Сарыағаштық полицейлер үйіне есірткі жасырған тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғынның бірі үйінде заңсыз есірткі сақтайтыны туралы ақпарат түскен. Аталған жайт ҚР Қылмыстық Кодексінің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) қылмыстық құқық бұзушылық бойынша тіркелді.
Сарыағаштық полицейлер хабар алысымен көрсетілген мекенжайға шұғыл жетіп, тұрғын үйге тінту жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, күдіктінің үйінен пакетке салынған есірткіге ұқсас зат тәркіленіп, тиісті сараптамаға жіберілді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткі кептірілген марихуана болып шықты. Сондай-ақ полиция қызметкерлері күдікті ер азаматтың бұрын дәл осындай қылмыспен сотты болғанын растады. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Аяна Тоғанбек