• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Сәуір, 2022

Электрондық еңбек биржасында 72 мың бос жұмыс орны бар

182 рет
көрсетілді

2022 жылғы наурызда Электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) 72,7 мың бос жұмыс орны орналастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«2022 жылғы наурызда Электрондық еңбек биржасында 72,7 мың бос жұмыс орны және 48,8 мың түйіндеме орналастырылды. Өткен аймен салыстырғанда жарияланған бос орындар санының шамалы өсуі (+0,5%) және ізденушілер тарапынан белсенділіктің күрт төмендеуі (-11%) байқалды», делінген Еңбек министрлігі мәліметінде.

Осылайша егер биыл ақпан айында бос орындар саны түйіндеме санынан 32%-ға асып кетсе, наурыз айында бос орындар мен ізденушілер арасындағы алшақтық шамамен 50%-ды құрады.

«Өңірлік бөліністе бос орындар саны Жамбыл (+28% немесе 3,4 мың бос орынға дейін), Павлодар (+22% – 5,9 мың бос орынға дейін), Солтүстік Қазақстан (+14% – 2,5 мың бос орынға дейін) және Батыс Қазақстан (+12% – 3 мың бос орынға дейін) облыстарында өсті. Бұл ретте өңірлерде жұмыс берушілердің қажеттіліктері әртүрлі. Мәселен Жамбыл облысында орта мектеп мұғалімдеріне, Павлодар облысында күзетшілерге, жүргізушілер мен кондукторларға сұраныс жоғары. Солтүстік Қазақстан облысында медбикелер мен мейіргерлерге, санитарлар, тарату желілерін пайдалану жөніндегі электромонтерлар, сондай-ақ ауыл шаруашылығының инженер – механизаторлары қажет», деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Басқарушы директоры Александра Молчановская.

Сонымен қатар жұмыс іздеушілер тарапынан белсенділіктің барынша өсуі Шымкент қаласында (+48,1%, 4,3 мың түйіндемені құрап), Павлодар облысында (+20,3% және 2,6 мың түйіндеме) және Қостанай облысында (+12,7% және 2,1 мың түйіндеме) байқалды. Бұл ретте түйіндеме санының күрт қысқаруы 5 өңірде байқалды: Маңғыстау (-62%), Алматы (-30%), Қызылорда (-24%), Атырау (-23%) және Ақтөбе (-22%) облыстары.

«Наурызда ерлер мен әйелдер тең жұмыс іздеді. Бұл ретте жас бөлінісінде, алдыңғы айдағыдай, ізденушілердің үштен бірі жастар арасынан, ал әрбір төртінші – неғұрлым жетілген жаста (46 жас және одан жоғары) болды», деп аталып өткен ведомство хабарламасында.