Атақты «Қыз-Жібек» фильмінің әр тұсы, әр деталі мәнді дер едік. Кино басталғанда жау өтіне жөнелген қолдың алдынан шығып, хабарын білуге Жібектің өзін жібереді ғой әкесі. Ұрыс даласынан туы желбіреп Бекежан батыр келе жатпай ма жау түсіріп? Торсықтағы ақты басына көтере салып, «жеңдік» дейді. Осы жалғыз-ақ ауыз сөз дүниені дүркіретіп жібермеуші ме еді сонда? Ол бір десеңіз, оған дейінгі деталь да қолдың жеңіп келе жатқанынан хабар берер еді. Өйткені жорықтан келе жатқан батырдың туы жығылмай тік келе жатады.
Мұның сыртында кинода қол бастаған әр батырдың өз туы мен дабылы болатыны туралы да емеурін жатыр. Әлгі фильмнен көргеніміздей, батырлар ұстаған байрақ қажет жерінде қарудың да рөлін атқара беретіндігі. Бекежан қолы мен Төлеген жау қосынының бетін қайтарып бола бергенде, қалмақтың бір жауынгері туды ала салып қашатыны да естеріңізде шығар? «Туды әкетті» деп барлығы сол қалмақты қуады. Төлеген жетіп, қалмақтың желкесін қиып, туды алып қалады да, соңынан келген екі қалмақты сол туымен-ақ ұрып-жығады. Сөйтіп байрақты тік көтеріп жөнеле бергенінде, жоңғар мергенінің Төлегенді атпақ болған оғы атына тиіп, ат-матымен құлаған ол жерден басын көтерген бойда жанталасып туды тік көтереді. Өліп бара жатсаңда туыңды жықпау парыз, демек. Қазақтың салт-санасында ертеден қалыптасқан бұл ұғымдар кинода осылай әсерлі көрсетілген. Әрі қарай саумалай берсе ту туралы бұдан да басқа кереметтерге жол ашылады.
Қазақта «ту ұстаған батыр» деген сөз бар. Тұрақты тіркеске айналып кеткен болуы да мүмкін. «Қыз Жібектегі» Бекежан шектінің туын ұстаған, бір елдің батыры, қолбасшысы болып шығады сонда. Жоғарыдағы тіркеске қарағанда, мына кинодағы туға қатысты детальдарды есепке алсақ, «ту түбінен ту алған, жауды көрсе қуанған» (Махамбет) батырдың қай-қайсы болсын жеке ту ұстай бергенге саяды. Олай деуімізге негіз де жоқ емес. Батырлар жырлары мен аңыз-әңгімелерде Бөгенбай, Қабанбай сияқты қол бастаған баһадүрлердің туы болғаны айтылады. Соған қарағанда бірнеше шайқаста шыңдалып, ерлігімен көзге түскен ержүректері ғана ту ұстай алса керек. Шоқан Уәлиханов ХVІІІ ғасырдың батырлары жайлы жазбаларында Жәнібек, Баян, Жанатай сияқты әйгілі батырларды атай келе, Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі Байғозының ерліктеріне тоқталатыны бар. Заманында ту ұстаған атақты Байғозы батырдың боз байрағы бүгінде елордадағы Ұлттық музейдің «Тарих» экспозициялық залында тұрғанын біреу білсе, біреулер білмес. Кемі 250-300 жылдық тарихы бар тудың пішіні төрт бұрышты. Алдыңғы бөлігінің екі бұрышы қиылған, ал артқы желбірейтін бөлігі үшбұрышты болып келеді. Мата бірнеше жерден тесілген. Ақ боз түс байырғы этномәдени ұғымда жеңістің нышанын білдіреді.
Аталған байрақты Ұлттық музейге Байғозы батырдың ұрпағы, этнограф-жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбек тапсырған. «Байғозы батырдың туы ата дәстүрі бойынша қара шаңырақ иесі саналатын кенже баласынан өрбіген ұрпақтарының қолында сақталып келген. Батыр тікелей өзі басқарған, өзі басшылық еткен қол-қосындарымен соғысқа кіргенде алып шығатын өз туы болған. Туының түсі боз болған. Осыған орай кезінде «Боз тулы Байғозы», «Байғозының боз тулы қолы» дейтін сөз тіркестері қазақ қосындарының арасында жиі естілетін болған», депті Ақаң бір сөзінде.
«Байрақтың алдыңғы бөлігінің екі бұрышы қиылған» дедік жоғарыда. Осыған қатысты және жалпы байрақ жайлы мынадай тамаша, қызық әңгімені кезінде өнертанушы, публицист Ерлан Төлеутайдың жазбасынан кездестіргенбіз. Соны желісін үзбей толық бергенді жөн көреміз. «Бұл ту ол кездегі Ағадыр ауданы, Ортау ауылының (бұрынғы Жаңаарқа ауданы, Ортау ауылы) тұрғыны Саламат нағашымда сақталып келді. 1992 жылы Ағадыр ауданының Айыртау деген (қазіргі Шет ауданы) жерінде Ағыбай батырдың 190 жылдық тойы өтті. Сол тойда осы ту тұңғыш рет арнайы көтерілді. Ту аруақтанып, дүрілдеп тұрды. Мен тудың түбінде отыр едім, Шота Уәлиханов бастаған Алматыдан келген бір топ зиялы азаматтар өтіп бара жатып, бұрылып келді. Шота Уәлиханов желбіреп тұрған туға таңырқап қарап тұрды да: «Бұл кімнің туы», деді. Мен: «Тарақты Байғозы батырдыкі», дедім. «Пай-пай!», деді Шота аға, сөйтті де қасындағы жазушыларға бірдеңе деп кетті (қазір есімде жоқ). Сосын маған бұрылды да: «Сіз кім боласыз?» деді мені баласынбай «сіз» деп сөйлеп. «Жиенімін» – дедім. Сәл ойланып тұрды да: «Көрдіңіз бе, бұл кісі менің Абылай бабаммен бірге жүріп, қалмақпен соғысқан. Енді олардың ұрпағы – екеуміз мына ту түбінде тұрмыз. Бұл тегін емес, бізді бабалардың аруағы кездестіріп тұр» деді. Сосын туға қарап аңырып, біраз тұрды да, серіктерін бастап кете барды.
Бұл тудан басқа Байғозы батырдың қылышы мен тұмары болған. Ол Жаңаарқа ауданы, Байдалы би ауылында менің туған нағашым Рақыш Әбдішевтің шаңырағында сақталып келген. Тұмар таза күмістен, бұрандалы (резбасы бар) ашылып жабылатын болған. Бұл бұйымдар кейін жоғалып кетті. Ал Ағыбайдың шешесі Қойсананың бейіті Шет ауданы, Қармыс деген жерде қараусыз жатыр (кейін көтермесе). Нағашы шешем Бибігүл Қалмағанбетқызының айтуынша, Қойсана әкесі Байғозыға тартқан сүйекті, алып әйел болыпты. Ағыбай әкесі Қоңырбайдан жас қалыпты. Шиеттей баласымен кедейшілік көрген Қойсана Қоңырбайдың ағайындарының қотанда жатқан қойын қолтығына қыса салып кете береді екен. Қойын бергісі келмей қарсылық көрсеткен шұбыртпалыларға: «Сендер қой жеп отырғанда менің Ағыбайым аш отыра ма» – деп итеріп тастап, қойды көтеріп жүре береді екен. Ағайындары дәнеңе дей алмай қалады екен. Сондай қайратты, бетті әйел болған дейді Қойсана. «Алып анадан туады» деген осы да! Ал мына туды Ақаң Саламат нағашымның қолынан алып, реставрация жасатып, елордадағы музейге өткізді. Кезінде бұл ту ұзыны бір құлаш, ені жарты құлаш алып ту болған екен. Әйелдер босана алмай, қиналған кезде шетінен жыртып алып, ырымдайды екен. Содан шеттері жырымдалған, ұлы денесін қалмақтың оғы шұрық-шұрық тескен көне ту болатын…
Сондықтан бұл ту тегін ту емес! Мұны көтерген Байғозы да оңай емес. Тегін батыр ту көтермейді».