• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Сәуір, 2022

Өтініштерді қарау: талап пен тәртіп

483 рет
көрсетілді

Сот істері бойынша азаматтардың өтініштерін қарау тәртібі қандай? Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинигте Жо­ғар­ғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов, Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев және Респуб­ли­ка­лық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев жан-жақты жауап берді.

Брифингте екі мәселені – сот акті­ле­рі­не шағымданудың процестік тәртібі және соттарда азаматтарды қабыл­дау мәселелері туралы баяндаған Н.Шәріпов шағымдарды, өтінішхаттарды, нара­зы­­лық­тарды қарау тәртібі іс жүргізу ко­декс­­­те­рінде нақты жазылғанын айтты.

Қазақстанда қолданылатын сот ісін жү­р­гізудің төрт түрі бойынша өндіріс­тер­ді қылмыстық процестік, Азаматтық процестік, Әкімшілік рәсімдік және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ко­дек­стер реттейді. «Сотқа іс түскен кезде оларды компьютер кездейсоқ таңдау әдіс­імен судьялар арасында автоматты түр­де бөледі. Сот төрағаларының да, судья­лардың да нақты істі «керекті» судьяға беруге мүмкіндігі жоқ. Осы қа­таң тәртіп істі одан әрі қарау барысында, апелляциялық, кассациялық тәртіпте болсын қатаң сақталады. Шағымдар мен өтініштерді, наразылықтарды қарау тәр­тібі процестік кодекстерде нақты белгіленген», деп түсіндірді спикер.

«Істі алдымен бірінші саты, яғни аудан­дық соттар қарайды. Іске тарап­тар шағымданған жағдайда оны апел­ля­циялық деңгейде облыстық соттар қа­райды. Кейін шағым кассацияға, яғни Жоғарғы сотқа түседі. Егер азамат кас­са­ция­ның шешімімен келіспесе, онда оның тағы да 2 мүмкіндігі бар. Бі­рінші – Бас прокурорға жүгініп, на­ра­­зылық енгізуді сұрау. Екіншісі – Жоғарғы сот төрағасына жүгініп, кассацияда қайта қарауға ұсы­ным енгізуді сұрау», деген спикер сот акті­лерін қайта қараудың басқа жолдары жоқ екенін айтты. «Барлығы да процестік кодек­с­тер­дің шең­берінде реттеледі, әрбір сот сатысын­да өтініштерді қараудың өз мер­зімі бар», деді ол.

Судьялардың істер мен шағымдарды процестік нормаларды қатаң басшылыққа ала отырып қарауға міндетті екенін ес­кертіп өткен Н.Шәріпов: «Заң бойынша судьяларға сот залынан тыс жерлерде тараптармен байланыс орнатуға қатаң тыйым салынады», деді.

Ал екінші мәселе – сот істері бо­йынша азаматтарды қабылдауға қатысты Жо­ғар­ғы соттың азаматтық істер жөнін­дегі сот алқасының төрағасы: «Сот актілеріне шағымданудың нақты тәртібі бар бола тұра кейбір азаматтар жеке қабылдау ар­қылы сот актісін қайта қа­рауға ықпал еткі­сі келеді. Барлығы өз­де­рін Жоғарғы сот төрағасының жеке өзі немесе сот ал­қа­­­сының төрағасы қа­был­дағанын қалай­ды. Бірақ процестік кодекстер нақты сот істері бойынша аза­маттарды қа­былдауға тыйым салады. Бұл заңға қай­шы әрекет және оған мүлде жол берілмеуі керек», деді.

Сотты басқа мемлекеттік органмен салыстыруға болмайтынын, соттардың өз ерекшеліктері бар екенін түсіндіріп өткен спикер брифингте сот төрағасының өзі судья болғандықтан нақты істер бо­йынша азаматтарды қабылдауға құқығы жоқ екенін ескертті.

Н.Шәріпов күні бүгінге дейін Жоғар­ғы сот төрағасы, алқа төрағалары сот акті­­лерімен келіспеген азаматтарды жеке қабылдап келгенін, олардың кейбірі қа­был­­дауда бірнеше рет болғанын да ашық мәлімдеді. «Біз заңға қайшы келсе де азаматтардың өтінішіне құлақ асып, қабылдау жүргіздік. Кез келген істе екі тарап бар. Қылмыстық процес­те: сотталушы мен жәбірленуші. Аза­мат­­­тық процесте: талапкер мен жа­уап­кер. Бірақ біз тек бір тарапты ғана қабыл­дап, тыңдағандықтан процеске қаты­сушы екінші тарап бізді айыптап, нара­зылық білдіре бастады. Себебі әр тараптың өз шындығы бар. Біз бір тарапты қабылдасақ, екінші тарапта сот дауды біржақты қарап жатыр деген күмән туады. Осылайша, жеке қабылдауды мүлдем басқаша түсінеді», деді ол.

Өз сөзінде Н.Шәріпов жеке қабыл­дау­ды сот процесіне айналдырудың заңсыз екенін айта келіп, әлемнің бірде-бір елінде судьялардың сот істері бойынша жеке қабылдау жүргізбейтінін алға тартты. Оның сөзінше, бұл сот төрелігінің бас­ты принциптері – тараптардың тең­дігі мен жарыспалылығын бұзады.

Ал Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев брифингте Пре­зи­денттің тапсырмасымен 2020 жылдан бері елімізде қылмыстық процеске кезең-кезеңмен үш буынды модель енгізу басталғанын жеткізді. Жаңа модельдің бірінші кезеңі 2020 жылы енгізілді.

«Осы модель бойынша прокурор тергеудің негізгі шешімдеріне келісім береді. Бұл – адамды күдікті деп тану, оның жасаған әрекетін саралау, істі тоқтату немесе қысқарту және басқалары. Оларды прокурор мақұлдамаса, тергеу шешімдерінің заңды күші болмайды. Қылмыстық процестік кодексте келі­сім беру мерзімдері және оның бар­лық процедуралық тұстары нақты жа­зыл­ған. Келісім беру процесі «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізі­лімі» арқылы электронды түрде онлайн форматта жасалады. Тергеуші дайындаған бойда қаулы электронды жүйе­де бірден прокурорға түседі», деп түсіндірді ол. «Егер шешім заңды болса, прокурор оған цифрлы қол қойып, сол сәтте оны тергеушіге қайтарады», деді Ә.Шыңдалиев.

Жаңа модельді енгізген уақыттан бері прокурор «фильтрі» арқылы 500 мыңнан астам тергеу шешімі өткен. Нәтижесінде, тергеу сапасы жақсарып, заңсыз шешімдер саны азайған. «Осы жолы үш буынды модельдің үшінші кезеңі басталды. Енді прокурорлар аса ауыр қылмыстар бойынша айыптау акті­сін өздері дайындайды. Прокурорлар 191 аса ауыр қылмыс бойынша айыптау акті­лерін жасап, сотқа жолдады. Енді тергеу аяқ­талған соң прокурорлар тағы да істің барлық материалына толық талдау жасайды. Талдау нәтижесіне сәйкес айыптау актісін дайындап, істі сотқа жібереді, не болмаса қайта қа­рауға тергеушіге кері жолдайды неме­се істі мүлдем тоқ­та­тады. Бұл тәсіл прокурорлардың айғақ­тар­ға тәуелсіз баға беру механизмін күшейт­ті. Адамды айыпталушы деп сотқа жол­дағаны үшін жеке жауапкершілік күшей­ді. Демек бұл механизм тергеу қателеріне және негізсіз айыптауға жол бермеудің тағы да бір фильтріне айналды», деді Бас прокурордың орынбасары.

2023 жылдан бастап барлық сыбайлас жемқорлық туралы істер, ал 2024 жылдан қал­ған қылмыстық істер осы тәртіпке көше­тін болады.

Брифинг барысында прокурорлардың сот сатысындағы рөлі мен өкілеттіктеріне тоқталған прокурорлардың басты мін­деті – міндетті айыптау үкімінен бас тартып, заңдылықты қамтамасыз ету екенін айтты. Оның айтуынша, сотта прокурорлар мемлекет атынан айыптау­ды қолдайды.

«Бұл жерде мынаны ескере кеткен жөн. Бұрын прокурорлар қайтсе де айып­тау үкіміне қол жеткізуге ұмтылатын. Қазір мұндай көзқарастан толық бас тартылды. Мемлекеттік айыптаушының бас­ты міндеті – іс бойынша әділдікті және заңдылықты қамтамасыз ету», деді прокуратура өкілі.

Егер ол сот үкімімен келіспесе, онда апел­­ляциялық өтініш береді, яғни об­лыс­­тық сот алқасына жүгіне алады. Мұн­дай құқық Бас прокурорда, оның орынбасарларында, облыс прокурорлары мен олардың орынбасарларында және аудан прокурорларында бар.

«Апелляцияға облыстық прокуратура қызметкерлері қатысады. Бұл – тағы бір сүзгі. Олар тек сот шешімінің заңдылығын тексеріп қоймайды. Со­нымен қатар  мемлекеттік айыптаушы ұстанымына да баға береді. Ол үшін қылмыстық іс материалдарын зерделейді. Үкімнің заңды немесе заң­сыз емес екені туралы қорытынды бе­ре­ді. Егер апелляция үкімді күшінде қал­дырса, онда кассациялық сатыға – Жоғарғы сотқа наразылық жолдай алады», деді Ә.Шыңдалиев.

Сотқа қатысушы тараптар Жоғарғы сотқа немесе Бас прокуратураға шағым жіберуге құқылы. Бас прокуратура об­лыстық прокуратура және соттар ұста­нымымен байланысты емес. Бар­лық істерді алдырып, оларды жеке-жеке зерделейді. Оның барысында мін­дет­ті түрде дәлелдердің толықтығын, айғақ­тар мен сарапшы берген қорытынды қате­лерін, сондай-ақ басқа да маңызды мәселелер ескеріледі. Егер сот шешімі дұрыс болмаса, наразылық енгізіледі.

«Көптеген үкім тараптар шағым бер­месе де біздің бастамамен қайта қарал­ғанын атап өткен жөн. Себебі қыл­мыс­ты саралауда, түзету мекемесін таң­дау­да, жаза мерзімін есептеуде қателік кетіп жатады. Сол үшін біз сот шешім­де­рі­не тұрақты түрде мониторинг жасаймыз. Жоғарғы сотпен бірлесіп жекелеген қылмыстық істер санаттары бойынша бірыңғай практика қалыптастырып жатырмыз», деді Бас прокурордың орынбасары.

Брифингте БАҚ өкілдерінің сұрақ­та­­рына да жауап берген Бас про­курор­дың орынбасары бүгінде әр облыстық про­куратурада азаматтарды қабылдау орта­лықтары құрылғанын айтты. «Қа­­зақ­стан­дықтар сол жерден өзіне қа­­­жетті кеңес ала алады» дейді ол.

«Кей­бір аймақтарда мұндай ор­та­лық­тар Жоғарғы соттың татуласу орталық­тарымен бір алаңда жұмыс істеуде. Ол жерлерде прокуратура басшылары мен қызметкерлері азаматтарды қабыл­дай­ды. Шағымды қолма-қол немесе «электрондық үкімет» пор­та­лы арқылы беруге болады», деді Ә.Шыңдалиев.

Сондай-ақ Әсет Шыңдалиев тергеу мен соттарда заңдылықты қамтамасыз ету бойынша прокуратура органдары жұмысының негізгі аспектілеріне тоқталды. Мемлекет басшысы қылмыс саласында адам құқықтарын қорғауды күшейтуге тұрақты назар аударып келеді. Ал Президенттің тапсырмасы­мен 2020 жылдан бері Қазақстанда ЭЫДҰ елдері тәжірибесінің негізінде қыл­мыстық процеске кезең-кезеңмен үш буынды модель енгізу басталды. «Оның негізгі мазмұны – полиция, прокуратура және сот арасында өкілеттіктерді нақты бөлу. Бұл тәртіп бойынша полиция айғақтарды жинап, оларды бекітеді. Ал прокурор маңызды шешімдерді қа­былдауға келісім беріп, істі сотқа жол­дайды. Өз кезегінде сот бақылау жа­сайды, үкім шығарады және жаза бел­гілейді», деді спикер.

Республикалық адвокаттар алқа­сының төрағасы Айдын Бикебаев сот істері бо­йынша азаматтардың өтініш­те­рін қа­рау кезінде адвокаттар жиі бетпе-бет келетін өзекті мәселелерге тоқ­­тал­ды. Атап айтқанда, ол сот істерін қа­рау ке­зін­де адвокаттардың шынайы тәуел­сіздігін қамтамасыз ету, олар­дың мем­лекет кепілдік берген заң көмегі шең­бе­рінде көрсетілетін істер бойынша қыл­мыс­тық процесті жүргі­зе­тін ор­ган­дарға тәуелділігін жою, сон­дай-ақ мем­лекет кепілдік берген заң көме­гі шең­бе­рін­де таныс адвокаттарды та­ғайын­дау тәжі­рибесін тоқтатуға қатысты нақты ұсы­ныстарын ортаға салды.