Қазақстан Үкіметі «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының кейбір мәселелері туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
«Сыйға тарту шарты бойынша «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының жарғылық капиталының 24,95%-ын құрайтын 2 671 481 жай акциясын республикалық меншікке беру туралы Skyline Investment Company S.A. жеке компаниясының ұсынысы қабылдансын», делінген қаулы мәтінінде.
Сондай-ақ «Alatau Capital Investment» ЖШС сыйға тарту шарты бойынша қоғамның жарғылық капиталының 3,85%-ын құрайтын қоғамның 413 412 жай акциясын республикалық меншікке береді.
Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетсек, 13 наурызда кәсіпкер Қайрат Сатыбалдыұлының «Қазақтелеком» АҚ-ның лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру ісі бойынша ұсталғаны белгілі болды.
14 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов «Қазақтелеком» АҚ Алматы мен Нұр-Сұлтандағы кеңселерінде тінту жүріп жатқанын хабарлады. Сондай-ақ ол компания қаражатын ұрлау фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын растады.