Жыл басынан бері мүгедектер мен асыраушысынан айырылған жандарға жәрдемақы түрінде 104,6 млрд теңгеден астам қаражат төленді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда, биылғы наурыз айында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақыға 27,6 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты 7,7 млрд теңге жұмсалды.
«2022 жылғы 1 сәуірде әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 525 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 174,3 мың адамды құрады. Оларға төленетін жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауындағы адамдар санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты. Сәуірде мүгедектік жөніндегі әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 52 609 теңгені, асыраушыдан айырылу жағдайында 43 957 теңгені құрады», деп жазылған хабарламада.