• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Пікір 19 Сәуір, 2022

Партиялардың дамуына серпін береді

285 рет
көрсетілді

«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін халқымыз ең басты құндылық – Тәуелсіздік пен саяси дербестік, ұлттық біртұтастық пен бейбіт тұрмыс екенін жете ұғынып, оның қадір-қасиеті мен тарихи мән-маңызын терең түйсінді.

Қанды қақтығысқа ұласқан жаппай ереуіл ең алдымен ел бірлігіне сына қақты. Тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтірді. Салдарынан күштік құрылымдарды қайта қалыптастыру, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған теріс пиғылды топтар­ды дереу жазаға тарту, азаматтық қоғам мен құзырлы органдардың ынтымақтастығын орнату шаралары мезгіл мәселесіне айналды. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауында жан-жақты баяндап, кеңінен түсіндірді.

Президент жаңа сипаттағы саяси өзгеріс­тердің қарқынын үдетіп, еліміздегі орныққан саяси жүйені кешенді жаңғырту арқылы қо­ғамдағы жауапкершілік пен сенімнің ар­туы­­на жол ашатынын, халыққа көз­бен көріп, қолмен ұстауға болатын нақты нә­ти­же мен оң өзгеріс ұсынатынын мәлім­деді. Бұған қоса сая­­си даму моделімізді жаңа жаһан­дық ахуалға бейімдеу үшін супер­пре­зи­денттік басқаруды тарих еншісіне қалдырып, жаңа кезеңде күшті Парламентке сүйенетін пре­зи­денттік басқару жүйесіне өтетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев саясаттағы монополия дағдарыс пен әлеуметтік кеселге душар ететінін айтып, барлық өкілеттіктің бір қолға шоғырлануы көпполюсті партиялық жүйенің қалыптасуына мүмкіндік бермейтінін жеткізді. Мемлекет басшысы алдағы уақытта мұндай келеңсіздік жойылатынын, әр билік тармағы өзінің құзыретіне сай қызмет ете­тінін жариялады.

Президенттің мемлекеттік басқару жүйе­­сін қағазбастылықтан арылтуға бағыт­тал­ған арнайы Жарлығы жедел саяси ше­шім қа­былдауға, тиімді әрі нәтижелі мем­ле­кет­тік басқару жүйесіне көшуге жол ашпақ. Ал Орталық сайлау комиссиясы мен Есеп ко­м­итетінің, Конституциялық Кеңес төраға­ларының, облыс әкімдері мен олардың орын­ба­сарларының ешбір партияның қызметіне араласпауы, партияларды тіркеу талабы­ның жеңілдетілуі сынды бастамалары саяси бәсекелестіктің көрігін қыздыратыны сөзсіз.

Президенттің бастамасымен Парламент Мәжілісінің үштен бір бөлігінің мажори­тарлық сайлау жүйесі бойынша сайлануы азаматтардың сайлау кезіндегі белсенділігін арттырып, сайланбалы органдарға өзін өзі ұсынуға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, Ұлттық құрылтай қоғамдық диалогтың инс­титуционалды моделін қалыптастырып, халық пен билік арасында алтын көпірге айналады.

Президенттің биылғы Жолдауын халқы­мыз үлкен үмітпен күтті, жаңа Жолдауда халықтың мұң-мұқтажы естіліп, талап-тілегі ескерілді. Ендігі мақсат – бүкіл ел болып жұмылып, Жолдауда көтерілген игі бастамаларды іске асыру.

Қазақстан халық партиясы Маңғыстау облыстық филиалы ел Президентінің Жолдауын кеңінен насихаттау мақсатын­да халықпен кездесу ұйымдастырып, өңір­дің әлеуметтік-экономикалық саласын­дағы өзекті мәселелерді сұхбат алаңдарын­да жиі талқылайды. Соның ішінде өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін дамыту, шаруа қожалықтарының ахуалына мониторинг жасау, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сайлау жүйесіндегі жаңғырту үдерістеріне жастардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету секілді өзекті тақырыптарды күн тәрті­бі­не қояды. Жұмыспен қамту, мемлекет­тік қызметкерлердің біліктілігін арттыру, ғылымды дамыту, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын одан әрі жүзеге асыру, сот-құқықтық реформаны жетілдіру және мемлекеттік тілді дамыту мә­селелеріне де ерекше басымдық береді.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барлығымыз кіріссек, Президент жүктеген тапсырмалардың орындалатыны сөзсіз.

 

Роза МАХАМБЕТОВА,

Қазақстан халық партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы