Қаржылық пирамида құрып, алаяқтықпен ақша табудың түрлі тәсілдерін меңгергендер бөтеннің мүлкін заңсыз иемденіп, өзіне сенгендерді сан соқтырып кетіп жатады. Күн сайын қатары артып келе жатқан осындай алаяқтар үшін әлеуметтік желі өздерінің жымысқы әрекеттерін жүзеге асыруға қолайлы болып тұр.
Ал алаяққа алданғандардың арызын тыңдап, қылмыстың алдын алу әрине, құқық қорғаушылардың міндеті. Жұрттың жиған-тергенін жасырын отырып сыпырып алып, сайда саны, құмда ізін қалдырмайтын мұндайларды анықтап, жауапқа тартуда тергеу орындарының орны ерекше.
Қызылорда қалалық полиция басқармасында 2018 жылдан бері жұмыс істейтін тергеуші, аға лейтенант Нұрбол Нұрмағанбет алаяқтардың алдын кесіп, күрмеуі қиын қылмыстық істерді тергеумен айналысады.
Оның айтуынша соңғы кездері алаяқтық әрекетке баратындар күрт көбейген. Өзгенің мүлкін заңсыз иемденетіндерге жаза қатаңдағанымен өзіне сенгендерге уәдені үйіп-төгіп, ақшасын алып, бой тасалайтындар қатары азаймай тұр.
Тергеуші осыған дейін «Айлуна Голд», «Ай-Шуақ» атты қаржы пирамидаларын анықтап, қылмыстық құқық бұзушылықтың жолын кесіпті. Біліктілігі арқасында күдіктінің кінәсін дәлелдеп, істі сотқа жолдады. 2021 жылы WhatsApp әлеуметтік мессенджерінде BEFREE атымен белгілі болған қаржы ұйымын ашқан топтың қылмысын әшкереледі. Тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде «Вклад чат Ерғазы», Wall street секілді топты ұйымдастырған күдіктілердің қылмыстық іс-әрекеттерін ашты.
«Біздің басты міндетіміз – қылмыстық істерді тергей отырып, жәбірленушінің мұң-мұқтажына көңіл бөлу, қоғамда құқық бұзушылықты болдырмау. Осы орайда біз азаматтардан түскен арыз-шағымдар бойынша қолға алынған қылмыстарды ашып, анықтап, оларды сотқа жібереміз. Сот қылмыскерге әділ шешім шығарып, жәбірленушілердің құқығын қорғайды», дейді тергеуші.
Қызылорда