Иә, «Күршімнің тасын түртсең, проблема» деп әзілдейді аудан тұрғындары. Әзіл болғанымен, шындық, ащы да болса... Оған өзіміз де куә болдық. Түнеугүні сонау шекара шебінде жатқан Марқакөлден бері бірнеше ауылдарды араладық. Ойдым-ойдым жол, сапасыз құрылыс, ақсаған ауылшаруашылығы, тағысын тағы.
Өскеменнен шыққан біз Өмеш асуын басып өтіп, «Қызыл ту» өткеліндегі паромға тұмсығымызды тіредік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынып жатқан көпір құрылысы аяқталған соң мынау паромдардың қажеті де болмай қалады-ау.
Паромда жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары Ертістің кептірілген балығын сатады. Тіршілік қамы.
Пароммен арғы жағаға қалқып өту – 1000-1500 теңгеден басталады. Көлігіңнің көлеміне қарай.
Паромнан шыққан күйі Марқакөлге бір-ақ тарттық. Марқакөл ауылы бұрынғы аудан орталығы. Өңір тұрғындары жылдан-жылға азайып, шекара шебі бос қалып жатыр.
Анау құмды беткейдің етегі қытайдың қаласы. Қытай жақта күніне бір шам жанса, біздің жақта бір шам сөніп отыр. Ауылдықтар алаңдаулы.
«Осы ауылдың тумасымын. Әйелдер кеңесінде жұмыс істегендіктен, солардың мәселесі алаңдатады. Мәселен, өзімізде перзентхана бар. Жаңадан заманауи құрылғылар да әкелінді. Бірақ, акушер мамандар тапшы. Хирург та жоқ. Хирург келмеді емес, келді. Бірақ мұнда аткөпір болып жатқан операция көп емес. Сондықтан да, қарайып қаламыз, оқыған білімімізді ұмытып қаламыз деп кетіп қалады. Осы мәселе шешілсе екен», дейді әйелдер кеңесінің төрайымы Қарлығаш Мұқанова.
Сонымен қатар біз тілдескен тұрғындардың барлығы дерлік Марқакөл жеке аудан болып құрылмайынша, көсегесі көгермейді деген пікірде.
Әйелдер кеңесінің төрайымы Қарлығаш Мұқанова көтерген мәселені алға тартып, Марқакөл ауылының ауруханасына кіргенбіз. Босанамын деген әйелдер үшін заманауи құрылғылар сақадай сай екен. Бірақ, маман тапшы. Оны бас дәрігер Гүлнара Зиябекқызы да растап отыр. Су жаңа аппараттар шаң басып, қашанға дейін тұратыны белгісіз.
Жолай Былғары табыты ауылына бұрылдық. Санаулы-ақ үй қалыпты. Маңайы күл-қоқыс.
Әйтеуір, ауылдың бас жағына құдық қойылыпты. Тұрғындар ауыз суды содан алып отыр.
Боран ауылының тұрғындары ауыз судан таршылық көріп отырған көрінеді.
«660 млн теңгеге су тартты, біз қуандық. Құдық 13 метрге дейін ғана қазылды. Өздері 55 метр деп қағазға жазып алыпты. Сонымен бетін жапты. Құбырлар сапасыз. Су жоқ. Әкім 55 метрге дейін қазғызып беремін деген. Ендігі бір мәселе – Қарақия каналы 50 мың гектар жерді суландырар еді. Сол «Шығыс су шаруашылығының» иелігінде екен. Бірақ, шабындық төрт жылдан бері құрғап жатыр. Әйтпесе, Боранның шабындығы кең», дейді ауыл тұрғыны Баймұрат Бердікейұлы.
Ал Күршім аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы Мақсат Әкірамов ауыз суды әр үй иесі ауласына өздері кіргізіп алуы керек дейді. Сонымен қатар 13 метрден шыққан су тұрғындардың денсаулығына еш зияны жоқ екенін айтты. Ол үшін СЭС мамандарының қорытындысы бар екен.
Ауылдың ертеңгі болашағы осы балалар. Ауылдың әлеуметтік жағдайы жақсармаса, жастар ауылда қала ма?
Күре жолдың бойындағы Сарөлең ауылдық округі тұрғындарының проблемасы – жауғашты каналына судың шықпауы.
«Ертеде каналдың бетімен бет болып су ағар еді. Бүгінде құрғап жатыр» деседі жұрт. Судың жоқтығынан бес-алты ауылдың бау-бақшасы, егістігі құрғап қалған екен. Егістік демекші, шаруалар кейінгі жылдары егін егуді қойған көрінеді.
Ауыл тұрғыны, зейнеттегі гидротехник Әділхан Тұрсынханов каналға су көтерудің сызбасын сызып қойған. Енді құзырлы органдар қимылдаса, су мәселесі шешілетін секілді.
Алғабас ауылы. Атауы Алғабас болғанымен, шаруасы алға баспай тұр.
Ауыл ішіндегі бірқатар көшелер түнде тас қараңғы екенін айтады тұрғындар. Ауыз су мәселесі және бар.
Алғабас маңында жайылым жоқ, егістік жердің соры шыққан. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, аусыл де маза бермей тұрған көрінеді.
Айта кетерлігі, Күршім мен Алғабас ауылы арасындағы асфальт жолдың 3 шақырымында шайтан аяғын сындырады. Төселген асфальт бір жыл болмай, езіліп жатыр. Күршім – Марқакөл екі ортадағы жол да ойдым-ойдым.
Әлеуметтік осал топтарға және көп балалы аналарға арналған екі пәтерлі он үй салынған. Алайда, сапасы сын көтермейді. Маңайы абаттандырылмаған.
Күршімдіктер үшін қуанышты жаңалық – көпір құрылысы еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Ертіске көпір салынып жатыр.