Биылғы сәуір айынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаны алудың шекті межесі өсті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен БЖЗҚ-ның мәліметтерінде ең төменгі жеткілікті шек мөлшері әрбір жасқа жеке есептелетіні, болашақта зейнетақы төлемі мен зейнетақы жарнасының өсетіні (индекстелуі) айтылған.
Былтыр желтоқсанда БЖЗҚ шекті меже өсетінін жариялаған кезде халық бұл жаңалыққа аса қуана қоймады. Осыған дейін 20 жастағы азамат үшін жеткілікті шек мөлшері 1 710 000 теңге болса, 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап бұл 3 140 000 теңгені құрады. Ал 40 жас-тағы салымшы үшін бұрын 3 млн 420 мың теңге болса, қазір 5 млн 790 мың теңге қалуға тиіс.
БЖЗҚ мен Ұлттық банк мұның себебін ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге, шамамен 41 пайызға өскенімен түсіндіреді. Егер осы өлшеммен қарайтын болсақ, төменгі шектің өсу динамикасы шамамен 30 пайызға көп. Үкімет инфляция ырықтан шығып кеткен уақытта бұл талап әлі талай рет өзгеретінін ашып айтты. Бұл ретте «Республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштер де қаперге алынатын көрінеді. БЖЗҚ сегментіндегі бұл өзгерістер салымына қолы жете алмай қалған салымшыларға «отқа май құйғандай» әсер етті.
Биылғы 1 қаңтар мен 1 сәуір арасында салымына қол жеткізгісі келген салымшылар көп болды. БЖЗҚ мен Ұлттық банк таратқан ақпараттарда шекті межесінен асып кеткен 200 теңгесіне де тапсырыс берген азаматтар жайлы деректер айтылды.
Белгілі экономист Олжас Құдайбергеновтің айтуына қарағанда, 2021 жылға арналған шекті межені есептеген жұмыс тобы мұндай жағдай болатынын ескерген болса, БЖЗҚ мен салымшы арасындағы процесс қалыпты жағдайда өтер еді. Себебі 2021 жылға арналған шекті меже есептелген кезде мұндай тәжірибе бұрын-соңды болмаған, қажетті нұсқаулықтың бәрі талқылаулар, зерттеулер барысында қалыптасқан. Жалақының жоғары немесе төменгі деңгейіне де назар аударылмай, салымның жалпы мөлшеріне ғана ден қойылды. Соған сәйкес жеткілікті шек деңгейі қордағы салымшылардың салымына қарай төмендетілді. Соның нәтижесінде, бағдарламаға қатысатын адамдардың санын 1 пайыздан 7 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік туған.
«2021 жылы дайындалған жаңа әдістеме барынша күрделі болды. Себебі бұл жобада ең төменгі жалақының барлық өлшемі ескерілді. Тіпті жаңа әдістеменің дайындалып жатқанынан хабардар болғандар аз болды. Тіпті мен де ол жайлы кейін білдім. Осы нұсқада жеткілікті шек ең төменгі жалақы мөлшеріне қарап анықталатыны айтылды. 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін өсті. Демек, салымшы үшін шекті меже ең төменгі жалақының көлеміне қарай өсе береді», дейді О.Құдайбергенов.
Сарапшы айтып өткендей, БЖЗҚ секторындағы жаңалыққа халықтың түсінбей қарауына себеп болған фактор салымшының жасына байланысты белгіленген шекті меженің аспандап кеткені. Түсінбестік те осы жерден басталады.
«Мұны БЖЗҚ тарапынан әдейі ұйымдастырды деген пікірге келіспеймін. Жобаны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысымен Үкімет бекітті. «Сырт көзге бәрі заң шеңберінде дайындалды. Үкімет ең төменгі жалақы 60 мың теңге болады» деген қағиданы басшылыққа алды. Енді алдағы жұмыс осы бағыт бойынша жалғасады», дейді О.Құдайбергенов.
Шекті пайыз 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгереді деген жаңалыққа халық дайын болмай шықты. Әртүрлі пікір айтылды. Халықтың басым бөлігі зейнетақы шотындағы жеткілікті шектен асқан ақшасын пайдаланып үлгермеген. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, оны көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.
Енді кесімді уақыт 1 сәуірден бері не өзгерді? Соны талдап көрейік.
Экономист Арман Байғанов жеткіліктілік шегінің көтерілуіне бірнеше фактор әсер еткенін айтады. Мемлекеттік қарыз өсіп жатыр, экономика тұрақсыз. Ал мемлекет қордағы қаражатты ұлттық компанияларға, бағалы қағаздар нарығына және өз жобаларына инвестициялауға мүдделі.
Статистикалық деректерде 2021 жылғы орташа жалақы 250 мың теңге екені айтылған. Сарапшы айтып өткендей, енді 250 мың емес, 450 мың теңге жалақы алатындар ғана шекті межені бағындыратын көрінеді. Қоғам мен Үкіметтің арасына сына қағып үлгерген тұс та осы. Сарапшының пікіріне сүйенсек, біз бұл қадамға төтеден емес, халықтың қалтасына бейімдеп барғанда көпшілік те мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдар еді.
Шекті меженің жаңартылған нұсқасында экономикалық негіздеме жоқ деген пікірді сарапшы Мақсат Халық та құп көреді. Себебі қордан алынуға тиіс қаржы алынды. Келер жылы оның мөлшері аз болады. Жаңа нұсқада ең төменгі жалақы мөлшері ескерілді деген тұжырым да бұл қателіктің орнын толтыра алмайды. Себебі БЖЗҚ-дағы салым – мемлекеттің емес, ол ақшаны тірнектеп жиған азаматтың меншігі. Оны қандай мақсатқа жұмсауды салымшының өзі шешуге тиіс еді. «Қазақстанда ең төменгі жалақы соңғы үш жылда бір рет қана – 41 пайызға өсті. Үкімет жаңа редакцияны заңдастырар кезде осы көрсеткішті нысанаға алған. Ал жаңартылған шекті меже 2021 жылмен салыстырғанда өсіп кетті. Естеріңізде болса, ең төменгі жалақы бізде соңғы үш жылда өзгерген жоқ. Тек 2021 жылдың соңында ғана артты. Демек, шекті межені ең төменгі жалақыға байлап қойғанның өзінде ол 71 пайыз емес, 30 пайыз шамасында ғана өсуі керек еді», дейді М.Халық.
Сарапшы БЖЗҚ-ның шекті межесін дайындаған жұмыс тобы аса күрделі жағдайда жұмыс істегенін еске түсірді. Жаңа нұсқаны алдын ала жариялап жіберген азаматтар жұмыстан кетті. Бірақ олардың әдістемелері өзгеріссіз қалды.
«Қоғамның көкейінде әлі де күмән басым. «Жаңартылған шекті меже қайта қарастырылып, төмендетілуі керек. Үкімет әлеуметтік төлемдер, ең төменгі зейнетақы мөлшерін қайта қараймыз деп шешті. Мұның бәрі инфляция деңгейіне қарай бағдарланатыны анық. Шекті межеде де осындай бетбұрыс болуы керек. Халық 1 қаңтар мен 1 сәуір арасында бір өзгеріс болып қалар деп күтті. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Бәрі «жабулы қазан» күйінде қалды», дейді М.Халық.
Сарапшы айтып өткендей, шекті межені бірден үлкен пайызбен көтермегенде салымшылар ақшасын алуға асықпайтын еді. 2021 жылғы өзгерістерде салымшыларда салымын барынша көбірек жинаймын деген ықылас болды. Жастар салым деңгейін арттыруға тырысты. Бұл үрдісті ұстап қалсақ, қосарланған есеп-қисаптың да деңгейі төмендер еді. Енді салымшылар табысты көбірек тауып, салымын да молынан жинауға емес, қосарланған есеп-қисапқа мүдделі болатыны сөзсіз. Себебі жаңа шек салымшының қалтасын ескермеген. Экономика нарықтың ғана емес, адамдардың құқын қорғауға да бағытталуы керек. Бұл өркениетті экономикаға жол ашады. «БЖЗҚ мен Ұлттық банк бұл шешімді экономиканың, нарықтың заңдылықтарын сақтай отырып қабылдауы керек еді. 2021 жылдан бері салымшылардың көп дегенде 10 пайызы ғана қаржысын шешіп алды. Ал 90 пайызы мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алған жоқ. Біз бұл тұста тағы да 10 пайыздың мүддесін қорғап, 90 пайызды солардың игілігі үшін құрбандыққа шалып жібердік. Бұл жалғаса берсе, зейнетақы жүйесінің да дамуын тежейміз. Салымшылардың ықыласын жоғалтып алмау үшін жаңа шекті революциялық емес, эволюциялық жолмен өсіруіміз керек. Жеткілікті шекті өсіруге қарсы емеспін, бірақ бірден салымшылардың үмітін күйрете өсіруге қарсымын», деп түйіндеді М.Халық.
Ал тәуелсіз сарапшы Айбар Олжаев БЖЗҚ реформасының әу бастағы идеологиясы азаматтардың зейнет жасында жұмсайтын қаржысын алдын ала жиып алуға бағытталғанын айтып берді. Бірақ соңғы он шақты жылда мемлекеттік деңгейде қабылданған кейбір шешімдер әу бастағы идеядан алыстатып жіберген. Шекті меженің белгіленуі салымшының құқын қорғайтын және экономиканы да өкпелетпейтін жаңа бағытқа түсіруі тиіс. Бірақ реформаның мән-мағынасы тиісті деңгейде түсіндірілмегендіктен салымшылардың басым көпшілігі бұл жаңалықты «БЖЗҚ амнистиясы» ретінде қабылдап, жиған-тергенін алып қалуға тырысты. Артылған қаржысын пайдаланушыларға да мүмкіндік берілді. Нәтижесінде, 3,4 трлн теңге қордан кетіп қалды. Оның 97 пайызы баспана мәселесіне, қалғандары өзге мақсатқа жұмсалды.
«Енді шектілік өзгерген соң дәл осындай леп болады деп ойламаймын. Бұл фактор салымшылардың салымына деген көзқарасын ұстамды бағытқа өзгертуі қажет. Енді БЖЗҚ салымы аса қажет мақсаттарға жұмсалады. Бұл БЖЗҚ-ның тұрғын үй нарығына ықпалын әлсіретуі керек. Осы бағыт БЖЗҚ-ны әу бастағы негізгі идеологиясына қайтарады, оны әрі қарай жетілдіреді», деп атап өтті А.Олжаев.
Сарапшының айтуына қарағанда, біз БЖЗҚ реформасын дер кезінде қолға алдық. Шекті межені төмендетіп, салымшылардың артылған қаржысын таратып беруден оңай ештеңе жоқ. Бірақ бұл бағытты «сабасына түсірмесек», ертең әлеуметтің әлеуетін төмендетіп алатын едік. Себебі бюджеттің 70 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Қажеттілікті бюджет немесе Ұлттық қор арқылы шешуді дағдыға айналдыру – нарық заңына қайшы құбылыс.
«Биыл осы мәселеге қатысты бюджет тапшылығы 4 трлн теңгеден асты. Бұл бағыт жалғаса берсе, Ұлттық қордың трансферті көбейеді, сыртқы қарыз өседі. Егер салымшылар зейнет жасында алуға тиіс қаржысының тым болмаса ширек бөлігін өзі жиса, бюджетке салмақ түспейді. Шектілік меженің өсуі салымшылардың таңдауын әртараптандырып, баспана нарығын тыныштандырады. Дәл қазіргі жағдайда бұл өте маңызды. Ендігі жерде салымшылар мен БЖЗҚ арасындағы байланыс жүйелі жолға түсуі керек. Себебі салымын алуға мүмкіндігі барлар 2020-2021 жылдары қаржысын алып үлгерді. Негізгі лек кетті. Осыған дейін БЖЗҚ салымын 700 мың адам алса, алдағы уақытта бұл көрсеткіш 120 мыңға дейін түсуі мүмкін. Алдағы уақытта БЖЗҚ-ның тұрақтану, тыныштану кезеңін ғана көреміз», дейді А.Олжаев.
АЛМАТЫ