• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қаржы 14 Сәуір, 2022

Үнемделген қаржы – 5,3 млрд теңге

305 рет
көрсетілді

Өткен жылы елордалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің ұсынымдары бойынша жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге бюджет қаражаты үнемделген. Бұл нәтижеге мемлекеттік органдардың бюджет қара­­жа­тын игеруге мониторинг жүргізу аясында қол жет­кізіліп отыр.

Жүргізілген мониторингтің оң әсерін ескере отырып, бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасын тауып 1 тоқсандағы жағдай бойынша бюджет қаражатын үнемдеу 481,7 млн теңгеге жеткен.

Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мемлекеттік сатып алу жоспарының мониторингі 7 конкурс бойынша шекті бағалардың көтерілуін белгілеуге мүмкіндік берді.

Сатып алынатын тауарлар саны мен бағаны көтермелеп көрсету фактілері елорданың білім беру орындарының мемлекеттік сатып алу жоспарларында жиі анықталып жатады. Мысалы, 737 оқушы білім алатын Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептердің бірінде 20 млн теңгеден астам қаржыға 4 тонна шай, 1,5 тонна итмұрын және 1,3 тонна лимон сатып алу жоспарланған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымдары бойынша сатып алынатын тауарлардың жоспарланған көлемі қайта қаралып, көлемі біраз қысқартылды. Ал үнемдеу 99 па­йызды құрады.

Тағы бір факті бойынша елордадағы білім ордаларының біріне жалпы сомасы 11,2 млн теңгеге бағаланған 250 есік тоспасын сатып алу жоспарланған. Қалалық білім басқармасының мектепке дейінгі ұйымы мен Нұр-Сұлтан қаласы сыбайлас жемқорлық­қа қарсы қызметтің ұсынымдарын қарау кезінде бұл қар­жы көлемі біршама қысқартылған. Соның нәтижесінде, мемлекеттік бюджетті үнемдеу 10 млн теңгені құрады.