Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылған болатын. Содан бері үш айға жуық уақыт өтті. Осы мерзім аралығында бірқатар ұйымдастыру мәселесі шешіліп, қамқоршылық кеңесі Қордың жұмыс жоспарын, негізгі бағыттарын бекітті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
– «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 3 айдан бері жұмыс істеп келеді. Ұйымдастырушылық мәселелер шешілді, ал қайырымдылық өнімдер желісі құрылған кезде толыққанды қызметін бастайды. Екі апта бұрын Қамқоршылық кеңес Қордың жұмыс жоспарын, жұмыстың негізгі бағыттары мен тәсілдерін бекітті. Ұйым шотына 126 млрд теңге қаражат жиналды. Бұл айтарлықтай қомақты сома. Ол өз кезегінде елеулі жұмыс атқаруға мүмкіндік береді. Біріншіден, Денсаулық сақтау министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілуі тиіс екеніне қарамастан дәрі-дәрмекпен қамтылмай қалған орфандық аурулармен ауыратын науқастардың тізімі айқындалды. Біз дәрі-дәрмекпен жеке қамтамасыз етуді қажет ететін орфандық аурулармен ауыратын 201 баланың бар екенін анықтадық. Тізімді Денсаулық сақтау министрлігі және жергілікті атқарушы органдар әзірледі. Сарапшылармен бірге білікті дәрігерлер, қамқоршылық кеңесінің мүшелері – біз көмек көрсететін барлық ұйымдастырушылық мәселені пысықтауда, – деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта ең қиыны шетелдік дәрі-дәрмек өндірушілерімен тікелей байланыс орнату болып отыр. Дәрі-дәрмектің көбі елімізде тіркелген, бірақ соған қарамастан қор осы дәрі-дәрмекті өндірушілермен тікелей байланыс орнатуды көздейді. Тіркелмеген препараттар бойынша да солай болмақ. Бүгінде бірқатар компаниямен келісімшарт пысықталып жатыр. Өз кезегінде, Б.Жәмішев келесі жылы тізімдегі барлық бала бюджеттік өтінімдер бойынша мемлекет кепілдік берген көмекті ала алатынына үміттенетінін жеткізді.
– «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры үш айда айтарлықтай жұмыс атқарды. Бүгінде қаза тапқан 19 және ауыр жараланған 106 Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне және Қорғаныс министрлігі мен Республикалық ұланның әскери қызметшілеріне жалпы көлемі 451 млн теңгені құрайтын материалдық көмек көрсетілді. Сондай-ақ қаңтар оқиғасында жазатайым қаза болғандардың туыстарына қаражат бөлінді. Қаза тапқан үш азаматтың отбасы мүшелеріне ақшалай төлем жіберілді. Олардың жазатайым оқиғаның құрбаны екенін құзырлы орган растады. Сондай-ақ зардап шеккен үш баланың және қайтыс болған екі баланың отбасыларына ақшалай төлем жолданды. Жалпы, төлем сомасы 44 млн теңгені құрады. Қазір қаза тапқан 13 бейбіт тұрғынның туыстарына ақша аудару үшін мәліметтері нақтылануда. СМА ауруына шалдыққан 20 бала мен 2 ересек адамға дәрі-дәрмек сатып алуға арналған келісімшарт қол қою кезеңінде. Жұлын бұлшықеттерінің атрофиясы бар 4 балаға Қазақстанда тіркелмеген қымбат тұратын Onasemnogen abeparvovec (Zolgensma) препараты сатып алынды, – деді Қор төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
Қайырымдылық көмек көрсетуді жалғастыра отырып, «Қазақстан халқына» қоры мемлекеттік емес ұйымдармен, қорлармен бірлесіп бірқатар жобаны жүзеге асырады. Серіктес ретінде өтінім бере алатын ҮЕҰ, қорларға қойылатын критерийлер қордың ресми сайтында көрсетілген.
– Білім беру саласында ауылдар мен аудандардағы білім ошағының деңгейін көтеруге бағытталған бағдарлама әзірленеді. Орфандық ауруларға шалдыққан науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жобасы, трансплантациялауға, онкологиялық және онкогематологиялық патологияларға мұқтаж науқастарға қайырымдылық көмек көрсету жобалары, мүгедектерді (балалар мен ересектерді) арбамен, бионикалық протездерді оңалту үшін техникалық құралдармен қамтамасыз ету бағдарламалары жасалады, – деді Қор төрағасының орынбасары.