Алаяқтықтың алуан түрін меңгеріп алған топтар айылын жияр емес. «Аңқау елге арамза молда» болып жүргендер қақпанға түсетін құрбандарын таңдап, қарапайым халықты алдап, олардың соқыр тиынына дейін иемденіп кетіп жүр.
Өтірікті судай сапырып, әлеуметті әбігерге салған қаржы ұйымдарының арбауына түскендер қанша қаржысынан айырылды? Қаржы пирамидаларынан зардап шеккен жәбірленушілердің саны қаншаға жетті? Қылмыстық іске қатысы бар ұйымдарды не күтіп тұр? Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов қоғамды толғандырған мәселенің мәнісіне үңілді.
«Өткен жылы еліміз бойынша қаржы пирамидаларының құрбаны ретінде 31 мыңнан астам азамат тіркелді. Оларға 54 млрд теңгеден астам қаржы көлемінде залал келтірілген. Бүгінгі таңда ішкі істер органдарының өндірісінде осы санаттағы 65 қылмыстық іс бар, 3 мыңнан астам адам жәбірленуші болып танылды», деді ІІМ өкілі баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде.
Санжар Әділовтің мәліметінше, соңғы жылдары қылмыскерлердің қызметі экономикалық белсенділіктің жоғарылауымен, сондай-ақ халықтың инвестицияларға қызығушылық таныта бастауымен байланысты болып тұр.
«Сайттарды бұғаттау, ұйымдастырушыларды, филиалдарды, құрылымдық бөлімшелерді орнату секілді шаралардың нәтижесінде 180-нен астам қаржылық инвестициялық компания мен фирманың қызметі тоқтатылды.138 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың 50-і сотталды, қалғандарына қатысты сот талқылауы жүріп жатыр», дейді спикер. Сондай-ақ ол блогерлердің де қаржылық пирамида қызметіне белсенді қатысатынын атап өтті.
Осыған орай С.Әділов Astex.kz, ACD Technology және Mudarabah Capital ЖШС-лары қаржылық пирамидалар желісінің қызметінен зардап шеккен жәбірленушілердің өтініштері және Ішкі істер министрлігі ғимаратының маңындағы жәбірленушімен болған оқиғаға қатысты арнайы мәлімдеме жасады. «Бұл қаржы пирамидалары өздерін үстеме табысты инвестициялар саласындағы табысты ұйымдар ретінде жарнамалап келген. Азаматтардың қаражатын тарту үшін қылмыскерлер ынтымақтастық туралы соңғы келісімшарттар жасасып, қаражат мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін жіберіліп отырған. Көрсетілген қызметтен салымшыларға ай сайын 20 пайызға дейін дивидендтер төлеуге уәде етілген», дейді спикер.
Алайда іс жүзінде Аstex.kz және ACD Technology ЖШС-лары мемлекеттік сатып алуға қатыспай, инвесторларға дивидендтер жаңа салымшылардың жарналары есебінен төленіп келген. «Бұл ретте түсетін қаржы көлемін ұлғайту мақсатында жоғарыда аталған қаржы пирамидаларының қызметіне белгілі блогерлер жарнама жасау үшін тартылды. Қазіргі уақытта осы серіктестердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, біраз ауқымды жұмыс атқарылды. Көптеген экономикалық, бухгалтерлік сот сараптамасы тағайындалды», деп мәлімдеді департамент қызметкері.
Жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалды өтеу мақсатында тергеуші күдіктілер мен олардың туыстарына тіркелген Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және Алматы облысында орналасқан мүлікке (4 жер учаскесі, 10 пәтер, 5 жеке үй, 2 автомобиль, 1 дүкен және компанияның барлық есеп айырысу шоттарына) тыйым салған. Тыйым салынған мүліктің тағдырын сот шешеді. Осы қылмыстық іс шеңберінде 14 адам күдікті деп танылды.
«Елге танымал үш блогер – Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзім Саидбаев осы қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылды, екеуіне қатысты «кепіл» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылса, біреуі күзетпен ұсталды», дейді Санжар Әділов.