• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Сәуір, 2022

Қазақстанда босқын мәртебесін қалай алуға болады?

512 рет
көрсетілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі бұйрығымен босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты тіркеу және қарау қағидалары бекітілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Босқын мәртебесін алу үшін пана іздеген адам Қазақстанға келген күнінен бастап 5 күнтізбелік күн ішінде немесе ол Қазақстан аумағында жүріп, нәсілі, ұлты, діни сенімі, азаматтығы, белгілі бір әлеуметтік топқа немесе саяси нанымға қатыстылығы бойынша қудалаудың құрбаны болғаны туралы білген күннен бастап Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сай өтініш береді.

Өтінішхат қазақ немесе орыс тілдерінде толтырылады. Егер пана іздеген адам өтінішхатты қазақ немесе орыс тілінде өз бетінше толтыра алмаса, онда ол аудармашының көмегіне жүгіне алады. 

Сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттар қоса тапсырылуы қажет.

Өтініш түскен күні өтініш берушіге Қазақстан Республикасында пана іздеген адамның куәлігі беріледі.

Куәлік 18 жасқа толған шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға үш ай мерзімге беріледі. Болашақта оның мерзімі тағы үш айға ұзартылуы мүмкін.

Бұл куәлік босқын деп тану туралы өтініш білдірген шетелдіктің, азаматтығы жоқ адамның Қазақстан аумағында болуының заңдылығын растайды.

Бұйрық 2022 жылғы 23 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі.