындағы дәнді-дақыл­дардың үлесі бар-болғаны 12-15 пайыз. Бұл отандық мал азығымен салыстырғанда 4-5 есе аз.

Отандық ғалымдар ауыл шаруашылығы, тамақ және астық өңдеу өнеркәсібінің пай­даланылмаған қалдық­та­рын экструзиялық өңдеу ар­қылы жем және жемшөп қоспа­ларын жасаудың ре­цепті мен технология­сын ұсы­нып отыр. Экструзия тех­нология­сы өсімдік және био­логия­лық белсенді ком­по­ненттер­ді өңдеумен қа­тар, са­па­сыз шикізаттың тағам­дық құн­дылығын кө­бей­­туге мүм­кін­­дік береді. Алын­ған жем жо­ға­ры та­ғамдық құндылығы­мен, жеңіл сіңім­ділігімен, био­ло­гиялық белсенділігімен, сон­дай-ақ витаминді және ми­нералды құнды­лығымен ерекшеленеді.

Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-математика ғылымдарының докторы Әлия Асқарова бастаған ғылыми ұжым әзірлеген жо­­ғары температуралы ор­тадағы жылу және масса алмасу үрдістерін 3D үлгісінде мо­дельдеуге арналған жаңа компьютерлік технология­лары көмірмен жұ­мыс істейтін жылу электр стан­сала­рындағы от жағу камераларында болып жатқан үрдістерді көруге мүмкіндік береді. Яғни ЖЭС-тағы от жа­ғу камераларындағы жылу мен масса алмасудың күрде­­лі үрдістерінен тың мәлімет­тер алуға болады. Бұл көмір энер­­гетикасы саласында экс­перименттік зерттеулер­дің тиімсіз және қымбат әдіс­теріне уақыт кетірмей, жану үрдісін оңтайландыруға ың­ғайлы.

Мұнай саласы үшін өзек­­ті жобаны техника ғылым­дарының кандидаты Алла Би­рю­кованың жетекшілігімен Металлургия және байыту институтының ғалымдары жүзеге асырған болатын. Ар­шыма тау жы­ныстарының химиялық-минералогиялық құ­рамы және шикізатты күй­діру барысы зерттелді. MgO-Al2O3-SiO2 жүйесінің диаграммасына сәйкес аршыма тау жыныстары негізіндегі магнезиялы-силикатты композициялар құрамы есептел­ді. Көп компонентті шихталарды пайдалана отырып, аршыма тау жыныстары не­гізіндегі магнезия-силикат құрамдарын синтездеуде жү­ретін фи­зикалық-химиялық үрдіс заңдылықтары, сон­дай-ақ фазалық құрамы, құры­лымы және керамикалық мат­рицаның механикалық қасиет­терін қалыптастыруға әсерін анықтау жобаның бас­ты жаңалығы. Экономикалық жағынан да тиімді жобада табиғи және тех­ногендік ши­кізаттар пайдаланылады.

Медицина ғылымдары­ның кандидаты Шолпан Асқаро­ваның жетекшілігі­мен жүзеге асқан жасушалық ­терапияны қолдану арқылы сүйек тінін қалпына келті­ру жобасы Астана ұлттық зертханасы­ның Өмір туралы ғылымдар ор­талығы био­инженерия және реге­неративті медицина зертханасына тиесілі. Ғылыми топ алған полимер остеопороз салдарынан сүйектің сынуынан зардап шегетін егде жастағы адамдарға сү­йекті тезірек қалпына кел­тіруге көмектеседі. Зерт­теу­дің келесі кезеңдерінде жа­нуарларға экс­перименттер жүргізу жоспарлануда. Бұл тәжірибелердің нәтижесі сәтті болса, қазақ­стандық фармакологтар әлемдік на­рықта сұ­ранысқа ие жаңа дәрі жасауға мүмкіндік алады. Ұсынылған шешімдерді медицина мен биотехнологияда кеңінен қол­дануға болады.

Қазақстандық ғалымдар ашып, өндіріске енгізген жа­ңалықтар отандық ғана емес, әлем­нің ғылыми кеңістігі үшін тиімді. Бұл адам денінің сау­лығы мен ел экономикасын дамытуға бағытталған ғы­лымның жетістігі екені қуантады.

 

Әділ ИБРАЕВ,

Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының президенті