• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Сәуір, 2022

Қытайда ұзақ аялдаған жүктер

148 рет
көрсетілді

Қытай аумағында жүк контейнерлері ұзақ уақыт бойы тұрып қалатынын отандық бизнесмендер 2020 жылдан бері айтып жүр. Олар жүктерін тезірек алдырту үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан да көмек сұраған.

Айталық, Subaru Kazakhstan ЖШС контейнер­лері Қытай аумағында 5 ай бойы тұрып қалған. Жүктердің кешігуі компания үшін қо­сымша шығын екені белгілі.

«Біздің компания көлікке арналған сапалы бөлшектер­ді Жапониядан сатып алады. Алайда жолда Қытаймен шекарада жүк контейнерлеріміз ұзақ тұрып қалып жатыр. Осы­ған байланысты қаржылай шығын­дарымыз да өсті. Бұл жайт техниканың бастапқы құнына да кері әсерін тигізеді. Өзіміз Subaru-дың ресми дистрибьюторы әрі зауыттың атынан кепілдік бергендіктен қосалқы бөлшектерді жеткізудегі кез келген кідіріс клиенттеріміздің алдындағы міндеттемелерімізді бұзумен пара-пар», деді Subaru Kazakhstan ЖШС директоры Ақылбек Анарбаев.

«Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасының араласуы­мен былтырдан бері Қытай аумағында тұрып қалған қазақ­стандық 1 300-ге жуық контейнер елге келген.

«Қазіргі кезде Қытай 45 контейнерді Ляньюньган порты­нан шығару жөніндегі жос­парға қосты, тағы 96 контей­нер Қазақстан шекарасына жол тартты», делінген баспасөз хабарламасында.

«Атамекен» ҰКП маман­дары­ның айтуынша, Қытайдан жүк тиелген контейнерлер елге келе жатыр. Ұлттық палата осы тұрып қалған жүктер тура­лы деректерді 2021-2022 жыл­дар аралығында салалық ведомство­лар мен «Қазақстан темір жолы» компаниясына хабарлаған.

«Қазір біз оң динамиканы байқап отырмыз. Ұлттық палата 1 342 контейнер туралы деректері бар тағы бір тізім­ді жіберді. Сол тізімдегі жүктердің тұрып қалу мерзімі тым ұзарып кеткен. Шекарада 1-ден 4-ке дейін контейнері бар шағын және орта бизнес субъектілерінің жүктері 6-7 айдан  бері Қытай аумағында тұр. Бұл тізімдегі жүктерді де ел­­ге тезірек қайтаруға күш салып жатырмыз», дейді «Ата­ме­кен» ҰКП Төралқа төр­ағасы Райым­бек Баталов.

Биыл Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметпен бірлесіп, контейнерлерді жөнелтуді жедел­дету тетіктерін әзірледі: Па­­лата тұрып қалған контей­нер­лер туралы деректерді ҚТЖ, Ин­дустрия және инф­р­а­құры­лым­дық даму ми­нистрлігі және Сыртқ­ы істер министр­лігі­не жібе­реді. Мемлекет­тік орган­дар Қы­тай тарапы­мен қозға­лыс жос­парына Қазақ­стан контейнер­лерін енгізу мүмкін­дігін жан-жақ­ты қарастыруды қолға алмақ.