Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын ауылдағы жұртшылық асыға күтті. Өйткені кешегі жүректі мұздатқан қаңтар қасіретінің суық ызғары әлі де ұмытыла қоймаған кезеңде ел билігінен оңды өзгерістер күтуіміз заңдылық.
Көпшілік күткендей Жолдауда жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы ортаға салынды. Әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар көпшілік көкейіне ұялады. Біздің, қаламгерлердің, ақпарат саласы қызметкерлерінің көңілін алаңдатып отырған бір мәселе – бұқаралық ақпарат құралдары рөлінің төмендеуі болатын. Бұл бағытта да алдымызда оң өзгерістер күтіп тұр. Жолдауда «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды», деді Президент. Мемлекет басшысының сөзінше, отандық БАҚ қоғамның сұранысына сай жұмыс істегені жөн. «Үкіметтік емес сектор маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеруде және олардың кешенді шешілуіне ықпал етуде. Реформаларды дайындау мен іске асыруға қоғамдық ұйымдар мен белсенділерді неғұрлым кеңінен және терең тарту қажет», дейді ол.
Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Бұған дейін біз, жетісулық ардагерлер сапында Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаев есімін беру туралы ұсыныс жолдаған болатынбыз. Көпшіліктің ұсынысы қолдау табатынын Президент Жолдауында атап көрсетті. Сондай-ақ Жетісу және Алматы облыстарын, Ұлытау облысын, Семей аймағында Абай облысын құру көпшіліктің жылдар бойы жүзеге аспай келе жатқан арманы болатын. Сондықтан біз Жаңа Қазақстан құру идеясы аясында Мемлекет басшысының жұртшылық тілегіне құлақ асқанын көріп қуандық.
Ал сайлау нәтижесі қай кезде де жұртшылықты алаңдатып келгені белгілі. Жолдауда атап көрсетілген осы тұрғыдағы пікір Президент ұстанымына сенімімізді нығайта түседі. «Халықаралық тәжірибеде сайлауды ұйымдастыру жүйесі ұдайы өзгеріп отыратыны белгілі, яғни әділ және ашық сайлау өткізу үшін тиімді шешім іздеудің маңызы зор», деген Мемлекет басшысы соңғы жылдарда бұл үдеріске ақпараттық және технологиялық факторлармен бірге коронавирус індеті де әсер етіп жатқанын атап өтті. «Көптеген ел дауыс берудің баламалы түрлерін пайдаланып жатыр. Яғни электронды, мерзімнен бұрын, қашықтан, көпкүндік дауыс беру тәсілдері кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан әлемдегі үздік тәжірибелерді зерттеп, қажет болса, оны біртіндеп енгізген жөн», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен Жолдау көпшілік назарына ұсынылды. Көптен күткен өзгерістер көңілімізді орнықтырды. Біз ұлыстың Ұлы күні қарсаңында осы Жолдаудан жыл келгендей жаңалық сезіндік.
Жомарт ИГІМАН,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Сарқан аудандық мәслихатының депутаты
Алматы облысы