• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Сәуір, 2022

Жер игеру үшін темірден түйін де түйе білу керек

370 рет
көрсетілді

Өңірдегі ірі ша­руа­шылықтардың дені алдағы дән сіңіру нау­қанына дайындық жұ­мыстарын толық аяқ­тап, енді алқаптың дегдуін ғана күтіп отыр. Алайда 500-1000 гектардай жері бар кішігірім шаруа қожалықтарының жағ­дайы қиын.

Қосалқы бөлшек қымбаттап кетті

Былтырғы құрғақшылықтың салдарынан қамбасы босап қалған шағын шаруашы­лық­тардың көбі себерге тұқым таппай отыр. Оның үстіне тозығы жеткен ескі техникасына қажет қосалқы бөлшектің бірнеше есе қымбаттап кетуі де жығылғанға жұдырықтың кебін келтіріп тұр.

Мысалы, Науырзым ауданын­да 2019 жылы қатты құрғақ­шылық болып, күзде оратын дән болмаған соң көпте­ген шаруа қожалығы алқап­қа техника шығарған жоқ. Бұл жылы осы өңірдегі ең озық деген шаруашылықтардың өзі еккен егінінің 20 пайызын ғана жинап алды. 2020 жы­лы егін жақсы шыққанымен, 2021 жылы құрғақшылық тағы қай­таланып, алқаптың алды гек­тарына 3,5 центнерден ғана өнім берді. Шаруашылық бас­шы­ларының біразы енді биылғы қымбатшылықтың кесірінен топыраққа мүлде дән сіңіре алмай қаламыз ба деп алаңдайды.

Диқандардың көбі комбайн-тракторына қажет темір-терсектің бәрін Қостанайдағы Карбышев көшесінің бо­­йында қатар-қатар тізілген дүкендерден сатып алады. Көбіне, көктемде қарызға алып кетіп, күзде келіп есеп айырысатын. Биыл бұлай болмайтын сыңайлы. Осы дүкендердің біріне кіріп көріп едік, дүкенші сырт елдерден тауар келмей жатқанын айтты.

– «НШ 100» гидравликалық сорғысы қазір 300 мың теңге тұрады. Жалпы, гидрав­ликаның бәрі 300 пайызға қым­баттап кетті. Соқа тісі екі есе, қалған­да­ры 50 пайыздан 100 пайызға дейін қымбаттады. Қазір сататын ештеңе жоқ. Аздаған қосалқы бөлшек түрлері бар, бірақ бізге оларды тек қолма-қол ақшаға ғана береді. Бұрынғыдай сатқан соң есептесу тоқтады. Келгендер бағасын сұрап, бұрылып шығып кетіп жатыр. Қазір бұрыннан келе жатқан тұрақты тұтынушыларымыздың көбінің ақшасы жоқ. Былтырғы қарыздарын қайтара алмай жүргендер көп. Жағдайды түсіне көр деп жалынады, біздің қолымыздан не келеді, өзіміз кіріптар болып қалдық. Баға асқақтап кетті, ертеңгі саудамыз қалай боларын білмейміз. Қытай да жа­бық. Жарты жыл бұрын тапсырыс берген тауарды әлі ала алмай отырмыз. Ресей де тауардың көбін өткізбей жатыр. Тауар бермейді. Бізге қарыз та­уар бермейді, сондықтан біз де ешкімге қарыз бермейміз, – деді сатушы.

Ал диқандардың көбі бәрі жағалай қымбаттап жатқанда, бидай мен ұн өнімдерінің де бағасын өсіру керектігін айтады. Мұның қисынын Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқановтан сұрап көрдік.

– Ең ауыр тиетіні, жанармай, ты­ң­­­айт­­­қыш, металл, техникаға қа­жет­ті қо­­сал­қы бөлшектер мен құры­лыс ма­териал­­дарының шектен тыс қым­бат­тап кетуі. Мұның зардабы жалғыз шағын шаруашылықтарға ғана емес бізге де ауыр тиеді. Сондықтан біз шығаратын ет, сүт, нан өнімдері арзан болмауы керек. Нарықтың қатал заңы осыны талап етеді. Өйткені еңбек өтелуі керек қой. Нан қымбат болуы керек. Қазір нанның қадірі қашты. Бұрынғы ата-әжелеріміз нанды баспа, тұзды шашпа деп айтып отырушы еді. Қазіргілер аяғының астында жатқан нанды таптап өте шығады. Нанның қадіріне нан қымбат болғанда ғана жетеміз. Демек дәнді-бұршақты, майлы дақылдар да қымбат болуы керек. Диқандар сонда ғана мемлекетке алақан жаюды доғарып, қымбат жа­нармай, қымбат техника, қымбат тыңайт­қыштарды өз қаржысына сатып ала бас­тайды. Ал тұрмысы төмен тұрғындарға арнайы әлеуметтік карталар тағайындап, олардың арзан азық-түлік сатып алуына жағдай жасалуы керек. Мысалы, АҚШ әлеуметтік карта арқылы 20 млн халықты арзан азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Бізге неге бұлай істеуге болмайды? – дейді тәжірибелі диқан.

Шағын шаруашылықтар қосалқы бөлшекке бір жазда 10-15 млн теңге жұмсаса, 2-3 мың гектар жерге бидай себетін орта шаруашылықтар 30-40 млн теңгеге дейін қаржы шығындайды екен. Яғни Ресей, Қытай, Беларусь, Украина елдеріндегі машина бөлшектерін шыға­ра­тын кәсіпорындар қазақстандық ди­қан­­­дардың арқасында жыл сайын мил­лиард­тап табыс тауып отыр.

Былтыр Қостанай облысы диқан­да­рының 60-65 пайызы өте аз өнім алды. Ресей сол кезден бастап металл мен қосалқы бөлшектердің бағасын апта са­­йын негізсіз өсіре бастады. Керек дүниесі дәл науқан қызар тұста қымбаттап кеткен диқандар жер игеру үшін алдымен темір игеріп үйрену керектігіне көз жеткізгендей. Көз ашқалы жер тырмап, дән егіп дағдыланған диқандар бастарына қанша қиыншылық түсіп жатса да жерден айырылғысы келмейді. Керісінше, тығырықтан шығарар жол тауып, шетелдің темір-терсегіне қаржы шашқанша, бұрынғы машина-трактор шеберханаларын қайта тірілтіп, ұсақ-түйек, қарапайым қосалқы бөлшектерді өзіміз жасап үйренуіміз керек дейді.

Машина-трактор шеберханалары қайта жаңғыра ма?

Бұрын әр ауылда машина-трактор шеберханалары болушы еді. Егін шаруа­шы­лығымен айналысатын мың­даған ауыл соқаның тісі сияқты қарапайым дү­ниелерді өздері жасап шығаратын. Қа­лың металды автогенмен кесіп-пі­­шіп кә­дімгі өткір тіс дайындайтын. Қа­зір мұның бәрі сырттан келеді. Қа­ра­­пайым керек-жарақтың бәрін жер­гілікті жерде жасауға болатынын кәнігі ди­қандар да айтып отыр. Ди­қан­дардың ­айт­уына қарағанда, ол үшін аума­ғын ат шаптырымдай етіп үлкен зауыт салудың да қажеті жоқ. Аудан орталықтарында, ірі ауылдарда төңірек­тегі шаруашылықтарға қызмет көрсететін шағын цехтар мен шеберханалар ашып, жергілікті шаруашылықтар үшін жап­пай қарапайым қосалқы бөл­шек­тер мен тырма, жер өңдейтін, жыр­­­татын, қопсытатын, тіпті бидай ұшы­рып, тазалайтын ауылшаруашылық құ­­­­рал­дары мен оған қажет қосалқы бұ­йым­дарды жасап шығаруға шындап бет бұ­ру керек.

Мәселен, Қытай «бір үй – бір зауыт» қағидатымен жұмыс істейтін шағын кәсіпорындарды қаптатып, жаппай өнім шығара бастаған соң тез көтерілді. Өз­де­рі үйдің үстіңгі қабатында тұрады, астында минизауыт жұмыс істеп жатады. Олар шаруашылық өрлеуді кәсіпкерлікті тіркеу мен лицензия алуды жеңілдетуден бастады. Мамандардың сөзіне сүйенсек, еліміздегі ауылшаруашылық техникаларына керек темір-терсек сатып алу үшін жыл сайын миллиардтаған қаржы сыртқа кетеді. Ал егер қарапайым ұсақ бөлшектерді жасап үйренсек, қыруар ақша жергілікті жерде қалады. Тіпті, өңірлерде шағын зауыттар мен цехтар көбейсе, олар дами келе түскен табысын өз өзін инвестициялауға жұмсай бастауы да бек мүмкін. Бізде темірді қамырдай илейтін қолы алтын шеберлер көп, солардың әлеуетін тиімді пайдалана білу керек. Ол үшін шағын өндіріспен айналысқысы келетіндерге жағдай жасау парыз. Тіпті, қосалқы бөлшектер мен ауыл шаруашылығында пайдаланылатын құрал-саймандарды шығаруды қолдауға арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама іске қосылып, мамандар осы саланы дамытудың жолдарын іздестіріп, жонғыш станоктар сатып алуды, олар аяқтан тұрып кеткенше өнімдерін субсидиялау мәселелерін қарастыруды қолға алса, нұр үстіне нұр. Осылайша, жергілікті шаруашылықтар сыртқы тәуел­діліктен арыла бастайды. Бұл агро­биз­неске де, мемлекетке де пайдалы болары сөзсіз.

– Ауылшаруашылық техникаларына қажет қосалқы бөлшектерді жасау үшін алдымен станокшы, фрезерші, «ақылды» станоктарға арналған цифрлы бағдарламаларды енгізе алатын мамандарды даярлау керек. Бізге ең бастысы, техникалық кадрлар, төменгі және орта буындағы кадрлар жетіспейді. Жоғарғы буынды кадрлар жеткілікті, бірақ олар алдыңғы екеуінсіз нәтижелі жұмыс жүргізе алмайды. Ал төменгі буынды техникалық кадрларды кәсіби білім беретін колледждер даярлауы керек. Жасыратыны жоқ, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қазақтарды мүмкіндігінше техникалық мамандықтардан, техни­калық мүмкіндіктерден аулақ ұстау саясаты жүрді. Тіпті, осыдан бірне­ше ғасыр бұрын Ресей патшалары бұра­тана ха­лық­тарға ұста мамандығын алуға тыйым салу туралы жарлықтар шығарып отырған. Тағы бір мысал, Екінші дүниежүзілік соғыс бастал­ған­да Батыстағы зауыттардың көбі Қазақ­стан­ға емес, Орал өңіріне, Челябі, Свердлов облыстарына орналастырылды. Осының бәрі алдын ала ойлас­ты­рылып жасалған дүниелер. Яғни көрші ешқашан күшті, қуатты болмау керек деген қағида болды. Мұның техникалық білімге, технологиялық мүм­кіндіктер мен жаңашылдықтарға тіке­лей қатысы бар. Өйткені теріскейдегі көрші мемлекет үшін Қазақстанда өндіріс болмағаны тиімді. Енді осы олқылықтың орнын толтыру керек. Бұл  – өте күрделі, өте маңызды мәселе. Біз бөлшек құрастырудан бөлшек шығаруға өтетін кезеңді өткізіп алмауымыз керек, – дейді Қостанай ауданындағы «Деметра» серіктестігінің басшысы Бауыржан Барсақбаев.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, техникасы ескі, шаруа­шы­лығы шағын диқандар қазіргі күр­де­лі кезеңде бағасы аспандап кеткен шетелдің темір тауарына телмірмей-ақ, жер­гілікті шағын өндіріс ошақтарын да­мы­туды қолға алған дұрыс дейді. Ол үшін ауыл-ауылда ескідегі МТМ, токарь, фрезер станоктары бар шеберханалар қайта ашылып, болт, гайка, шайба, соқаның жүзі, тырманың тісі сияқты ауыл шаруашылығына қажет ұсақ-түйек қарапайым бөлшек зат­тар­ды жасауға ұмтылуы керек. Ал тех­ника паркін шетелдік комбайн-трак­тормен жа­ңалап алған кейбір ірі шаруашы­лықтардың басшылары мұндай шеберха­на­лардың «Класс», «ДжонДир» сияқты озық техникаларға арналған қосалқы бөлшектерді шығара алмайтынын айтады.

Үлгі алатын шаруашылықтар бар

Қостанай өңіріндегі бірқатар ірі серік­­тес­тіктердің өздерінің жеке шебер­ха­­налары бар. Мұндай шаруа­шылық­тар­дың ілгері ісі өзгелерге үлгі болса игі. Мы­са­лы, Меңдіқара ауданындағы «Қар­қын» агрофирмасының шеберханасы қысы-жазы тоқтамай жұмыс істеп жатады. Шеберхананың токарь, фрезер станоктары, басқа да толып жатқан за­ма­­науи құрылғылары бар. Ұстахана, мотор жөндеу цехы, электр цехы жұмыс істеп тұр.

– Біз көбіне реставрациялық жұ­мыс­тар жүргіземіз. Реставрацияға келетін бөлшектердің бәрін жонып, түзеп, қайта қалпына келтіреміз. Сондай-ақ топы­рақ қопсытатын тырмалардың кеткен тіс­те­рін өзіміз жасап шығарамыз. Біздің тех­никалардың бәрі шетелдікі. Олардың қосалқы бөлшектері де өте қымбат. Сон­дық­тан қолымыздан келгенше, қара­па­йым бөлшектерді, бекіткіштер мен бай­ла­ныстырғыштарды өзіміз жасап аламыз, – деді серіктестіктің бас инженері Юрий Бубнин.

Ал Қостанай ауданындағы «Деметра» серіктестігінің шеберханасына кірген ескі «Кировец» тракторлары он шақты күннен кейін адам танымастай өзгеріп, су жаңа болып шығады. Мұндағы шеберлер тіпті «Т-4» тракторларының шынжырын шешіп тастап, доңғалақ орнатып алған.

– Қолдағы қаржыны бәріне жеткізе алмаймыз. Су жаңа «МТЗ 1221» сатып алу үшін кем дегенде 20 млн теңгеден астам ақша керек. Оны алатын жағ­да­йымыз жоқ. Таяу күндері топырақ ыл­­ғалын жабу жұмыстарын бастау керек. Бұл трак­торлар негізінен осы мақ­­сатқа пайда­ланылады. Сондықтан баяғы кеңес кезеңінен келе жатқан ескі шын­жыртабан «Т4» тракторларының шын­жырларын шешіп тастап, оның орнына доңғалақ салып алдық. Төрт жылдан бері осы тракторларды пайдаланып жатырмыз. Сыннан сүрінбей өтті, техникалық мүмкіндігі жағынан 20 млн теңгелік «МТЗ 1221» тракторларынан асып кетпесе, кем түспейді. Былтыр ескі «Т4»-дың нарықтағы бағасы 300-400 мың теңге болатын. Оның қосалқы бөл­шектері әрі арзан әрі тез табылады, бұзыла қалса, жөндеу де оңай. Өйткені шын­жыртабан трактор шаруаға қолайсыз болғандықтан, көбі оны тек металл қа­был­­дау орындарына өткізіп жатыр. Дәл қа­зіргі жағдайда бізге осы пайдалы. Бізде мұндай тракторлардың төртеуі бар. Тырма сүйреп, көктемде ылғалдың бетін жабуға, күзде егін орып алған соң, топы­рақ қопсытуға ыңғайлы, өзіміз «Гибрид» деп ат қойып алдық, – деді серіктестік бас­шысы.

Аталған серіктестік топырақ қоп­сы­татын соқаның үшкір қондыр­ғы­ларын да өзі жасайды. Шеберхана­сында плазма станогы жұмыс істеп тұр.

– Керек нәрсенің сұлба-сызбасын компьютер арқылы бағдарламаға енгі­зе­мін. Ол үшін қалың металл керек. Станок бәрін кесіп береді. Мысалы, мен топырақты 6 см тереңдікке дейін қоп­­сытатын соқаның екі жүзі мен өк­ше­­сін екі бөлек жасап, бір-біріне дә­не­керлей салдым, түк қиындығы жоқ, – деді жоқтан бар құрап, ескіден жаңа шығарып отырған диқан.

 

Қостанай облысы