• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 14 Сәуір, 2022

Бұл «Қарагөз» бұрынғыдан өзгерек...

528 рет
көрсетілді

«Арқаның Ақсарайы» атанған Қарағандының С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық драма театрында түндігі түрілген күннен бергі 90 жыл ішінде түрлі «Қарагөздер» қойылған. Алайда бұл «Қарагөздің» сипаты да, сарапталуы да бөлек. Соңғы онжылдықта мәскеулік театр кеңістігін мойындатып жүрген қазақ қызы, Е.Вахтангов атындағы академиялық мемлекеттік театрының дарынды режиссері Гүлназ Балпейісованың қолтаңбасында жаңаша тынысы ашылған айтулы премьера заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық және киелі қарашаңырақ Сәкен театрының 90 жылдық мерейтойына орай сахна төріне шығып отыр.

«Қарагөздің» тарихы да, тағ­дыры да тұңғыш кәсіби қазақ театры бой көтерген сонау 1925-1926 жылдардан басталады. Ең алғаш Зура Атабаева, кейін Зәмзәгүл Шәріпова бастаған сахна өнерінің алғашқы қарлығаштары кемеліне келтіре кейіптеген күрделі бейне уақыт алға жылжыған сайын өзектілігін жоймай, керісінше өткірлене түскендей. Классиканың құдіреті де осы болса керек. «Қарагөз» ескірмейді, ол – уақыт­тан әлдеқайда алға озып кеткен туынды. Трагедия сонысымен құнды. «Қарагөзде» қазақтың ары, тазалығы мен тектілігі жатыр. Ұрпаққа аманат еткен қатаң ескертуі де бар. Осыны түсініп, астарын аша алған режиссер – нағыз суреткер.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап «Қарагөзге» жаңаша көз­қараспен қарап, ондағы өткір ойларды тереңнен талдауға деген талпыныстар режиссерлер ізденісінде табысты жүзеге асты. Әсіресе М.Әуезов атындағы Ұлттық ака­демиялық драма театрында режиссер Болат Атабаев қойған «Қа­рагөздің» бағы да, бәсі де жоғары болды. Кейін араға жылдар салып жаңа заман көзқарасында соны шешімдерге барған талантты режиссер Фархат Молдағалидің «Қарагөзі» көрерменін өзгеше биіктік бедерінде аһ ұрғызды. «Ал Мәскеуден арнайы шақырылған режиссер сараптауында бұл «Қарагөз» несімен ерекешеленді екен?» деген сауал бізді Қарғандыға қарай асықтырды. Ресейде оқып, кәсіби көзқарасы сол елде қа­лып­тасқан жас маман қазақ клас­сикасының ұлттық жауһарын қалай сөйлететіні шын мәнінде бізге ғана емес, әр көрермен үшін қы­зық болғаны сөзсіз. Оған премьера күні залда ине шаншар орын қалдырмай жиналған қалың қауымның ыстық ықыласы куә.

Хош, сонымен әңгімеміздің ар­қауына айналған Қара­ғандының «Қарагөзіне» оралсақ. Уақыт деген өлшемге бағынбайтын ғашықтар трагедиясын режиссер кешемен де, бүгінмен де үндестіреді. Басты рөлдерде және көпшілік сахнасында негізінен театрдың жас буын әртістері ойнады.

Қойылым режиссері Гүлназ Балпейісовадан басқа спектакль қоюға және бірнеше мәскеулік маман атсалысыпты. Олардың қата­рында киім суретшісі – И.Оскол­ков, жарық суретшісі – Н.Тума­нян, композитор – О.Синкин, балетмейстер – Э. Иманғазина баста­ған талантты шығармашылық топ бар. Жалпы, шетелдік театр ма­­ман­дарының өз командасы­мен жүретінін ескерсек, бұл өнер үшін таңсық жайт емес. Біз­ді қуант­қаны – алыстан ат арытып жет­кен мамандардың үмітті ақтап, жоғары кәсібилік биігінен көріне алғаны дер едік. Әсіресе жарық қою маманы Н.Туманянның еңбегі бірден назар аудартады. Заманауи театр өнерінің басты иек артатын көркемдік құралы жарық қою десек, сол талаптың үздік үлгісін көрсеткен суретші жұмысы зор қошеметке лайық. Сондай-ақ композитор мен балетмейстер жұмысы да көңілге құрмет орнықтырады.

Жұмысына минимализмді бас­ты тірегі еткен қойылым сцено­графы Қанат Мақсұтов та аз дү­ниемен сахнада көп ой айтуға ұм­тыл­ған. Соның бірі – шаңырағы жоқ, уықтары көкке қарай бейберекет шаншылған киізүйдің қаңқасы, белгісіз ортада қараусыз қалған домбыралар, ен далада жалғыз жайқалған жалқы тал-терек – мұның барлығы да бас кейіпкер көңіл күйі мен бүгінгі қазақ қоға­мының жай-күйінің хабаршысындай әсер қалдырды. Иесіз домбыра – соңғы тұяқ Сырымдармен бірге келмеске кеткен сал-серілік өмірдің сарқыты болса, қираған киізүй – қиюы кетіп, тоз-тозы шыққан салт-дәстүр, бәлкім баян­ды бақыттан дәмелі болған Қа­ра­гөздің өзін түсінбес ортада астаң-кестеңі шыққан ару арманы, сахнадағы жалғыз тал-теректей өз ортасы мен қоғамынан бөлініп оқшау қалған жетім көңілінің кө­рінісін алдыңызға жайып салады. Режиссердің түпкі мақсатына қызмет еткен бұл шешім – өз міндетін толықтай ақтап тұр.

– Мен бұл қойылымда қазақ­тың ен даласын көрсеткім келді. Кәдімгі ән салып тұрған қазақтың даласын. Өйткені ойдың, қиялдың кең байтақ даланың төрінде еркін көсілгенін қалаймын. Мен үшін трагедияның көтерер жүгі мен сахна безендіруінің сәйкес болуы маңызды. Жалпы, мен әу бастан жылтыраққа әуестер қатарынан емеспін. Маған көрерменнің сол дәуірге сүңгіп кетіп, өзін ұмытып, демалғаны керек. Кейіпкермен бірге тарих қойнауына сапарлап, солармен бірге күліп, қайғысына ортақ болғанын көргім келеді, деп тарқатты сценография мен режиссерлік сараптауы арасындағы сабақтастықты қойылым режиссе­рі Гүлназ Балпейісова.

Әйгілі режисер, театр өнерінің реформаторы Римас Туминас­тың төл шәкірті, Мәскеудің театр әлемін мойындатқан таланттың әлбетте қойылымды дәл осылай көркемдік биікте сараптауы заңды да. «Қарагөздің» түп-тамырын қа­зақтың ен даласындай кеңдігі мен шексіздігінен із­дегені де сүйсінтеді. Сахна ке­ңістігін ойнату шеберлігіне және тәнтіміз. Әйтсе де, қазақтың ұлттық классикасы мен Мәскеу мектебінің бір-бірімен қиыспас параллельді жолы, таным-түсі­нік­тегі қарама-қайшылықтар «Қа­ра­гөздің» көркемдік деңгейіне айтар­лықтай зардабын тигізгенін атап өтуге тиіспіз. Ол қарапа­­йым кейіпкерлердің мінезін түзу мен киім-киіс, жүріс-тұрыс, қимыл-әрекет, таным-түсінігіндегі ал­шақ­тықтың арасында да ап-анық көрініп тұрды. Мәселен, ма­хаб­батты да, дәстүрді де тәр­тіп­ке бағындырған Мөржан бас­таған топты қара киімге оран­дырып, орыстың шіркеу қыз­меткерлеріндей сипатқа түсіруі, тіп­ті мойнындағы алқаның өзі де сол ұлттың діни сенімін айғақ­тайтын символикада суреттелуі, сол секілді бас кейіпкердің жынданып өлгеннен кейін ескерткішке айналып, бүгінгі жастардың суретке түсетін орнына айналуының өзі де қазақы ұғым-танымға қай­шы-ақ. Қарагөз бен Сырым, Мөр­жан мен Қарагөз, Қарагөз бен Нарша, Ақбала арасындағы қа­­рым-қатынастар да қазақтың дана­лық­қа бай дәстүрінен тым алшақ. Заманға лайықтап, спектакльге барынша фарстық сипат үстеген режиссер әдісі «Қарагөздің» жалпы табиғатын жатырқап-ақ тұр. Тіпті соны жеткізудегі актерлердің ойыны да көп жағдайда өзін өзі ақтамайды. Кейіпкерсындылыққа басымдық берген ізденіс іздері трагедияның толық астарын ашты, «Қарагөздің» толыққанды кіл­тін тапты деп айтуға жетпегенін мо­йындауға тиіспіз. Мәскеу мек­тебі Мөржанның тереңдігін, Қара­гөздің ибасы мен тазалығын, Нар­шаның зиялылығы мен Сырым­ның серілігін көлегейлеп тас­тағандай әсер қалдырғанын жасырмаймыз. Қанша жерден заманауиландырылды десек те, ұлттық классика түбірінде­гі дәнектің дәмі бәрібір таңдайға ке­ліп тұруы керек-ақ. Кезінде Фар­хат Молдағалидің «Қарагөзінде­­гі» режиссерлік шешімдер көкей­ге өксік тығып, жаныңды аяздай қарыса, бұл «Қарагөзде» ешкімді де аямайсыз. Барлық кейіпкердің тағдыры осылай болуы заңды деп қабылдайсыз. Сондықтан болса керек, «Қарагөздің» әу бастағы мақсаты, автордың келешекке қал­дырған аманаты, драматургия астары өз діттегеніне жетті деп айта алмаймыз, өкінішке қарай.

Актерлік ойынға келсек, мұн­да да режиссер талабына сай әртістер барынша қазақтың дәс­түрлі рөл сараптау мектебінен қа­шып, жаңаша формалар мен із­деністерге барғаны байқалады. Ол да кейбір тұста өз-өзін ақтап жатқанымен, кейбір тұста санада сан түрлі сұрақ қалдырады. Әсіресе Қарагөз бен Мөржан бейнесі тағы да тереңдетуге сұранып-ақ тұр. Нарша рөлінің бояуы бәсең. Сырымға да салиқалы ізденістер қажет-ақ. Ақбала бойындағы шектен тыс ашықтық пен бейәдептік те қойылымда өзін ақтады деп айта алмаймыз. «Заманың осындай ­болса, несіне арланасың?» деп қарсы сауал да тастауыңыз мүм­кін. За­ман сондай болғанымен, қаза­қы қоғамның келбетін бұлай­ша айғыздаудан көрерменнің көп нәрсе ұтпасын ұмытпағанымыз жөн деп санаймыз. Бүгінгі қара­көздеріміз кешегі Қарагөздің әрекетінен жерінбей, керісінше салт-дәстүріне құрметпен қарап, ұлтының ұлылығын ұғынса деген тілек қалды көңілде.